Шикізаттан білім экономикасына: Конститутциялық таңдау

Алдағы референдумға ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасына қарасақ, мемлекеттің бағыты айқын, Қазақстан тарихи таңдау алдында тұр. Ендігі басты үміт жердің астындағы байлықта емес, адамда, оның білімі мен ақыл-ойында. Бұл реформа қабылданса, Қазақстан даму моделін түбегейлі өзгертеді. Сондықтан әңгіме жай ғана әдемі ұран туралы емес, мемлекеттің ең жоғары заңмен бекітілетін уәдесі әрі нақты міндеттемесі туралы.


   1773210838400158.jpeg

(Сурет: iaer.kz)

Неліктен бұл қадам еліміз үшін өміршең маңызға ие? Оның бірнеше нақты себебі бар.

Қазақстан жас мемлекет. Халқымыздың орташа жасы небәрі 32-де. Жыл сайын мектепті 300 мыңнан астам жас бітіреді. Бұл біздің басты байлығымыз әрі үлкен сынағымыз. Егер біз оларды білім мен ғылымға бағыттай алмасақ, демографиялық артықшылық демографиялық қысымға айналады.

Осы жастар мұнай ұңғымасында емес, заманауи зертханаларда, инженерлік орталықтарда, инновациялық кәсіпорындарда еңбек етуі тиіс. Демек, бүгінгі Конституциялық реформа құқықтық жаңарту ғана емес, жастардың тағдырын шешетін стратегиялық қадам.

Конституцияның преамбуласы жай кіріспе мәтін емес. Ол бүкіл құқықтық жүйенің бағытын айқындайтын мемлекеттің «генетикалық коды». Білім мен ғылымның дәл осы жерде көрініс табуы даму моделінің түбегейлі өзгергенін білдіреді. Қазақстанның болашағын біз енді жер қойнауымен емес, азаматтардың ақыл-ойымен және шығармашылық әлеуетімен байланыстырамыз.

Бұған қоса, бұл басымдық 3-баптың 2-тармағында қатаң әрі тікелей бекітілген. Адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылады. Бұл енді жалаң саяси формула емес, биліктің барлық тармақтары үшін міндетті жоғары құқықтық ұстаным.

Бірақ бұл жерде ескеретін тағы бір маңызды өлшем бар. Ғылым тек өндіріс емес, ол еркін ойлау институты. Жаңа Конституцияда адам құқықтары негізгі басымдық ретінде орнығады, ғылыми және техникалық шығармашылық бостандығына кепілдік беріледі, зияткерлік меншік қорғалады. Демек, бұл нормалар ғылымды экономикаға қызмет ететін құрал ретінде ғана емес, академиялық еркіндік пен зерттеушінің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін конституциялық институт деңгейіне көтереді.

Бұл іс жүзінде нені білдіреді? Шынайы статистикаға жүгінейік. 2022 жылы ғылымның үлесі ЖІӨ-нің небәрі 0,13 пайызын құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша біз 0,28 пайыз деңгейіне жеттік. Яғни қаржыландыруды екі еседен астам өсірдік. Бұл жақсы нәтиже.

Алайда әлемдік салыстыру одан да салмақты қорытындыға жетелейді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш орташа есеппен 2,7–3 пайыз шамасында, ал технологиялық алпауыттарда 4–5 пайызға дейін барады. Бұл дегеніміз, біз ғылыми инвестиция көлемі бойынша технологиялық державалардан 10 есеге дейін арттамыз.

Озық елдерде әр миллион тұрғынға 5 мыңнан астам зерттеушіден келеді. Ал біздегі көрсеткіш әлемдік көшбасшылардан 3–4 есе артта. Сондықтан ғылымды Конституциялық деңгейге көтермейінше, кадр тапшылығын да, сапалық алшақтықты да түбегейлі жоя алмаймыз. Жоғарыда айтылған құқықтық ұстаным ғылымды қаржыландыруды шенеуніктің қалауынан шығарып, мемлекеттің «темірдей міндетіне» айналдыруға тиіс.

Еліміздің әлемдегі жаңа орнын айқындау үшін ащы шындыққа тура қарауымыз керек. 2025 жылдың қорытынды деректеріне сүйенсек, жалпы импорттың 52 пайызы әлі де шетелдік машиналар мен жабдықтар. Қалған 48 пайызы химия, металл, тұтыну және азық-түлік тауарлары. Ал зияткерлік меншік пен технологиялық лицензияларға төлем небәрі 0,4 пайыз шамасында.

Бұл нені білдіреді? Біз технология импорттаймыз, бірақ технология экспорттамаймыз. Яғни біз әзірге технологияны жасауға емес, дайын өнімді тұтынуға бейімделген ел болып отырмыз.

Мұның мәні тек экономикада емес. Технологиялық тәуелсіздік ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Ғылыми-технологиялық дербестік болмаған жерде толық саяси егемендік те болмайды. Сондықтан инновацияның дәл 3-бапта бекітілуі кездейсоқ емес, бұл тәуелділікті азайтудың және ұлттық қауіпсіздікті күшейтудің конституциялық деңгейдегі таңдауы.

Жаңа Конституция экожүйе қалыптастырады. Орта білімнің тегін болуы, жоғары білімнің қолжетімді болуы әлеуметтік әділдіктің іргетасы. Ал білім беру жүйесінің зайырлы сипаты ғылымның идеологиялық қысымнан ада, таза ақыл-ойға сүйеніп дамуына кепілдік береді. Нағыз ғылым тек еркін санада ғана туады.

Зияткерлік меншікті қорғау арқылы біз университетті жай ғана диплом беретін кеңседен идеядан ақша жасайтын, технология өндіретін инновациялық орталыққа айналдырамыз. Бұл жерде тағы бір маңызды міндет айқындалады. Университеттер технология өндіруші орталыққа айналуы тиіс, ғылым бюджет алушы емес, экспорт жасаушы сала болуы керек, ал патент жай құжат емес, ұлттық актив. Мұның бәрі университеттерді экономикалық агентке айналдыру деген сөз.

Осы реформалардың түпкі нәтижесі қандай болмақ? Бұл тек заңдағы өзгеріс емес, ұлттық сананың сапалық өрлеуі. Біз ғылым мен білімді Конституциялық деңгейге көтеру арқылы әрбір азаматымызға жаңа мүмкіндіктер сыйлаймыз.

Нәтижесінде Қазақстан тек шикізат сататын ел емес, жоғары технологиялық жұмыс орындарын ұсынатын, таланттарды өзіне тартатын және әрбір азаматының интеллектуалдық еңбегін лайықты бағалайтын мемлекетке айналуы тиіс. Бұл балаларымыз бен немерелеріміздің өз елінде ең озық білім алып, ең беделді жұмысқа орналасуының кепілі.

Шикізат экономикасы байлық береді. Ақыл-ой экономикасы болашақ береді. Біздің мақсатымыз білімді адамның мәртебесі бәрінен биік болатын қоғам құру.

Сондықтан мынаны анық түсінейік: біз бұл реформаларды сырттан бақылаушы емеспіз, біз Ұлы Даланың жаңа зияткерлік келбетін жасаушымыз.

 

 Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы,

Қолданбалы этносаяси зерттеулер

 институты директорының орынбасары


 Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар