Қазақстанға қатаң режимдегі түрме қажет!

Соңғы кездері әлеуметтік желілерді парақтап отырсаң, жағаңды ұстайсың. Қазақтың ұлттық құндылықтарына, салт-дәстүріне, тіпті мемлекетіміз бен рухани діңімізге тіл тигізіп, ашықтан-ашық бүлік шығарушылардың қарасы көбейіп кетті.

1777543425316854.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Анығы бұл жай ғана көбік ауыз, алабөтен адамдардың әлеуметтік желілердегі шуылы ғана емес, бұл – елдің ішіне іріткі салу, қазақ деген халықтың қасиетті құндылықтарына қасақана шабуыл.

ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕНДЕТІ...

Әлбетте, ел тыныштығын бұзуға бағаттылған бұндай іс-әрекеттер заң шеңберінде жазалануы жөн-ақ! Десе де, мұндай бассыздықтарға қарап отырып, біздегі жазалау жүйесінің қауқарсыздығын немесе жұмсақтығын еріксіз мойындауға тура келеді...

Мәселен, 2026 жылдың сәуірінде Ақтөбеде болған жағдай қоғамның ашу-ызасын туғызды. Өзін діндар санаған бір ер адам әлеуметтік желіде қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыраны тілі жеткенше ең ауыр сөздермен қорлап, оны «ібілістің жыныс мүшесіне» теңеді. Онымен қоймай, домбыраны «харам» деп атап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын (ҚМДБ) да сынға алып, айыптаған.

Ділі бөтен әлгі адам қазақтың ұлттық құндылығына қара қарсы шыққан жоқ, ұлттық мұрасын, төл аспабын ғана қорлаған жоқ, тұтас ұлтқа түкірді. Түрі де, тілі де, діні де, ділі де қазақтан ада әлгі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалыпты. Оның сөздері мен жазбаларына сараптама жүргізіліп жатыр екен.

Десе де, құқық қорғау органдары оны ұстағанымен, мұндай адамдар ертең түрмеге барғанда өз қатесін түсіне ме, әлде сол жақта жатып та жат идеологияның жендеті болып жүре ме? бұл – басы ашық сауал...

ПИҒЫЛЫ БӨТЕНДЕРДІҢ БҮЛІГІ

Тек бұл ғана емес, Алматыда Виолетта Паршина есімді азаматшаның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды «ауылдан келген мас мәмбеттер» деп қорлауы – тарихи тағдырымызға жасалған қастандық.

Бейпіл ауыз бұл адамның үстінен тек бес ай өткеннен кейін ғана қылмыстық іс қозғалған. Десе де, мұндай сепаратистік және ұлт араздығын қоздыратын пікірлердің әлі де тыйылмай тұрғаны өкінішті.

Оған қоса, «мамбетадор» деген парақша иесінің көше атауларын өзгертуге қарсы шығып: «Алматыда Розбакиев көшесінің атауын өзгерту туралы петиция беріпті. Қандай да бір адамның атына ауыстырмақ, тіпті оның атын атаудың өзі қиын. Ол – Желтоқсан оқиғасына қатысқан «бандиттерді» ақтаған ревизионист. Бұл не сұмдық өзі?» – деп Мұхтар Шахановтай тұлғаларымызды қаралауы ел ішіндегі іріткінің нақ өзі.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТАҢ РЕЖИМДЕГІ ТҮРМЕ ҚАЖЕТ!

Ең қорқыныштысы – осы радикалдар мен сепаратистерді түрме тәрбиелей ала ма деген сауал. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің соңғы мәліметтеріне көз жүгіртсек, түрмелердің өзінде радикалды топтың жымысқы жұмыстарының жолы кесілмей тұрғаны бұлтартпас факт.

Алдыңғы жылы ҚР ҰҚҚ жазасын өтеу орындарында жүріп-ақ теракт жасамақ болғандарды әшкерелегінін БАҚ жазып, таратты. Демек, қазіргі колониялар – қылмыскерді түзейтін орын емес, керісінше, радикалдардың ұясына айналып бара жатқандай.

Сондықтан Қазақстанға қазіргі қалыпты түрмелерден әлдеқайда қатаң, ерекше режимдегі жабық мекеме қажет. Ол жерде сепаратистер, радикалдар мен ел бірлігіне іріткі салушылар бір-бірімен мүлдем байланыса алмайтын, сөйлесе алмайтын, тіпті бір-бірін көре алмайтын жеке камераларда отыруы тиіс! Ол жерде әйгілі «Қара бүркіттен» де бетер қатаң тәртіп орнатылуы керек! Олар сыртқы әлемнен ғана емес, түрме ішіндегі қауымдастықтан да толық оқшаулануы қажет! Тек сонда ғана біз «түрме ішіндегі жамағаттар» мен сепаратистік топтардың қалыптасуына тосқауыл қоя аламыз...

Ал әлеуметтік желідегі бүлікшілер өздерінің ертеңгі күні тап осындай қапаста өтетінін білсе ғана, аузына келгенін айтпас бұрын он ойланар ма еді? Өйткені, Ұлттық құндылық пен мемлекеттік мүддеге – жай қарауға әсте болмайды!

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар