Кремль тағы тығырыққа тірелді: Қырым көпірі нысанаға алынды!

Украинаның от тұмсықты темір құстары (дрондары) Мәскеу аспанында атой салып, Мәскеу түбіндегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының (МӨЗ) бірі Капотни МӨЗ-ін қосар соққылағаны көп өткен жоқ.

1782119680287806.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Әлгінде Украина дрондары оккупациядағы Қырым мен оған іргелес аймақтарға соққыжар жасап, басқыншылардың аймақтағы әскери және логистикалық жағдайын одан сайын күрделендіре түсті.

МӘСКЕУДЕГІ ОТТЫҢ ШОҒЫ СӨНБЕЙ ЖАТЫП, ҚЫРЫМДЫ ОТҚА ОРАДЫ...

Анығы – бұл шабуылдар нақты стратегиялық мақсатқа, яғни Ресей әскерінің Қырым түбегіндегі жанармаймен қамтамасыз ету жүйесін толықтай тұралатуға бағытталған еді.

Қазіргі таңда Қырым мен Ресейдің ішкі аймақтарын байланыстыратын басты артериялар – паром өткелдері мен жанармай қоймалары негізгі нысанаға айналып отыр.

2026 жылдың 21 маусымына қараған түні жасалған шабуылдар ауқымы болды. Керчь бұғазының екі қапталындағы маңызды порттар бір мезгілде отқа оранды. Керчьтегі мұнай өнімдері мен сұйытылған газды сақтайтын және қайта тиейтін ірі «ТЭС-Терминал» кешені украиналық дрондардың нақты нысанасы болды.

Жергілікті «OSINT» зерттеушілерінің дерегіне сүйенсек, дрондар мұнай толтырылған резервуарлар паркін дәл тапқан. Жарылыстардың салдарынан шыққан өрт соншалықты, қала аспанын қою қара түтін басты. Сонымен қатар, дәл осы аумақта орналасқан Ресейдің 39-шы теміржол бригадасына қарасты №98546 әскери бөлім де соққының астында қалды. Бұдан бөлек, паром қызметін атқаратын «Панагия» кемесіне бірнеше дрон тиіп, кемеде өрт тұтанды. Ресей билігі туындаған қауіптің салдарынан паром қызметі уақытша тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеуге мәжбүр болды.

Бұғаздың арғы бетіндегі Краснодар өлкесіндегі «Кавказ» порты да жойқын соққыдан аман қалмады. Бұл порт Ресей әскері үшін Қырымға паром арқылы жанар-жағармай таситын басты логистикалық торап еді. Мұндағы мұнай терминалы мен паромға тиеу алдында жүк көліктері жиналатын алаң толықтай нысанаға алынды

Қызығы сол, ресейлік әуе қорғанысы жүйелері (ПВО) түні бойы белсенді жұмыс істегенімен, украиналық дрондардың шабуылын тойтара алмады. Тіпті Курортное кентіндегі ресейлік ПВО-ның өзіне дөп соққы жасалды.

ЖАНАРМАЙСЫЗ ҚАЛҒАН ҚЫРЫМДА ЖАҒДАЙ МҮШКІЛ

Қазіргі таңда Қырымға жанармай тасу жағынан жағдай мүшкіл. Құрлық жолы арқылы жанармай жеткізу нағыз қиямет-қайымға айналды. Дрондар Мариупольден бастап Херсонға дейінгі жолдарды тәулік бойы торып, жанармай тиелген көліктерді жемтік іздегендей қуып жүр. Осыған байланысты жанармай тасу бағытында үлкен кедергілер туындады.

Херсон мен Қырымды жалғап жатқан тұстағы бірнеше көпір де үздіксіз соққы астында. Оларды дронмен толық қирату қиын болса да, бағаналарына жасалып жатқан жүйелі соққылар көпірлерді зақымдап, логистиканы істен шығаруда. Жанармай тапшылығының өршігені соншалықты, Қырымда жекелеген адамдарға жанармай сату мен талонмен беру толық тоқтатылған. Жағармай тек мемлекеттік қызмет өкілдеріне ғана берілуде.

КРЕМЛЬ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ: ҚЫРЫМ КӨПІРІ НЫСАНАҒА АЛЫНДЫ!

Естеріңізде болса, 2022 жылы Украина Қырым көпірінде жүк көлігін жарып жіберген соң, Ресей бұл бағыттағы жүк көліктерінің қозғалысын шектеген еді. Алайда, енді қазіргі жағдайға байланысты Ресей билігі жанармай тасымалдау үшін көпірді қайта пайдалануға рұқсат беруі мүмкін. Алайда, әскери сарапшылардың пікірінше, бұл қадам украин тарапы үшін Қырым көпіріне шешуші операция жасауға таптырмас мүмкіндік болмақ. Олар бүкіл логистикалық тізбектің түйіні Қырым көпіріне келіп тірелетінін көріп-біліп отыр.

Кремльдің жағдайы тек Қырымда ғана емес, жалпы ел көлемінде қиындап барады. «Financial Times» басылымының батыс барлауына сілтеме жасай отырып берген дерегінше, Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені өз шегіне жетті. Технологиялық стагнация орын алып, әскери өндіріс тоқтап қалған. Бұған жұмыс күшінің тапшылығы, жоғары технологиялық мамандардың жоқтығы және жаңа зауыттар салуға қаржылық мүмкіндіктің шектеулігі себеп болуда. Әскерге келісімшартпен баратындарға берілетін рекордтық бонустар бюджетті борша кеміріп, үлкен салмақ түсірді.

Финляндиялық «Black Bird Group» орталығының талдауына қарасақ, Ресей әскері биылғы ақпан-мамыр айларында бар-жоғы 164 км² аумақты басып алған, ал былтыр дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 1151 км² болған еді. Прогресс 7 есеге баяулаған. Ресейдің адам саны жағынан басымдығы Украинаның технологиялық соққылары алдында маңызын жоғалтуда.

Осыған қарамастан, Путин әлі де соғысты тікелей басқарып, микроменеджментпен айналысуда. Дегенмен, еуропалық шенеуніктердің болжамы бойынша, Кремль күзгі Мемлекеттік Дума сайлауынан кейін жаңа мобилизация толқынын жариялауға мәжбүр болады. Себебі, Ресей үшін адам капиталы соңғы «көзір» болып қалып отыр. Бұл қадам ішкі әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін болса да, майдан шебін сақтап қалу үшін Мәскеудің басқа амалы қалмағандай көрінеді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар