Алматы – халқы тығыз орналасқан, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан әрі таулы бедері күрделі қала болғандықтан, мұнда төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі ерекше маңызға ие. Қалада жер сілкінісі, сел, көшкін, өрт, техногендік апаттар жиі қауіп тудыратын факторлар саналады. Осындай жағдайда өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби дайындығы, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы және халықтың төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету мәдениеті басты рөл атқарады. Алматы еліміздегі халық саны көп ең үлкен мегаполис. Қалада бейресми 4 млнға жуық халық бар. Бұл маусымдық жұмысқа келушілерді және еңбек мигранттарын қоса алғандағы көрсеткіш. Халықтың көп болуы қаладағы қауіпсіздік мәселесін басты орынға шығаратыны түсінікті.

(Сурет: zhasalash.kz)
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мегаполистің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі саналады. Қос құрылым Алматыдай алып шаһардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Алматы географиялық орналасуына байланысты Қазақстандағы ең қауіпті өңірлердің қатарына кіреді. Қала Алатаудың баурайында орналасқандықтан, мұнда жер сілкінісі мен сел қаупі әрдайым сақталады. Сонымен қатар мегаполистегі биік ғимараттардың көбеюі, көлік ағынының артуы және халық санының өсуі өрт қауіпсіздігіне түсетін жүктемені арттырып отыр. Бұл қауіп ай санап артуда. Себебі ай сайын қала халқының саны артып келеді.
Сондықтан Алматыдағы төтенше жағдайлар қызметі тек апат салдарын жоюмен ғана шектелмейді. Оның негізгі бағыты – алдын алу, мониторинг жүргізу, халықты ақпараттандыру және жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру. Міне, бұл негізгі міндеттер саналады. Өйткені қауіптің салдарымен емес, себебімен күресу тактикасы әлдеқайда жақсы екені дәлелденген.
Алматыдағы өрт сөндіру бөлімдері тәулік бойы үздіксіз режимде жұмыс істейді. Өрт сөндірушілер тек тұрғын үйлердегі өрттерді ғана емес, өндірістік нысандардағы, қоймалардағы, сауда орталықтарындағы және таулы аймақтардағы өрттерді де сөндіреді.
2026 жылдың қаңтарында Алматыдағы ірі қоймалардың бірінде болған өрт қала құтқару қызметінің кәсіби деңгейін көрсетті. Өртті сөндіруге ондаған техника мен ондаған қызметкер жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер жалынның жақын маңдағы ғимараттарға таралуына жол бермей, апаттың ауқымды сипат алуын тоқтатты. Бұл әрекетті жылдам әрі кәсіби негізде іске асырды.
Заманауи өрт сөндіру бөлімдері арнайы автосатылармен, биік ғимараттарға арналған техникамен, түтіннен қорғайтын құрылғылармен және дрондармен жабдықталған. Әсіресе Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің көбеюі жаңа технологияларды енгізуді талап етуде.
Өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында мектептерде, университеттерде және мемлекеттік мекемелерде тұрақты түрде оқу-жаттығулар өткізіледі. Бұл халықтың төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Халық төтенше жағдайда қалай әрекет етуді үйреніп, дағдыланады. Арнайы алгоритм пайда болады. Түсінік қалыптасады.
Алматыдағы құтқарушылардың да жұмысы жүйелі, қызметі құнды. Құтқарушылардың жұмысы тек табиғи апат кезінде ғана көрінбейді. Олар жыл сайын тауда адасқан туристерді іздеу, жол-көлік оқиғаларында адамдарды құтқару, су тасқынының алдын алу, өзен арналары мен қауіпті аймақтарды бақылау жұмыстарын атқарады.
Алматы тауларына келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты құтқарушылар таулы аймақтарда тұрақты кезекшілік ұйымдастырады. Арнайы кинологиялық бөлімдер, альпинистік топтар және тікұшақтар төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етеді.
Қыс мезгілінде көшкін қаупі күшейетіндіктен, мамандар қар жамылғысының жағдайын үнемі бақылап отырады. Кейбір қауіпті аймақтарда профилактикалық қар түсіру жұмыстары жүргізіледі. Осының бәрі құтқарушылардың жұмысын мен қызметін құнды ете түсуде.
2026 жылы Алматыда төтенше жағдайларға дайындықты күшейту бағытында бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Мамыр айында қалада кең көлемді сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оған құтқарушылар, әскери бөлімдер, медицина қызметкерлері және авиация қатысты. Жаттығу барысында 7 баллдық жер сілкінісінің шартты сценарийі жасалып, адамдарды эвакуациялау, зардап шеккендерді құтқару және үйінділерді тазарту жұмыстары жүргізілді. Қала бойынша ондаған оқу алаңы дайындалды, ал тұрғындарға MassAlert жүйесі арқылы ескерту хабарламалары жіберілді.
Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Қалада қосымша сейсмостанциялар орнатылып, мониторинг жүйесі жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар төтенше жағдай қызметі опырылу және көшкін қаупі бар тау аймақтарындағы құрылыс нысандарына бақылауды күшейтті.
Көктемгі кезеңде сел және су тасқыны қаупінің алдын алу үшін арықтар мен өзен арналары тазартылып, гидротехникалық нысандар тексерілді. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдай мамандары бірлесіп қатысты.
Соңғы жылдары Алматыдағы төтенше жағдай қызметі цифрлық технологияларды белсенді енгізуде. Қазіргі таңда: дрондар арқылы мониторинг жүргізіледі, бейнебақылау жүйелері пайдаланылады, мобильді ескерту хабарламалары іске қосылған, геоақпараттық карталар жасақталған, қауіпті аймақтардың электронды базасы қалыптастырылуда. Бұл технологиялар апат қаупін ерте анықтап, жедел әрекет ету уақытын қысқартуға көмектеседі.
Осылайша Алматы қаласы кез келген сипаттағы төтенше жағдайға дайын болмақ. Бұл жамандық шақыру емес, бұл «сақтансаң сақтаймын» сипатындағы әрекет.
Mezgil.kz