Қазақстан мен Ресей: Сауда. Экономика. Инвестиция...

Бүгін Астанадағы «Тәуелсіздік сарайында» Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

1779955902485207.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Онан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Құрметті Владимир Владимирович, елордаға қош келдіңіз! Мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады. Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет, - деді.

Владимир Путин:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ең әуелі шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективті бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін, - деді.

1779955869523918.jpg

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ: САУДА. ЭКОНОМИКА. ИНВЕСТИЦИЯ...

Бұл сапарды талқыланатын тақырыптардың палитрасы ауқымды болмақ. Соның ішінде біз екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жай-жапсарын шолып шықтық...

Қазақстан-Ресей серіктестігінің практикалық мазмұны сауда-экономикалық салада ең айқын көрініс табуда. Мұнда экономикалардың бір-бірін жоғары деңгейде толықтыруы және бизнестің кооперацияны кеңейтуге деген тұрақты сұранысы сақталып отыр.

Ресей — Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Ресей Федерациясының үлесіне Қазақстанның бүкіл сыртқы саудасының қарайып 20%-ы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 27,4 млрд долларды құрады. Екі ел үкіметтерінің алдына тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу міндеті қойылды.

Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 21 мыңға жуық кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асты, ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы шамамен 9 млрд долларды құрады.

Өнеркәсіптік кооперацияда елеулі әлеует сақталуда. Инвестицияның жалпы көлемі 52 млрд доллардан асатын 177 бірлескен жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Машина жасау, металлургия, мұнай-химия, құрылыс саласы және агроөнеркәсіптік кешенде жобалар жүзеге асырылуда.

Маңызды бағыттар — тұрақты өндірістік тізбектерді құру, өндірісті локализациялау және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету.

Агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізу, қайта өңдеуді дамыту, тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру тұрақты динамика көрсетіп отыр.

Ұлттық валюталардағы есеп айырысуларды кеңейту және екіжақты ынтымақтастықтың қаржылық инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.

Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия екіжақты күн тәртібіндегі практикалық мәселелерді жедел ілгерілетуге мүмкіндік беретін маңызды үйлестіруші рөл атқарады.

Өңіраралық ынтымақтастыққа ерекше мән беріледі. Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлықтық шекараға ие, бұл шекара маңы инфрақұрылымын, өңіраралық байланыстар мен гуманитарлық қарым-қатынастарды дамытуға ерекше маңыз береді.

Ағымдағы жылдың екінші жартысында Омбы қаласында өткізу жоспарланған Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ Өңіраралық ынтымақтастық форумы екі елдің өңірлері мен іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарға қосымша серпін беруге тиіс.

Сауда айналымы: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27,4 млрд долларды құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен (28,1 млрд доллар) 2,7%-ға төмен. Қазақстанның Ресейге экспорты 14,8%-ға төмендеп, 8,14 млрд долларды құрады. Ресейден Қазақстанға импорт 3,5%-ға өсіп, 19,2 млрд долларға жетті.

Экспорт құрылымы: Қазақстанның Ресейге экспортының негізін уран, қоспасыз болаттан жасалған жалпақ прокат, алюминий оксидтері мен гидроксидтері, темір кендері мен концентраттары, алтын, сондай-ақ суықтай илектелген прокат құрады.

Импорт құрылымы: Ресейден келетін импорт құрылымында табиғи газ, алтын, мұнай өнімдері, ыстықтай илектелген болат шыбықтар, тоқыма өнімдері мен электр энергиясы басым болды.

Инвестициялар (ТШИ): 2005–2025 жылдар аралығында Ресей инвесторларынан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 29,3 млрд долларды құрады. Тек 2025 жылдың өзінде 2,9 млрд доллар ТШИ тартылды.

Қазақстандық инвесторлардың Ресейге салған тікелей инвестицияларының көлемі 2005–2025 жылдар аралығында 9,0 млрд долларды құрады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 144,4 млн долларға тең болды.

Өнеркәсіптік кооперация: Өнеркәсіптік кооперация аясында инвестицияның жалпы көлемі 52,7 млрд доллар болатын 177 жобадан тұратын пул қалыптастырылды.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар