Қоғамның шын деңгейі кейде үлкен ғимараттармен де, әдемі статистикамен де емес, адамдарға қалай қарайтынымен өлшенеді. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар жандарға қандай жағдай жасалғаны – елдің мәдениетін де, жауапкершілігін де көрсететін маңызды нәрсе. Себебі бұл тек әлеуметтік мәселе емес. Бұл – күн сайын күресіп өмір сүріп жүрген мыңдаған адамның шынайы өмірі.

(Сурет: ara24.kz)
Қазақстанда бүгінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың саны аз емес. Ресми деректерге сүйенсек, елде 744 мыңға жуық мүгедектігі бар адам бар. Бұл – бір ғана сан емес, бұл мыңдаған отбасының күнделікті тіршілігі, уайымы, үміті. Сондықтан мұндай адамдарға қолдау көрсету – жай ғана міндет емес, қоғамның адамгершілік өлшемдерінің бірі.
Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатқанын байқауға болады. Қазір мемлекет тарапынан ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жәрдемақы, оңалту қызметтері, арнайы құралдар, жеке көмекші, ымдау тілі маманы, санаторийлік ем, инклюзивті білім беру сияқты бірнеше бағыт бойынша қолдау көрсетіліп жатыр. Яғни, мәселе тек ай сайынғы төлеммен шектелмей, адамның күнделікті өмірін жеңілдетуге қарай ойыса бастаған.
Мысалы, мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Қазір мұндай көмекті алып отырған адамдар саны жарты миллионнан асады. Бұл, әрине, барлық қиындықты шешіп тастамайды. Бірақ көптеген отбасы үшін бұл – нақты көмек, нақты тірек. Әсіресе, күтімді қажет ететін адам бар үйде мұндай қолдаудың маңызы тіпті бөлек.
Сонымен қатар, соңғы уақытта Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін көмектер де көбейген. Осы жүйе арқылы мыңдаған адам оңалтудың техникалық құралдарын алып жатыр. Бірі арнайы арбаға қол жеткізсе, бірі ымдау тілі қызметін пайдаланады, енді бірі жеке көмекші көмегін алады. Санаторийлік-курорттық емге жолдама алатындар да бар. Осындай қызметтердің барлығы қағаз жүзінде ғана емес, шын өмірде қажет нәрселер екенін түсіну маңызды.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қатысты да өзгеріс бар. Елде қазір 75 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 19 ерте араласу орталығы бар. Бұл орталықтардың маңызы өте үлкен. Себебі баладағы даму ерекшелігін ерте байқап, дер кезінде қолдау көрсету – кейін оның ортаға бейімделуіне, сөйлеуіне, қозғалысына, жалпы өмір сапасына тікелей әсер етеді. Мұндай орталықтарда логопед, дефектолог, психолог мамандары жұмыс істейді, емдік дене шынықтыру мен түзету сабақтары жүргізіледі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – балаға уақытында берілген мүмкіндік.
Жалпы, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау тек медицинамен шектелмейді. Қазақстанда 304 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ұйымы бар. Бұл мекемелер адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетеді, психологиялық қолдау береді, күнделікті өмірге бейімделуге көмектеседі. Кейде адамға ең керегі – ақшадан бұрын, өзін қоғамнан шет қалмағандай сезіну. Осындай орталықтардың рөлі де дәл осында.
Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. Қазір мектептердің басым бөлігінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалған. Мыңдаған бала инклюзивті ортада білім алып жүр. Бұл – өте маңызды қадам. Себебі ерекше балаға бөлек қарау емес, оны қоғаммен бірге өсіру – нағыз инклюзияның белгісі. Баланың мектепке барып, өз қатарластарымен бірге білім алуы оның тек оқуына емес, психологиялық тұрғыдан да дамуына әсер етеді.
Арнайы білім беру ұйымдарының саны да көбейіп келеді. Қазір елде 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарына ПМПК, ППТК, арнайы мектептер, арнайы балабақшалар, оңалту және қолдау кабинеттері кіреді. Бұл ұйымдар баланың оқу үлгеріміне ғана емес, сөйлеуіне, мінез-құлқына, ортаға бейімделуіне де көмектеседі. Яғни, мұнда мәселе жай білім беруде емес, баланы жан-жақты қолдауда болып отыр.
Соңғы уақытта инклюзивті саясатқа да көбірек мән беріле бастады. Жаңа тұжырымдамалар қабылданып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауға қатысты заң жобалары қарастырылып жатыр. Бұл – мемлекеттің бұл мәселені уақытша науқан емес, ұзақ мерзімді бағыт ретінде қарай бастағанын көрсетеді.
Дегенмен, бәрі мінсіз деп айту қиын. Иә, орталықтар саны көбейіп жатыр, мектептерде жағдай жасалып жатыр, жаңа бағдарламалар қабылданып жатыр. Бірақ шынайы өмірде әлі де кедергілер бар. Кейбір өңірлерде маман тапшы, кей жерде ғимараттар толық бейімделмеген, ал кей адамдар қоғамның түсінбеушілігімен бетпе-бет келеді. Сондықтан бұл мәселе тек есеп берумен шешілмейді. Ең бастысы – жасалып жатқан жағдайдың адам өмірінде шынымен сезілуі.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жасалған жағдайды тек статистикамен бағалау жеткіліксіз. Себебі бұл жерде ең маңыздысы – адамның өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі. Оған аяушылық емес, мүмкіндік керек. Қолдау керек. Қалыпты өмір сүруге жағдай керек. Қазақстанда бұл бағытта қозғалыс бар, нақты қадамдар да жасалып жатыр.
Аяна Қазтай
Mezgil.kz