Трамп пен Шидің жолығуы: Иран мәселесі қалай шешілмек?

Соңғы күндердегі әлемдік саясаттың басты талқысы АҚШ президенті Дональд Трамптың Бейжіңге сапарлап баруы болды. Аталған сапарда АҚШ-Қытай қарым-қатынастары мен сауда-саттығынан бөлек, Тайуан мен Иран мәселесі де басты талқыға өзек болғаны белгілі.

1778841574121162.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Сонымен, Иран мәселесіне қатысты Трамптың Қытайдың қабағына қарауы қандай нәтиже беремек?

Дональд Трамп: «Иранмен атысты тоқтату режимі жансақтау бөлімінде жатыр» деп жар салып, Қытай елін бетке ұстады. Оның бұл айқайы қандай нәтиже беретіні әл-әзір белгісіз...

ТРАМП ТЕРІСТЕГЕН ТЕҺЕРАННЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Сонымен айтары жоқ, осы аптаның ортасындағы ерек оқиға – АҚШ президенті Дональд Трамптың Теһеран ұсынған бейбітшілік туралы кезекті жобаны кері қайтарып, аймақтағы бір айға созылған қылдай жіңішке бітімнің «күні бітуге жақын» екенін мәлімдегені болды. Трамп Теһеранның қарсы ұсынысын «мүлдем қолайсыз» және «қоқыс» деп атап, Таяу Шығыстағы соғыстың қайта өршу қаупі барын қатаң түрде ескертті.

КЕЛІССӨЗДЕРДІҢ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛУІНІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Пәкістанның араағайындығымен жүріп жатқан келіссөздер Иранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазының ашылуы төңірегіндегі қайшылықтарға байланысты мүлдем тоқтап тұр. Трамптың айтуынша, Иран тарапы бұған дейін сөзбұйдаға салып, ауызша келіскен талаптардан, атап айтқанда, жоғары байытылған уран қорын елден шығару туралы уағдаластықтан жазбаша құжатта бас тартқан екен.

«Олар бізге жіберген мына қоқысты соңына дейін оқып та шықпадым. Онда ядролық қаруға қажетті материалды шығару туралы бірде-бір сөз жоқ. Меніңше, атысты тоқтату режимінің сақталу мүмкіндігі дәл қазір бар болғаны небәрі 1 пайызды ғана құрайды», - деді АҚШ президенті.

Негізгі талаптар мен қайшылықтар қайдан шығып отыр? Енді сол жағына ойысатын болсақ, АҚШ әкімшілігі Иранға келесідей қатал шарттар қойған. Тап осыны санамалайтын болсақ:

*Иранның ядролық байыту бағдарламасына 20 жылдық мораторий жариялау;

*Байытылған уран қорын шетелге (АҚШ немесе Қытайға) өткізу;

*Натанз, Фордо және Исфахандағы негізгі ядролық нысандарды бөлшектеу.

ИРАН ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

Өз кезегінде Иран СІМ-інің ресми өкілі Исмаил Багаи Теһеранның талаптары «орынды және жауапты» екенін айтып, АҚШ-тан санкцияларды толық алып тастауды, теңіз блокадасын тоқтатуды және Израильдің Ливандағы әскери қимылдарын тоқтатуын талап етті.

ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕЙДІ?

Осы арада Израильдің ұстанымына тоқала кетейік. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранмен қақтығыс әлі аяқталмағанын шегелеп тұрып айтты.

«Ядролық материалдар Ираннан шығарылмайынша және олардың инфрақұрылымы жойылмайынша, әлемге төнген қауіп еш сейілмейді. Трамп маған бұл мәселені күшпен шешуге (елге кіруге) дайын екенін айтты», - деді Нетаньяху.

Алда не күтіп тұр?

Осы аптада Дональд Трамп Бейжіңге ресми сапармен барды және Қытай төрағасы Шимен кездесті. Сарапшылардың пікірінше, Ақ үй басшысы қалайда ретін тауып, Қытайды Иранға қысым жасауға көндірмекші, өйткені Бейжің — қазіргі таңда ирандық мұнайдың ең ірі сатып алушысы болып табылады.

Егер болып жатқан келіссөздер кезінде осы сауалдың дипломатиялық шешімі табылмаса, онда әлекедей жалаңдап отырған АҚШ пен Израиль ақпан айында басталған әскери операцияларын қайта жандандыруы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта Ормуз бұғазында екі тараптың да әскери күштері жоғары әскери дайындық шегінде тұрса, өз кезегінде әлемдік нарықтағы мұнай бағасы құбылып тұр.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар