Можтаба Хаменей – әкесі Әли Хаменей қайтыс болған соң (28 ақпанда), Иранның Жоғарғы көсемі – Аятолла болып бекітілген еді. Ресми аятолла атанғалы төртінші тәулікке ұзап барады. Бірақ, су жаңа аятолла әлі жұрт алдына шыққан жоқ, беті-жүзін көрсеткен жоқ.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Оны ұзақ талқыдан соң Иранның Сарапшылар кеңесі бекіткен. Аятолла тағына негізгі үш үміткердің ішіндегі фавориті де осы еді. Можтаба бірауыздан сайланбаған. Бірақ, басым дауыс алған. Можтабаның кандидатурасын Иранның Сақшылар корпусы табандап отырып, талап еткен.
МОЖТАБА ХАМЕНЕЙ КІМ?
Ол 1969 жылдың қыркүйегінде туған. Әли Хаменейдің ортаншы (екінші) ұлы. Құм қаласындағы ислам ғылымдары мектебінен білім алып, фикһ (ислам құқығы) және усул (негіздер) маманы. Оған қоса, сыртқы қарым-қатынас бойынша өз әкесінен сабақ алған. Кейін өзі де осы бағытта дәріскер болған. Шииттік дәстүр бойынша, исламдық білімнің жоғары деңгейіне жеткен адамдар «мужтахид» деп саналады. Можтаба сол дәрежеге ие болған.
Ол Иран билігінде ресми лауазымдарға ие болмаса да, сайлауларда, кадрларды тағайындау ісінде айтарлықтай ықпалға ие болып келген. Әсіресе, оның беделі Сақшылар корпусында жоғары болған. Соңғы жылдары Можтаба Хаменей әкесінің ықтимал мұрагері ретінде жиі аталып жүрді.
Иранда сайлау арқылы президент сайланады. Бірақ, оның қолы қысқа, өкілеті шектелген. Ең жоғарғы билік – Аятоллада (Жоғарғы көсемде). Яғни, енді Иранның жоғарғы билігі аятолла Можтаба Хаменейде.
БАҚ: АЯТОЛЛА МОЖТАБА ЖАРАЛАНҒАН
Можтаба әлі жұрт алдына шыққан жоқ, оның иннаугурациясы әлі өткен жоқ дедік қой. Әлгінде «Reuters», бүгін «The New York Times» жазды: Можтаба Хаменей соғыстың алғашқы күні-ақ АҚШ пен Израилльдің Теһеранға жасаған соққыларынан жараланған.
Жараланғанда да – аяқтан жарақат алған. Оның жағдайы нақты қалай екені белгісіз. Ол ес-тсүін біледі, қазір қауіпсіз жерге жасырынған дейді. Тіпті, жеке бас қауіпсіздігі үшін сыртқы әлеммен байланысын толық үзген.
Аятолла Можтаба Хаменейдің жараланғанын бүгін Иранның билігі ресми түрде растады. Айтуларынша, Хаменейдің жарақаты тым ауыр емес.
БАҚ: АЯТОЛЛА МОЖТАБА ҚАЗА ТАПҚАН
Болжам бойынша: Тағы бірсыпыра бұқаралық ақпарат құралдары аятолла Можтаба Хаменейдің әлдеқашан қаза тапқанын айтады. Сақшылар корпусы мен Сарапшылар кеңесі марқұм болған Можтаба Хаменейді Жоғарғы көсем етіп сайлап, уақыт ұту тактикасын қолдануда-мыс. Бұл аралықта Иранның әскери билігі марқұм болған саяси және әскери басшылардың жерлеу рәсімдерін өткізіп, әскерді жаңа соғыс жағдайына бейімдеп, командирлерді сайлап алып, қаруын мен ұрыс тактикасын бекітіп болып, Можтабаның қаза тапқанын сосын ғана жарияламақ. Бұл әзірге болжам ғана.
Десе де, АҚШ президенті Трамп Можтаба Хаменейді «әлсіз тұлға» деп атап, оның кандидатурасын мақұлдамайтынын айтса, Израиль Можтаба Хаменейді өз қаруының нысанасына алатынын айтуда.
Можтабаның бары мен жоғы туралы гу-гу әңгімелер айтылып жатқан тұста, «Bloomberg» Иранның су жаңа Аятолласының Лондон мен Дубайдағы қымбат дүние-мүліктері туралы да ақпарат жариялады.
Сонымен, аятолла Можтаба майып па, әлде мәйіт пе, ол жағы нақты белгісіз. Бірақ, нақтысы – ол әлі жұрт алдына шыққан жоқ, ел көзіне көрінген жоқ.
Mezgil.kz