Пашинян Путинге қолды бір сілтеді: Кремль тағы бір одақтасынан айырылуда!

2022 жылдан кейін Еуропалық саяси қауымдастықтың маңызы артуда. Қауымдастықтың мақсаты Еуропалық одаққа мүше мемлекеттерді олардың көршілерімен біріктіруді және ЕО шекарасынан тыс еуропалық қауіпсіздік, энергетика және экономикалық саясатты қайта ойластыруды көздейді. Осы миссия аясында түрлі мемлекеттер және үкімет басшыларының кездесулері жиі өтуде. Оның ішінде Кавказ аймағы да назардан тыс қалмады.


ChatGPT Image 6 мая 2026 г., 00_57_14.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Армения астанасы Ереванда қауымдастықтың сегізінші саммиті өтті. Оған 48 мемлекет пен үкімет басшылары қатысып, Оңтүстік Кавказдың Еуропа үшін маңызды екенін айқындады. Саммитте мемлекет басшылары Арменияның ЕО-мен жақындасуға бағытталған әрекетін қолдады. Алдағы уақытта Арменияда өтетін сайлауға сәттілік тілеп, Ереванның еуропалық бағыты сақталатынына үміт артты.

 

Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта саммит барысында Армения премьер-министрі Никол Пашинянға алғыс айтып, Ереванда жоғары деңгейдегі жиынның өтуі Арменияның геосаяси тұрғыдан батыл бағыт ұстанып отырғанының айқын көрінісі екенін айтты. Сейсенбі күні ЕО-Арменияның алғашқы саммиті де жоғары деңгейде өтті.

 

Бірнеше жыл бұрын Армения Әзербайжанмен қақтығыс жағдайында тұрды және Ресейдің ықпалында болды. Ол кезде Оңтүстік Кавказдағы ЕО-ның басты серіктесі Грузия саналды. Алайда қазір Грузия үкіметі мен ЕО-ның арасында принциптік келіспеушіліктер бар. ЕО Грузияның ресейшіл бағытқа ауысқанын айтуда және Тбилисиді экономикалық жеңілдіктерден айыруда.

 

Армения үкіметі 2020 және 2023 жылдары Қарабақ үшін Әзербайжанмен болған екі соғыстан кейін Еуропамен жақындасуға ұмтыла бастады. Ішкі саяси қарсылықтарға қарамастан, Пашинян Арменияның жаңа сыртқы саясатын қалыптастырып жатыр. Әзербайжан және Түркиямен татуласуға әрекет жасауда. Ресейдің ықпалынан шығуға бағыт алды. АҚШ-тың арағайындығымен Бакумен бейбіт келіссөздер соңғы кезеңге жақындады. Жақын уақытта ондаған жылдар бойы жабық болған Түркиямен құрлықтағы шекара ашылуы мүмкін. Дүйсенбі күні Ереванда өткен саммитке Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаздың қатысуы өзгерістердің шынайы ауқымын көрсетті.

 

Ереванның батыл шешім қабылдауына Армения үшін қауіпсіздік кепілі болған Ресейдің және Ресей жетекшілік ететін ҰҚШҰ әскери одағының Әзербайжанға қарсы соғыста көмектеспеуі шешуші рөл ойнады. Пашинян Мәскеуден қолдау таппайтынын түсінді. Украина соғысына байланысты Кремльдің де қауқарсыздығы артуда.

 

Ресеймен қарым-қатынастың қаншалықты шиеленіскенін Пашинянның сәуір айының басында Кремльге жасаған сапары көрсетті. Пашинян мен Ресей президенті Владимир Путиннің арасындағы қарым-қатынас бұрыннан бері суық еді. Путин кездесу барысында Пашинянды қатаң сынға алып, бірнеше мәрте түйреп алуға тырысты. Путин ЕО-ға мүшелік пен Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік бір-бірімен мүлде үйлеспейтінін ескертті. Ресей басшысы сөз арасында астарлы түрде Армениядағы барлық саяси күштер, соның ішінде Ресей паспорты бар саясаткерлер де парламенттік сайлауға қатыстырылуы тиіс екенін айтты. Кездесуге дейін Армения билігі ресейшіл саясаткер Самвел Карапетянға қарсы қылмыстық іс қозғаған еді. Путин сол әрекетті меңзеп, ескерту жасағандай болды. Арменияның Ресейден арзан бағаға газ сатып алып отырғанын айтып, «бұл игіліктен қағылмау керек» деп сес көрсетті.

 

Пашинян да астарлап сөйлеп, кекесінмен жауап беруге тырысты. Кекесінді жымиыспен ол Арменияның демократиялық ел екенін, әлеуметтік желілер бұғатталмағанын айтты. Шетелдік паспорты бар адамдардың сайлауға қатысуы Конституцияға қайшы екенін де атап өтті. Ол Ресей билігі оппозицияға, сөз бостандығына және интернетке қысымды күшейткенін меңзеп, Путинді сөзбен түйреп алды.

 

Украинадағы соғыс Мәскеудің ресурстарын сарқып, Ресейдің басқа аймақтардағы ықпалын сақтап қалу мүмкіндіктеріне кері әсер етуде. Армения ұрымтал сәтті тиімді пайдалануда. Сарапшылардың сөзінше Армения билігі жақын аралықта Мәскеуге қолды бір сілтеп, Еуропаға түбегейлі кетуі мүмкін. Әлбетте бұл Путинге ұнамасы анық. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар