Биыл Мәскеуде өтетін «9 мамыр парады» соңғы онжылдықтардағы ең сүреңсіз әрі шиеленісті шараның бірі болғалы тұр.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
МӘСКЕУДІҢ МАСҚАРАСЫН АШҚАН ПАРАД
Ресей Қорғаныс министрлігі 28 сәуірде арнайы мәлімдеме жасап, «ағымдағы шұғыл жағдайға» байланысты парадқа әскери техника қатыспайтынын ресми түрде айтты. Қызыл алаңда тек жаяу әскер мен авиация ғана бой көрсетеді. 2007 жылдан бері Ресей алғаш рет осындай масқара жағдайға тап келіп отыр.
Бұл жолғы Мәскеу парадының жұрт көруге жалғыз жарамды эпизоды – парад соңында Су-25 ұшақтарының Мәскеу аспанына Ресей туын салып өтетіні ғана болса керек.
ЗЕЛЕНСКИЙ: МӘСКЕУДЕГІ ПАРАДҚА УКРАИНА ДРОНДАРЫ ДА ҚАТЫСАДЫ!
Украина президенті Владимир Зеленский Ереванда өткен Еуропалық саяси кеңестің саммитінде сөз сөйлеп, Мәскеудегі парадтың бұлайша өткізілуін Ресейдің әлсіреуімен байланыстырды. Зеленский бұл парадтың техникасыз өтуі – Ресейдің қазіргі қауқарының төмендігін көрсететін маңызды сигнал екенін және украиндық дрондардың кез келген сәтте Мәскеу аспанында пайда болуы мүмкін екенін ашық мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, Кремль қазір Қызыл алаң үстінен украиндық дрондардың ұшып өтуінен қорқып отыр.
«Ресей 9 мамырда әскери парад өткізбекші. Бірақ ол шеруде әскери техника болмайды дейді. Мәскеу ұзақ жылдардан кейін алғаш рет әскери техникасыз шеру жасамақ. Бұл шеруде Украинаның дрондары да ұшып өтуі мүмкін. Осының өзі олардың бұрынғыдай мықты еместігін білдірсе керек», - деді.
МӘСКЕУ ПУТИННІҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АЛАҢДАУЛЫ...
Ал Ресей астанасындағы қауіпсіздік шараларының күрт күшеюі Зеленскийдің сөздерін растай түскендей.
«Financial Times» басылымы Владимир Путиннің жеке қауіпсіздігіне қатысты бұдан да сорақы деректерді жариялады. Басылымның жазуынша, Ресей президенті қастандықтан қаймығып, соңғы айларда жер асты бункерлерінде көбірек уақыт өткізе бастаған. Әсіресе, наурыз айынан бастап Кремльдің мемлекеттік төңкеріс немесе дрондар арқылы жасалатын қастандықтардан қорқынышы күшейген. Путиннің айналасындағы жақын адамдарға – күзетшілерден бастап аспаздарына дейін – интернетке қосылатын құрылғыларды пайдалануға және қоғамдық көлікпен жүруге тыйым салынған. Тіпті олардың үйлеріне бейнебақылау жүйелері орнатылған деген ақпарат бар.
Ал 5 мамырдан бастап Мәскеуде интернет пен СМС қызметіне шектеу қойылмақ. Қазірдің өзінде мобильді операторлар тұрғындарға ескерту хабарламаларын жібере бастаған. Мәліметтерге қарағанда, интернет тек қала орталығында емес, МКАД шеңберіне дейінгі аумақта түгел өшірілмек. Ресейдің Қорғаныс министрлігі бұны: «Бұл шаралар дрондардың навигациялық жүйелерін істен шығару үшін жасалып отырған «электронды қалқан», - деп түсіндіреді. Тіпті РФ күштік құрылымдарының «қара тізіміндегі» кейбір сайттар да 5-9 мамыр аралығында бұғатта болмақ.
РЕСЕЙЛІК БЛОГЕРЛЕР: БҰЛ ҚОРҚЫНЫШТЫҢ БЕЛГІСІ!
Ресейлік тәуелсіз блогерлер мен оппозициялық пікір иелері Кремльдің бұл шешімін ашық сынға алды. Кейбірі Путиннің Украинамен уақытша бітімге келу туралы ұсынысын дәл осы парадты тыныш өткізу мақсатымен байланыстырды. Әлеуметтік желілердегі реакциялардан байқалғандай, қоғамның бір бөлігі мұны Кремльдің әскери емес, саяси қауіптен қорғануы деп бағалайды. Ал сарапшылар: «Парад — бұл тек әскери рәсім емес, Путин билігінің символы», - деген пікір білдіреді.
МӘСКЕУ ЖАНҰШЫРЫП БІТІМ СҰРАУДА...
Мәскеу геосаяси деңгейде бұл жағдайды реттеу үшін дипломатиялық қадамдар жасап жатыр. 29 сәуірде Ресей мен АҚШ президенттері телефон арқылы сөйлесіп, Америка тарапы 9 мамырға дейін «уақытша бітім» жариялауды ұсынған.
30 сәуірде Зеленский бұл ұсыныстың мән-жайын білу үшін өз өкілдеріне Трамптың командасымен байланысуды тапсырғанын айтты. Оның негізгі мақсаты – бұл ұсыныстың артында жай ғана Мәскеудегі парадты тыныш өткізуге арналған бірнеше сағаттық үзіліс пе, әлде үлкенірек келісім жатыр ма, соны анықтау. Осылайша, биылғы Жеңіс күні мерекесі Ресей үшін әскери салтанат емес, өз басшылығы мен астанасын дрондардан қорғауға бағытталған күрделі сынаққа айналды.
Жеңіс парады – Ресей үшін тек тарихи мереке емес — халықаралық легитимділік алаңы. Кремль жыл сайын шетелдік лидерлерді шақырып, өз саяси салмағын көрсетуге тырысатын. Алайда биылғы қауіпсіздік шектеулері мен парад масштабының шектелуі Мәскеудің сыртқы саяси имиджіне де әсер етуі мүмкін. Кейбір сарапшылар мұны Ресейдің ұзақ соғыстан шаршағанының белгісі деп есептейді.
Mezgil.kz