Кремльдің кезекті масқарасы: Украина Мәскеуге соққы жасай ма?

Биыл Мәскеуде өтетін «9 мамыр парады» соңғы онжылдықтардағы ең сүреңсіз әрі шиеленісті шараның бірі болғалы тұр. Ешқандай техника қатыспайды, әскери курсанттар сап түзеп өтеді. Бірлі-жарым авиациялық техника әуеден ұшып өтеді.

1778236746350377.png

(Коллаж: telegraf.com)

КРЕМЛЬДІҢ МАСҚАРАСЫН АШҚАН ПАРАД

Дейтұра – 9 мамырда Қызыл алаңда әскери парад өткізу – Мәскеудің бұлжымас дәстүрі, айнымас салтына айналған. Анығы – жыл сайын бұл парад – Кремльдің әскери әлеуетінің ұлылығын, Путиннің құдырет-күшін дәріптейтін ұлыдержавалық шовинизм шоуы болып өткізілетін. Биыл керісінше, бұл парад – Путиннің сыртқы саясаттағы бет-беделін түсірген парадтардың бірі болып өтпек.

Ресей Қорғаныс министрлігі 28 сәуірде арнайы мәлімдеме жасап, «ағымдағы шұғыл жағдайға» байланысты парадқа әскери техника қатыспайтынын ресми түрде айтты. Қызыл алаңда тек жаяу әскер мен авиация ғана бой көрсетеді. 2007 жылдан бері Ресей алғаш рет осындай масқара жағдайға тап келіп отыр. Бұл жолғы Мәскеу парадының жұрт  көруге жалғыз жарамды эпизоды – парад соңында Су-25 ұшақтарының Мәскеу аспанына Ресей туын салып өтетіні ғана болса керек.

Ал Ресейдің көптеген өңірлерінде қауіпсіздік тұрғысынан әскери парадтар мен «өлместер полкінің» жаяу шерулері, мерекелік іс-шаралар өткізілмейтін болды.

РЕСЕЙДЕГІ ШЕКТЕУЛЕР МЕН ТЫЙЫМҒА ТОЛЫ ӘСКЕРИ ПАРАД

Биыл Ресей 9 мамырды тап осылай өткізбек. Ресейдің 15 өңірі әскери парадтар мен шерулерден толықтай бас тартса, Ресейдің қос астанасы – Петербор мен Мәскеуде бұл шаралар көптеген шектеулермен өткізілмек.

Атап айтқанда: Перм, Белгород, Воронеж, Курскі, Ростов, Рязан, Калуга, Орлов, Брянскі, Нижегородскі, Новгород, Псков, Саратов және  Краснодар облыстары мен Чувашия әскери парадтан толық бас тартуға мәжбүр болды. Бұл өңірлер соңғы апталарда Украина шабуылдарына тап болған өңірлер саналады.

ПЕТЕРБОРДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Ресейдің мәдени астанасы саналатын – Петерборда да жағдай мәз емес. 9 мамырдағы іс-шараларға көптеген шектеулер қойылған. Әскери парадқа авиация мен әскери техникалар мүлде қатыстырылмайды. Сарай алаңына не танктер, не өзге техникалар, ұрыс машиналары шығарылмайды. Бар болғаны жаяу әскер сап түзеп өтеді. Соның ішінде Петербор гарнизонының әскерилері мен курсанттар жүріп өтпек. Ал өзге іс-шаралардың дені онлайн форматта өткізіледі деп жоспарланған.

Қауіпсіздік шаралары ретінде: шеру өтетін алаңға пауэрбанктер, сусындар, саяси символикалар, ірі қол сөмкелерін, алкогольді сусындар, жалаушалар, велосипедтер мен самокаттар, дрондар, жарылғыш заттар, аэрозолды құтылар, шыны ыдыстағы жеміс-жидектер т.б. ештеңе алып кіруге болмайды. Ал 5-9 мамыр аралығында мобильді интернетке толықтай тыйым салынады.

МӘСКЕУДЕГІ ЖАҒДАЙ

Мәскеудегі парад та дәл Петербордағыдай шектеулі форматта өткізілмек. Қылыз алаңда әскери сап түзеп, аздаған авиациялық шоу ұйымдастырылмақ. Ал шектеулер еш өзгеріссіз қайталанады. Қызыл алаңға тіпті сусынмен барыға тыйым салынады.

Қызыл алаңда Ресейбасы Путин сөз сөйлемек. Ал шетелдік қонақтардан: Белорусь басшысы Александр Лукашенко, Малайзия сұлтаны Ибраһим, Лаос президенті Тхонглун Сисулит, Словакия премьері Роберт Фицо барса, әлемде ешкім мойындамаған квазимемлекеттік құрылымдардан – Абхаз басшысы Бадра Гунба, Оңтүстік Осетия басшысы Алан Гагловевтер барып қатыспақ.

УАҚЫТША БІТІМ САҚТАЛА МА?

9 мамырдың қарсаңында Ресей тарабы бірінші болып уақытша бітім жариялады. АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен Ресей президенті Владимир Путин 8-9 мамырға уақытша бітім жариялайтынын айтқан.

Кейін бұған Киев жауап беріп, бітімді 5-6 мамырдан бастауды ұсынған және 5 мамырдың түнінде уақытша бітім жариялаған.

Алайда, Ресей ол бітімді сақтаған жоқ. Украинаның Днепр, Запорож, Чернигов облыстарына зымыранмен соққылар жасады.

Осыдан соң, күні кеше Ресей президенті Путин 8-9 мамыр күндеріне уақытша бітім жасап, ұрыс қимылдарын майданның барлық шебінде тоқтататынын айтты.

Бірнеше сағат бұрын жарияланған Путиннің бітімі сол сәтте-ақ күл-талқан болды. Өзге түгілі Ресейдің өзі оны сақтауға тырысқан да жоқ. Бұған жауап ретінде Украина Ресейдің бірқатар өңірлерін нысанаға алды.

Атап айтқанда кешелі-бүгін: Ярославльдегі «Ярославнефтеоргсинтез» мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) шабуыл жасалды. Бүгін таңда Украина дрондары Шешенстанның астанасы Грозныйдағы әскери нысандар мен ФҚҚ ғимаратына шабуыл жасады. Ростовта — Ресейдің оңтүстігіндегі негізгі химиялық және лак-бояу зауыттарының бірі «Эмпилс» маңында өрт шықты. Таганрог пен Батайскі де дрон шабуылына ұшырады. Пермь соққы астында қалды. Мұнда соққы жергілікті МӨЗ-ге бағытталған, ол зауытқа кеше де шабуыл жасалған болатын. Ресей Қорғаныс министрлігі Белгород, Брянск, Воронеж, Калуга, Курск, Липецк, Ростов, Рязань, Смоленск, Тула, Ульяновск және Ярославль облыстарының, Краснодар өлкесінің, Қырымның, Татарстанның, Мәскеу өңірінің, сондай-ақ Азов және Қара теңіздерінің үстінде Украинаның ұзын-ырғасы 264 дронын атып түсіргенін айтты.

ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?

Кеше Украина президенті Зеленский үндеу жасап: «Ресейге жақын кейбір мемлекеттердің өкілдері 9 мамырда Мәскеуге баруды жоспарлап отыр. Біз бұған кеңес бермейміз», - деп кесіп айтты.

Зеленский Украинаның Ресейге 6 наурыздан бастап бітім ұсынғанын, бірақ оны Ресей тарабы сақтамай, Украина қалаларын соққылағанын айтты.

«Олар жылына бір рет Қызыл алаңға бір сағатқа қауіпсіз шығу үшін Украинадан өз парадтарын өткізуге рұқсат алғысы келеді, содан кейін қайтадан біздің адамдарды өлтіріп, соғысуды көздейді. Ресейліктер қазірдің өзінде 9 мамырдан кейінгі соққылар туралы сөз етіп жатыр. Ресей басшылығының логикасы оғаш және мүлдем ақылға қонымсыз. Сондай-ақ, Ресейге жақын кейбір мемлекеттердің өкілдері Мәскеуде болуды жоспарлап отырғандығы туралы хабарлар бар. Осындай күндері бұл өте оғаш тілек. Біз бұлай жасауға кеңес бермейміз», - деді Владимир Зеленский.

ЛАВРОВ НЕ ДЕЙДІ?

Ал Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бүгін: «Киев біздің қасиетті де киелі мейрамымыздың шырқын бұзбақшы. Егер 9 мамыр күні Украина шабуыл жасар болса, біздің жауабымыз қатал болады. Аяушылық күтпесін. Батыста қайта жанданып жатқан нацистердің қазір Украина арқылы істеп жатқандары іске асатын болса, оларға еш аяушылық болмайды», - деп лепірді.

Түйін: Әлем жұрты, әсіресе Ресей мен Украина сарапшылары Киев 9 мамырда Қызыл алаңды атқылай ма деген сұраққа ызу-қызу жауап іздеп жатқанда, әскери сарапшы Гэнс Уайлд: «Ертең Украина Мәскеуге соққы жасай ма? Менің ойымша жоқ. Соғыс бокс сияқты. Бастан соққы жасайтындай кейіп танытасың. Сол сәтте қарсылас басын қорғауға тырысады. Ал бірақ бүйірі ашық қалады. Соны көрген қарсылас, соққыны бүйірге жасайды. Киев те солай етеді. Путин үрейленіп, барлық әуе қорғанысын Мәскеуге жинап алды. Шекаралық өңірлері, стратегиялық нысандары қорғаныссыз қалуда. Міне, Украина соларды ұрады және бұл өте дұрыс стратегия», - деп болжам айтыпты.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар