Сенбі күні кешке Уашиңтонның қақ ортасындағы «Washington Hilton» қонақүйінде әлем көрген бір дүрбелең болды. Ақ үй тілшілер қауымдастығының дәстүрлі кешкі асы кезінде АҚШ президенті Трампқа қарулы шабуыл жасалып, елдің үрейін алды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
КЕШКІ АСТЫҢ АЯҒЫ АСТАҢ-КЕСТЕҢ БОЛДЫ...
Бұл шараның басты қонағы – АҚШ президенті Дональд Трамп болатын. Трамп жалғыз барған жоқ. Жұбайы Мелания да, вице-президент Венс те, Пентагон басшысы Хегсет те сонда еді.
Салтанатты кеш қызып, қонақтар аста-төк дастарқан басында отырғанда, кенеттен залдың сыртынан автомат дауысы естілді. Оқ атылды. Сондағы қауіпсіздік қызметтің агенттері едел-жедел әрекет етіп, залдағы жоғары лауазымды шенеуніктер мен журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті. Ал Трамп пен оның жұбайы Меланияны, вице-президент Вэнсті және өзге министрлерді шұғыл түрде қауіпсіз жерге эвакуациялады. Бұл оқиғаның бейне жазбалары бүгінде бүкіл әлемге таралып, ызу-қызу талқылануда.
«ЖЫЛ МҰҒАЛІМІНІҢ» ТРАМПТА НЕ ӨШІ БАР?
Қолға түскен күдікті – 31 жастағы Коул Томас Аллен деген адам екен. Ол Лос-Анджелестің тұрғыны, мамандығы инженер-механик және тәуелсіз ойын жасаушы болып шықты. Тіпті, 2024 жылы білім беру саласындағы жетістіктері үшін «жыл мұғалімі» атанған екен. Бұрын-соңды заң бұзбаған сауатты азамат көрінеді.
Тұтқындау сәтінде одан «дробовик», тапанша және бірнеше пышақ табылған. Аллен өз манифесінде Трамп әкімшілігінің шенеуніктерін нысанаға алғысы келгенін ашық жазған.
Сол бір атыс кезінде Қауіпсіздік қызметтің бір агенті жараланғанымен, аман қалған. Бұл оқиғадан кейін көп ұзамай Трамптың өзі де пресс-конференция өткізіп: «Менің кәсібім қауіпті», – деп сылап-сипап пікір білдірген.
РЕЙГАНҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ: 45 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ҚАЙТАЛАУ...
Айта кетерлігі, осы «Washington Hilton» қонақүйі бұған дейін де тарихи қастандықтың куәсі болған. 1981 жылы дәл осы жерде Рональд Рейганға оқ атылып, ол ауыр жараланған еді.
Трамптың өзі де 2024 жылғы сайлау науқаны кезінде бірнеше рет қастандықтан аман қалған. Пенсильваниядағы митингіде құлағынан оқ тисе, кейін Флоридадағы гольф клубында да оған қарсы қарулы шабуыл дайындалғаны белгілі болған.
Дегенмен, бұл жолғы оқиға қоғамда үлкен күдік пен түрлі қауесеттер тудырып отыр. Көптеген сарапшылар мен қарапайым халық бұл жағдайды Трамптың рейтингін көтеру үшін әдейі ұйымдастырылған кезекті «фокус» деп есептейді.
Соңғы кездері Иран соғысына қатысты ұстанымы мен саяси шешімдеріне байланысты Трамптың АҚШ аудиториясындағы беделі айтарлықтай төмендеп кеткен еді. Оған халықтың қолдауын қайтару үшін осындай «қаһармандық» немесе «құрбандық» бейнесі шұғыл қажет болған сияқты.
Күдікті тудыратын басты жайт – атқан адамның Трамп отырған залға мүлдем жақындай алмауы. Ол қонақүйдің холлына кірген сәтте-ақ залалсыздандырылған, ал залдағылар ол кезде қауіпсіз қашықтықта болған. Күзет қызметкерлерінің залға айқайлап жүгіріп кіріп, әлемге танымал тұлғаларды үстел астына тығылуға мәжбүрлеуі тым әсіреленген театрлық қойылымға ұқсайды.
Сайлау алдындағы «құлақ оқиғасының» да инсценировка екені туралы қаңқу сөздер әлі басылған жоқ. Трамптың жаны тәтті екенін ескерсек, бұл жолғы сценарий де оның саяси беделін нығайтуға арналған кезекті айласы болуы әбден мүмкін.
Қалай болғанда да, Коул Аллен дүйсенбі күні сот алдында жауап береді...
Mezgil.kz