Мәскеу тыныш ұйқыны ұмытсын: Украина Ресей астанасына шабуылдады...

Украина кеше Мәскеу мен Мәскеу облысына шабуылдады. Мәскеуге қарай опырлатып-топырлатып дрондар ұшырды. Сонымен, бұл шабуылдар туралы не белгілі?

1779096398799680.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

МӘСКЕУ КИЕВТІҢ ЗАҢДЫ НЫСАНАСЫНА АЙНАЛДЫ

Мәскеу мен оның айналасындағы аймақ соңғы бір жылдан астам уақыт ішіндегі ең ауқымды дрон шабуылына ұшырады. Бұл туралы Мәскеу мен Мәскеу облысы жергілікті билігі өздері мәлімдеді.

Ең әуелі Украина дрондары Мәскеу мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) бақылау-өткізу пунктіне шабуылдаған. Онан соң Зеленоград қаласы мен Мәскеу түбіндегі солтүстік аудандар да Киев дрондарымен жат та кеп арпалысқан.

Осының алдында ғана Ресей Украина астанасы Киевке зымыран соққыларын жасап, 24 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылды Ресейдің сол соққыларына берілген «әділ жауап» деп атады.

МӘСКЕУ ТҮБІНДЕГІ АХУАЛ (ПОДМОСКОВЬЕ) ҚАНДАЙ?

Ресейлік БАҚ: «Жексенбі, 17 мамыр күні таңертең ертемен Мәскеу аймағына жасалған дрондар шабуылы соңғы 1 жылдан астам уақыт ішіндегі ең ірі шабуыл болды», - деп хабарлады. Бұған дейінгі осыған ұқсас ауқымды шабуыл 2025 жылдың наурызында болған еді.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, шабуылдың негізгі нысаны – Мәскеу айналма автомобиль жолы (МКАД) мен «Шереметьево» әуежайына жақын орналасқан Мәскеу түбінің солтүстік-батыс бөлігі болған.

Мәскеумен іргелес жатқан Химки қаласының Старбеево шағын ауданына да Украина дрондары маза бермеген.

Мытищи құрамына кіретін Погорелки ауылында тағы екі адам (ер адам мен әйел) көз жұмған. Олар дрон құлаған үйдің ішінде болған.

Красногорскідегі Путилково шағын ауданында дрон көпқабатты тұрғын үйге түскен.

Красногорскіге жақын орналасқан Лобня қаласында дрон сынықтары 5 көпқабатты үй мен 20-ға жуық автокөлікті зақымдаған.

Украина дрондары осы бағытта ілгерілей отырып, Мәскеуден солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жердегі Дедовск қаласындағы нысандарға, одан әрірек орналасқан Агрогородок кентіндегі 6 жеке тұрғын үйге соғылған.

Сондай-ақ, Истра ауданындағы «Устиновка» теміржол станциясы маңындағы түйіспелі желі элементтері зақымдалып, электр пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылған.

Бұдан бөлек, Мәскеу түбінің оңтүстік-батысындағы Наро-Фоминск маңындағы Субботино ауылына дрон құлап, жеке үй өртенген, зардап шеккендер жоқ.

Сондай-ақ Мәскеу облысының шығысындағы Сергиев Посад қаласындағы тұрғын үй секторына жасалған шабуылдан төрт жеке үй мен үш көлік зақымдалған.

Украина ақпараттары Мәскеудің солтүстік-батысындағы Дурыкино ауылының маңында орналасқан «Солнечногорская» мұнай станциясына соққы берілгенін жазды. Желілерде жарияланған видеоларда мұнай өнімдерін сақтайтын цистерналардың өртенгені бейнеленген. Ал «Astra» телеграм-арнасы Мәскеу аймағының магистральдық жүйесіндегі маңызды торап болып табылатын мұнай станциясы нысанаға алынғанын алға тартады.

АЛ МӘСКЕУДІҢ НАҚ ӨЗІНДЕ НЕ БОЛДЫ?

«Ресей Қорғаныс министрлігінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) күштері өткен бір тәуліктің ішінде Мәскеу аспанында 120-дан астам дронды атып түсірді», - деп мәлімдеді Мәскеу мэрі Сергей Собянин. Бұдан кейін де дрондар шабуылы жалғасқан. Собянин кем дегенде тағы жеті дронның атып түсірілгенін хабарлады.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, жексенбінің түнінде Ресей аумағында жалпы саны 556 украиндық дрон атып түсірілген.

Собяниннің айтуынша – шабуылдың басты нысанасы Мәскеудің оңтүстік-шығысындағы Капотня ауданында орналасқан Мәскеу мұнай өңдеу зауыты болған. Ол жерде дрондардың соққысынан кемі 12 адам жараланған, зардап шеккендердің көпшілігі – МӨЗ бақылау-өткізу пунктінде болған құрылысшылар. МӨЗ аумағында  сиреналар мен жарылыс дыбыстары түн бойы естілген.

Бұдан басқа Мәскеудің өз ішінде тағы 3 тұрғын үй дрондардан зақымдалған.

Украиндық телеграм-арналар Мәскеуден солтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқанымен, әкімшілік тұрғыдан Мәскеу округтерінің бірі болып табылатын Зеленоградтағы «Ангстрем» АҚ жартылай өткізгіштер мен микросхемалар шығаратын зауытына да дрондар шабуыл жасағанын хабарлады.

Сондай-ақ «Росавиация» Мәскеуден шамамен 10 шақырым жерде, Мәскеу мен Зеленоградтың арасында (Мәскеудің солтүстік-солтүстік-батысында) орналасқан «Шереметьево» әуежайын уақытша жапқан. Мәскеулік авиациялық тораптың басқа әуежайлары — «Внуково», «Домодедово» және «Жуковский» де жексенбіге қараған түні жұмысын уақытша тоқтатқан.

ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?

Украина президенті Владимир Зеленский өзінің мәлімдемесінде Мәскеу аймағына жасалған шабуылды – «Ресейдің соғысты созуы әрекетіне және Украина қалаларына жасаған соққыларға толықтай әділ жауап» деп атады.

«Бұл жолы Украинаның алысты көздейтін «қатал санкциялары» Мәскеу аймағына жетті. Біз ресейліктерге ашық ескертеміз – Ресей өзі бастаған соғысты аяқтауы керек. Бүгін біз нысанаға алған жерлер Украинаның мемлекеттік шекарасынан 500 шақырым қашықта орналасқан. Ресейдің әуе шабуылынан қорғаныс кешендерінің де ең көп бөлігі осы Мәскеуде орналасқан. Соған қарамастан, біз бұл кедергілерді еңсеріп, дөп соққылар жасаудамыз», - деді Зеленский.

Осыдан соң Украина Қауіпсіздік қызметі Мәскеу мұнай өңдеу зауыты мен «Солнечногорская» мұнай айдау станциясының «соққыға жығылғанын» айтты.

Ал Украина Қарулы Күштерінің Дрон күштерінің қолбасшысы Роберт Бровди:  «Мәскеу енді тыныш ұйқыны ұмытсын», - деп мәлімдеді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар