Жапаров «досын» соттады. Ташиев неден түңілді?

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев «билікті басып алуға әрекеттенді» деген айыппен сотталды, алайда ол түрмеден аман қалды.

1783072294279204.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев, парламенттің экс-спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы және экс-депутат Құрманқұл Зулушев «билікті күшпен басып алу» ісі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылып, оларға пробациялық бақылау қолданылды. Барлық айыпталушы өз кінәларын мойындамады.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты 2 шілдеге қараған түні осы резонанстық іске қатысты шешімді жариялады. Арнайы қызметтің бұрынғы басшысы әрі ел президентінің «досы» Қамшыбек Ташиев, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы және экс-депутат Құрманқұл Зулушев «кінәлі» деп танылды.

Сот аталған үш саясаткер мен іске қатысы бар тағы бес адамды төрт жылға бас бостандығынан айырып, оларға үш жылдық пробациялық мерзім тағайындады. Егер олар үш жыл ішінде заңды бұзса немесе пробация шарттарын орындамаса ғана, нақты түрме жазасына тартылуы мүмкін.

Сонымен қатар сот барлық сегіз айыпталушының мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды, алайда судья Әзірет Медеров «қызмет бабын теріс пайдаланды» деген айып бойынша барлығын ақтады.

Үкім жарияланғаннан кейін қамауда отырған бес айыпталушы сот залынан босатылды.

Осыған дейін, 1 шілдеде прокурор барлық айыпталушыны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Мемлекеттік айыптаушы істің құпиялылығына сілтеме жасап, пікір білдіруден бас тартты.

Ташиевтің адвокаты Икрамидин Айткулов сот үкіміне қарсы шағымданатынын жеткізді. Ол да, оның қорғауындағы азаматтар да шығарылған шешіммен келіспейді. Адвокаттың пайымдауынша, прокурор Ташиев пен басқа да фигуранттардың кінәсін дәлелдейтін ешқандай айғақ ұсынбаған.

1783072405638140.png

(Сурет: сайт скрині)

ТАШИЕВ ПЕН ЖАПАРОВ АРАСЫ ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН СУЫСА БАСТАҒАН...

Естеріңізге сала кетсек, осыдан 3 жыл бұрын Mezgil.kz ақпараттық порталында Ташиев пен Жапаров тандеміне сызат түскенін және олардың өзара билікке таласы қыза түсетінін жазған едік. Онда «Intelligence Online» басылымы Қамшыбек Ташиев туралы жариялаған мақала болжамдары айтылған.

Француз арнайы қызметіне қатысы бар басылым деп айтылатын «Intelligence Online» басылымы: «Ташиев Кремльдің адамы. Кремль Ташиевті Қырғызстанның келесі президенті ретінде көреді. Путин өзінің әріптесі Садыр Жапаровтан гөрі, Қамшыбек Ташиевпен жұмыс жасағанды қолай көреді. Қырғыз Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің бастығы қазірдің өзінде (де-факто) Президенттің көлеңкесінде жүріп, бірқатар стратегиялық шешімдерді бақылауда ұстап отыр. Ташиев 2027 жылғы президенттік сайлауды назардан тыс қалдырмай, билік тетіктеріне өз бақылауын күшейтуде», - деп жазған еді.

Айта кетейік, Қамшыбек Ташиев қырғыз президенті Садыр Жапаровтың «ең жақын досы әрі сенімді серігі» саналып келген. Сооронбай Жээнбековті биліктен кетірген қырғыз төңкерісінен кейін, дәл осы Қамшыбек Ташиевтің көмегі түрмедегі Садыр Жапаровқа көп тиген. Жапаров түрмеден шығып, Қырғыз Президенттігін тізгіндеген. Осыдан соң, Ташиевтің де қолындағы құзыреті ұлғайып, биліктің бірнеше тармағаны бақылау жасай бастаған.

Жапаров-Ташиев тандемі билікке келген тұста Қырғыз Конституциясының «атасы» саналатын сақа саясаткер Өмірбек Текебаев Садыр Жапаровқа қайрылып тұрып: «Доссекретардан құтыла алмайсыз!», - деп мәлімдеме жасаған еді. Бұл 2020 жыл болатын.

Текебаев сол кезде: «Ұлы Наполеон: «О, Құдай, мені достарымнан сақта! Дұшпандарыммен өзім есептесіп аламын», - деген екен. Бүгін сіздің досыңыз Қамшыбек Ташиев туралы бір ауыз сөз айтпасам болмайды. Қамшыбек Ташиев досын түрмеден босатып қана қойған жоқ. Ол оны саяси олимптің биік шоқысына алып шыққанға үлкен септігін тигізді. Ол достықтың үлгісін бәріміз көрдік. Ілгеріде «госсекретар» деген қызмет бар еді. Мен Қамшыбек Ташиевтің қызметін «доссекретар» деп айтар едім.  «Госсекретарға» сөгіс беріп, жұмыстан босатуға болады. Ал «доссекретарды» алмастыра алмайсың, одан құтыла алмайсың», - деген еді.

Сөйткен, Жапаров пен Ташиев тандеміне ақыры сызат түсіп, президент Жапаров өз досын соттап тынды...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар