Fox News жариялаған мәліметке сәйкес, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталса, Иран режимінің жоғарғы элитасының бір бөлігі басқа елдерге бас сауғалауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, егер елдегі саяси жағдай тұрақсыз күйге түссе, Иранның ықпалды шенеуніктері Ресейге қашуы ықтимал. Тіпті Иранды қашықтықтан басқаруға көшуі де бек мүмкін. Бұл жағдайды кейбір мамандар «Асад сценарийі» деп атап отыр.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
«Асад сценарийі» деген не? Сириядағы азамат соғысында Асад билігі әлсіреген тұста Ресей оған саяси әрі әскери қолдау көрсеткен болатын. Алайда режим құлаған сәтте, Башар Асад өз әулетін алып, Мәскеуге қашты. Қазір сарапшылар дәл осындай модель Иранда да қайталануы мүмкін деп есептейді. Билік элитасы қауіп төнген жағдайда Мәскеуге кетіп, сол жерден ықпалын сақтауға әрекет етуі ықтимал.
Иран мәселесін зерттеуші Саид Голькардың айтуынша, Иранның жоғары лауазымды тұлғалары қазірдің өзінде ықтимал дағдарысқа дайындала бастаған. Оның пікірінше парламент спикері Мохаммед Галибаф сияқты ықпалды тұлғалар Ресейге кетуі мүмкін. Ал орта деңгейдегі шенеуніктер Ирак немесе Ауғанстанға бас сауғалауы ықтимал. Қазірдің өзінде Иранның көптеген элита өкілдері капиталдарын алдын-ала шетелге шығарып үлгерген. Иранның шенеуніктері қаржысын араб елдеріне, Еуропаға шығарған.
Израиль премьері Нетаньяху Иран режимінің құлауы әбден мүмкін сценарий екенін мәлімдеді. Ирандағы билік транзиті бақылаудан шықса, бұл бүкіл Таяу Шығысқа әсер етуі мүмкін. Сарапшылар келесідей өзгерістерді атап өтуде: аймақтағы прокси күштердің әлсіреуі, Иранның ішіндегі элиталық қақтығыстар, жаңа босқындар легі, мұнай нарығындағы тұрақсыздық.
Қазіргі сәтте Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздер жалғасуда. Келіссөздерге Пәкістан делдал болуда. Алайда келіссөздер тығырыққа тірелуде. АҚШ билігі келіссөздер сәтсіз аяқталса, ұрыс қимылдарын қайта жандандыруы мүмкін екенін айтуда.
Mezgil.kz