Путин мен Зеленскийдің келіссөзі: Сақа сарапшылар соғыстың қашан аяқталарын айтты!

АҚШ пен Иран арасындағы соғыс Украина-Ресей соғысын медиалық кеңістікте ығыстырып тастады. Осы сәтте әлемнің сақа сарапшылары Украина мен Ресей арасындағы соғыс қалай және қашан аяқталуы мүмкін деген сұраққа жауап іздеуде.


ChatGPT Image 4 мая 2026 г., 16_28_56.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

DW басылымы Ресейдегі интернеттің шектелуі, мұнай базаларына жасалған соққылар мен мобилизация тақырыбында сарапшылардан пікір алып, жариялады. Батыс сарапшылары нақты бітім жасалатын күн алыс емес деген ойда. Бітім жасасуды АҚШ-тағы Конгресс сайлауымен де байланыстыруда.

 

Украина майданында қос елдің әскері алға жылжуда қиындық көруде. Соғыс алаңы позициялық ұрысқа ұласты. Дрондар «өлім аумағын» кеңейтуде. Әскери колонналар лезде барлау дрондарының назарына ілігіп, талқандалуда. Осы сәтте Ресей тығырықтан шығу үшін мобилизация жариялауы ықтимал деген пікірлер де айтылуда. Бұл туралы Украина президенті де айтты. Алайда Батыстың сақа сарапшылары бұл пікірмен келіспейтінін аңғартуда. НАТО-ның Әскери комитетінің бұрынғы төрағасы, адмирал Джузеппе Каво Драгоненің ойынша Ресейде мобилизация жариялануы екіталай. Оның ойынша Ресей соғысты «арнайы әскери операция» деп атап, мобилизацияны шексіз жүргізу мүмкіндігін өзі шектеді. Ал Ресей халқы мобилизацияны мүлде қолдамайды және билікке деген наразылық та артуда.

 

Аризона штатындағы Маккейн институтының директоры Эвелин Фаркас та мобилизацияның жарияланарына сенбейді. Ол Барак Обама тұсында АҚШ-тың қорғаныс министрлігінің кеңесшісі болды. Сарапшы Ресейдегі экономикалық қиындық туралы түртіп өтіп, Кремль жаңа мобилизацияға баруға ниетті емес деген тұжырымын айтты.

 

НАТО-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі болған Курт Волкер қазіргі сәтте Украинаның осыдан бір жыл бұрынғы күйге қарағанда әлдеқайда қуатты екенін айтуда. Оның сөзінше Киев батыстық қаруға деген тәуелділігін азайтып, отандық өнім көрсеткішін 60 пайыздан асырған. «Қазіргі тенденция сақталса, Украина билігі АҚШ-тан қару сатып алуға арналған PURL бағдарламасы тоқтап қалса да, соғысты жалғастыруға қабілетті» дейді ол. Сарапшы Украинаның АҚШ-қа тәуелділігі азайғанын айтты. «Сәйкесінше келіссөздер барысында Киевтің маневр жасау мүмкіндігі де арта түсті» дейді Волкер.

 

Сарапшылар Трамп әкімшілігі Украинаға қысымды арттырып, «Зеленский Донбасстан әскерін әкетуі тиіс» деген ұсынысты Киевке тықпалап жатқанын жазды. Алайда Украина ендігі таңда АҚШ-тың қысымына төтеп беруде дейді олар. Сарапшы Эвелин Фаркастың сөзінше, Зеленский қазір өзін әлдеқайда сенімді сезінуде.

 

Сарапшы Фаркас пен Волкер қараша айында АҚШ-та өтетін Конгресс сайлауының маңызды екенін айтты. Сайлаудан кейін Трамп пен Республикалық партияның позициясы әлсіреуі мүмкін. Сайлауда демократтар жеңіске жетсе, Украинаны Уашиңтон тарапынан қолдау күшеюі ықтимал. Сонымен бірге Ресейге қарсы санкциялық қысым күшеюі де мүмкін.

 

Қос сарапшы да осы уақытқа дейінгі келіссөздерді «фарс» деп атады. Ал шынайы келіссөздер енді басталады деген ойда. Волкер шынайы келіссөздер осы жылы өтеді десе, Фаркас 2027 жылы деген ойда.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар