Қазақстанда отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

(Сурет: gov.kz сайтынан алынды)
Соңғы жылдары елімізде отбасылардың әл-ауқатын арттыру, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту және балалардың құқықтарын қорғау мақсатында бірқатар жүйелі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, жас ұрпақтың тәрбиесіне оң әсер етуді көздейді.
Сарапшы Ақнұр Тәуекелдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда отбасылық құндылықтарды қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық құжаттар қабылданған.
«Жалпы Қазақстанда отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша көптеген маңызды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі стратегиялар қабылданды. Олар отбасы институтын қорғауға бағытталған. Бұл құжаттардың басты мақсаты – отбасылардың әл-ауқатын арттыру, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту және балалардың құқықтарын қорғау. Сонымен қатар бұл бастамалардың бірқатары балалар құқығын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияларға негізделген»,– дейді ол.
Маманның пікірінше, әлеуметтік қолдау шаралары да отбасы тұрақтылығын нығайтуға айтарлықтай ықпал етеді. Бүгінде мемлекет тарапынан тұрғын үй бағдарламалары, білім беру және медициналық жеңілдіктер ұсынылып келеді. Мәселен, балалардың болашағына арналған жинақ жүйесі енгізіліп, мемлекет тарапынан жыл сайын арнайы қаражат баланың жеке шотына аударылады. Бұл қаражат бала 18 жасқа толғанда оның оқуына, тұрғын үй алуына немесе денсаулығына қажет мақсаттарға жұмсалуы мүмкін.
Тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған арнайы бағдарламалар да бар. «Ұмай» және «Бақытты отбасы» сияқты бастамалар көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жеңілдетілген ипотекалық несиелер ұсынады. Мұндай бағдарламалар көптеген отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беріп отыр.
Отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында қоғамдық жобалар да белсенді жүргізілуде. Соның бірі – жыл сайын еліміздің барлық өңірінде өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Бұл байқау арқылы қоғамға үлгілі отбасылар таныстырылып, ата-ана, ата-әже тәрбиесінің маңызы көрсетіледі. Жуырда Астана қаласында өткен республикалық деңгейдегі кезеңде жеңімпаз отбасыға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды. Мұндай бастамалар жастар арасында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар көпбалалы отбасыларға және көмекке мұқтаж азаматтарға тегін түрде психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Егер қандай да бір отбасы заңгерлік немесе психологиялық кеңеске мұқтаж болса, олар осындай орталықтарға жүгініп, қажетті көмекті тегін ала алады.
Жалпы сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда жүргізіліп жатқан бұл бастамалардың барлығы отбасы институтын нығайтуға және қоғамдағы тұрақты, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған. Отбасы құндылықтарын қолдау – тек әлеуметтік саясаттың ғана емес, елдің болашағына салынған маңызды инвестиция екені анық.
Mezgil.kz