Путиннің қорқынышты түсі: Дінбасы 800 жыл бұрынғы шайқас үшін сотталды

Қазір Ресей ұлтшылдары екіге жарылды. Бір тобы – мұсылмандарға қарсы жік болса, екінші тобы – қара нәсілділер мен өзге діндегі азиаттарға қарсы.

1780389914335039.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Ал Путин билігі осы бірінші топтың ығына жығылумен келеді. Бұл қарапайым орыс ұлтшылдарының күнделікті тірлігі болса, ал, енді ел билігі терең тарихы бар, Алтын Ордадан тамыр тартатын ұлттық жады бар өз еліндегі мұсылмандарды екінші сортты халыққа айналдырып үлгерді десек те болады. Бұлай дейтініміздің себебі де жоқ емес.

Қазақ елі өзін «Алтын Орда мұрагеріміз» деп дүрілдетіп, әлемге жар сала тойлап жатқан шақта, Ресейде тап осы тақырыпқа қатысты жік шықты. Жік шықты дейтініміз – тарих парақтары бүгінгі күннің саяси құралына айналған Мәскеуде өте қызық, әрі ойландыратын сот шешімі шықты.

РЕСЕЙДЕ 800 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ШАЙҚАС ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Ресей Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, белгілі теолог-ғалым Дамир Мухетдиновке 150 мың рубль көлемінде айыппұл салынды. Оның себебі — діни экстремизм бе? Жоқ. Мемлекеттік құпияны жатқа жаю ма? Тағы да жоқ. Бар себеп — оның жұмыс кабинетінде ілулі тұрған тарихи картинада.

Ол қандай картина десеңіз — бұл арада бар әңгіме 1223 жылғы әйгілі Калка өзеніндегі шайқас туралы болып тұр. Картинада Шыңғыс ханның қолбасшылары Жебе мен Сүбедей бастаған моңғол-орда әскерінің орыс-қыпшақ (половцы) одағын тас-талқан етіп жеңгеннен кейінгі сәті бейнеленген. Тарихи деректер бойынша, жеңістен кейін ордалықтар тұтқынға түскен орыс княздарының үстіне тақтай төсеп, үстінде жеңіс тойын тойлаған.

Міне, осы сурет Мухетдиновтың сұхбаттарының бірінде кадрға түсіп қалған екен. Артынан депутаттардың «домалақ арызы» жазылып, сарапшылар бұл сурет «ұлтаралық немесе діни араздықты тудыруы мүмкін» деген қорытынды жасалған.

Суретке қатысты басы дауға қалған Дамир Мухетдинов — жай ғана діни қызметкер емес. Ол — Мәскеу ислам институтының ректоры, саяси ғылымдар кандидаты, тіпті «Қырымды қорғағаны үшін» медалімен марапатталған, жүйеге адал тұлға. Ол өз сөзінде ешқандай русофобиялық ниеті болмағанын, бұл тек тарихи жәдігер екенін айтып ақталыпты.

Бірақ сарапшылар бұл істің астарында Ресейдегі мұсылман қауымына қатысты тереңірек процесс жатқанын алға тартады. Осылайша діни негіздегі «Үлкен тазарту» толқыны елді шарпыды десек те болады.

РЕСЕЙДЕ МҰСЫЛМАНДАРҒА ҚАРСЫ АУҚЫМДЫ НАУҚАН ЖҮРУДЕ...

Дамир Мухетдиновке салынған бұл айыппұл — жекелеген оқиға емес. Соңғы айларда Ресейде мұсылман дінбасыларына қарсы ауқымды науқан жүріп жатыр. Мордовия, Карелия, Саратов және Санкт-Петербург мүфтилері мен діни жетекшілері бірінен соң бірі тұтқындалып, СИЗО-ға жабылуда.

Ресей демографиялық жақтан жастары аса көп өз ішіндегі мұсылман қауымынан қатты қорқа бастағаны да жасырын емес-ті. Екінші жағынан исламофобия мен бақылау алдыңғы орынға шығып, кейбір деректер бойынша, бұл қатаң шаралар Шығыс елдерінен келетін мигранттар мен ішкі мұсылман қауымдастығының белсенділігін тежеу және діни элитаны толық бақылауда ұстау үшін жасалып жатқан қадамдар болуы мүмкін.

Тарихты суреттен өшіргенмен, оның болғаны өшпейді. Бүгінгі күннің саяси конъюнктурасы үшін 800 жыл бұрынғы тарихты кінәлі қылу қаншалықты қисынды? Бұл діни ұйымдарды толық «тізгіндеудің» жаңа әдісі ме?

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар