Кеше Астанада «Аманат» партиясының сиезі өтті...

(Сурет: qazdauiri.kz)
Ұзақ жылдардан бері Парламентте доминант күшке ие болып келген «Аманаттың» сиезіндегі басты инсайд – төраға Ерлан Қошановтың партияны жаңа құрылған «Әділет» партиясына қосу туралы шешімі болды.
«Аманат» пен «Әділет» бірігеді...
Енді егжей-тегжейлі жазайық:
Партияның XXVI съезінде: «Бірлесіп, про-президенттік күшке айналуымыз керек. Сол арқылы Президенттің бастамаларын жүзеге асыруды жалғастыруымыз керек», - деген «Аманат» партиясының басшылығы сиез соңында «Аманаттың» «Әділет» партиясымен бірігетінін жариялады.
Бұл шешімді сиез делегаттары бірауыздан қолдаған. Партияның парламенттік мүшелерінің сөзінше, бұл мәселе осыған дейін өңір-өңірлер жеке-жеке талқыланып, өңірлік филиалдардың құптауынан өткен.
Ерлан Қошановтың өзі болса: «Аманат» пен «Әділеттің» қосылуы бұл – ешқандай да тапсырма емес, бұл – партияның өзінің ішкі процесі, ішкі шешімі. Мемлекет басшысы бүгінде ешбір партияға мүше емес», - дейді.
Ал партияның Парламенттегі депутаты Айдос Сарым: «Аманатқа» қатысты аймақтарда ел пікірі екіұшты. Оны партия төрағасы да өз сөзінде айтып қалды. Егер жаңа саяси кезеңді бастағанымыз рас болатын болса, бұндай да қадамға бару керек шығар», - деп қайырды.
Партияның тағы бір депутаты Ерлан Саиров: «Шынын айту керек, «Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – ол Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесімен толық қоштасу. 1-ші шілдеден бастап Қазақстан жаңа саяси дәуірге енеді. «Аманат» партиясы үш жылдың ішінде жақсы жұмыс істеді. Халықтың алдындағы өзінің міндеттерін орындады. Бірақ, дегенмен де «Аманаттың» артында Назарбаевтың құлағы шығып тұрады. Сондықтан «Аманат» партиясы «Әділет» партиясына қосылу жөнінде шешім қабылдады», - деді.
Бұл партия қашан құрылды?
1999 жылдың ақпанында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командаластары билікке жақын күштерді бір орталыққа біріктіру және саяси доминанттылықты күшейту мақсатында «Отан» деген атаумен құрды.
Сол кезден бастап бұл партия – билік партиясы саналып келеді және саяси атауын бірнеше мәрте өзгерткен.
2006 жылы «Отан» партиясы құрамына елдегі бірқатар саяси ұйымдарды (солардың ең ірісі – экс-президент Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясы) қосып, іргесін кеңейтті. Және партия атауы «Отаннан» - «Нұр Отан» болып өзгертілді. Содан бері бұл партия Парламенттегі айқын басымдыққа ие болып келді.
Ал 2022 жылғы қанды һәм қасіретті «Қаңтар трагедиясынан» кейін партия ішінде бірқатар ауыс-түйістер жасалды. Ауқымды реформалардан соң партия атауын «Аманат» деп өзгерткен.
Енді міне, биылғы жылдың 12 маусымындағы партия сиезінде «Аманат» партиясы елде жаңадан құрылған тағы бір центристік партия – «Әділеттің» құрамына қосылу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 27 жыл бойы саяси үстемдік құрып келген елдегі ең ірі партияның дәуірі аяқталды.
Mezgil.kz