Әлем жаппай қарулану кезеңіне өтті: АҚШ рекордтық әскери бюджетке бет алды, ал Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылықты күшейтуде...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Қазір әлем жаппай миллитаризациялану кезеңіне өтті. Яғни, мемлекеттер арасындағы қарулану жарысы қайта күш алып келеді. Бұл үрдіс әсіресе, Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін айқын байқалды. Бұған қоса, АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс, Қытай мен Тайуан төңірегіндегі жағдай, Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен өзге де геосаяси дағдарыстар әлем елдерін қорғаныс саласына көбірек қаржы бөлуге итермелеп отыр.
АҚШ: ӘСКЕРИ БЮДЖЕТТІҢ ӘЛЕМДІК РЕКОРДЫ
Осы ретте әлемдік әскери қуаты жағынан көшбасшы саналатын АҚШ-тың қорғаныс бюджеті ерекше назар аударады. Ақ үй 2027 жылға арналған бюджет жобасында қорғаныс саласына 1,15 трлн доллар базалық қаржы сұрап отыр. Бұған қоса, келісу тетігі арқылы тағы 350 млрд доллар қарастырылған. Бұл АҚШ-тың алдағы жылға арналған қорғаныс шығындарын рекордтық деңгейге жеткізбек. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2026 жылғы қорғаныс бюджеті 838,7 млрд доллар болған, яғни жаңа жоба бұдан 28 пайызға жоғары.
АҚШ бұл қаржыны негізінен қару-жарақ сатып алуға, әскери технологияларды дамытуға, F-35 ұшақтарын алуға, әскери-теңіз күштерін кеңейтуге, зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін күшейтуге және жасанды интеллектіні әскери жүйеге енгізуге бағыттамақ. Бұл Уашиңгтонның әскери басымдығын сақтап қалуға мүдделі екенін көрсетеді.
ӘСКЕРИ БЮДЖЕТ: ҚАЗАҚСТАН ОА-ДА КӨШБАСШЫ!
Ал Қазақстан ше? Орталық Азиядағы негізгі координаторлық мемлекет ретінде Қазақстан да қорғаныс саласындағы әлеуетін жүйелі түрде күшейтіп келеді. «EnergyProm» дерегіне сүйенсек, 2026 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы әскери шығын бойынша Орталық Азияда бірінші орынға шыққан. Бір адамға шаққанда бұл көрсеткіш жылына 288 долларды құрайды. Осылайша Қазақстан өңірде көш бастап отыр.
Одан кейін Түрікменстан – 254 доллар, Өзбекстан – 170 доллар. Ал Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш тиісінше 106 және 43 доллар ғана.
Жалпы, SIPRI бағалауынша, әлемдік әскери шығындар қазірдің өзінде 2,6 трлн доллардан асып кеткен. Бұл жаһандық деңгейде қауіпсіздік мәселесінің алдыңғы орынға шыққанын білдіреді.
Қазақстанның әскери әлеуетінің артып келе жатқанын халықаралық рейтингтер де растайды. Global Firepower рейтингінде Қазақстан 57-орынға жайғасып, Орталық Азия елдері арасында бірінші орын алған. Бұл елдің өңірлік қауіпсіздіктегі рөлін күшейтіп отырғанын көрсетеді.
Бүгінгі геосаяси тұрақсыздық жағдайында қарулану жарысы тек ірі державалармен шектелмейді. АҚШ жаһандық үстемдігін сақтау үшін рекордтық бюджетке жүгінсе, Қазақстан аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қорғаныс саласын күшейтіп отыр. Бұл – қазіргі әлемнің жаңа шындығы.
Mezgil.kz