Реформалар мәні: Қазақстан сыртқы саясатын әртараптандыруда...

Соңғы жылдары Қазақстан экономикасын жаңа даму кезеңіне шығару бағытында ауқымды реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Мемлекет экономиканы әртараптандыруды, жаңа өндіріс орындарын ашуды, инвестициялық ахуалды жақсартуды және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейтуді басты міндеттердің біріне айналдырды.

1783414547234023.jpg

(Суреттер: mezgil.kz, 24.kz)

Жаһандық экономикадағы өзгерістер мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында елдің сыртқы экономикалық саясаты да жаңа бағыттарға бет бұрды. Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатын сақтай отырып, әлемнің жетекші мемлекеттерімен және ірі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтып келеді. Бұл өз кезегінде шетелдік инвестиция тартуға, жаңа жобаларды іске асыруға және елдің Орталық Азиядағы экономикалық маңызын арттыруға мүмкіндік беруде.

Президенттің тапсырмасымен соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ Қазақстанды Орталық Азиядағы ірі инвестициялық хабқа айналдыру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе сыртқы саясат, инвестиция тарту және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселесінде қандай өзгерістер болып жатқанына назар аударған едік.

Осы бағыттағы өзгерістерге қатысты саясаттанушы Нұрболат Нышанбай Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының артуына әсер еткен негізгі факторларға тоқталды.

- Президенттің тапсырмасымен соңғы 5 жыл көлемінде экономиканы әртараптандыру, сонымен қатар Орталық Азияда инвестициялық хаб болу бастамалары сәтті жүзеге асып жатыр. Оның бірнеше бағыттарын көріп отырмыз. Осыдан 2 апта бұрын ғана Брюссельге жасаған сапары барысында Еуропалық Одақ қазір, осыған дейін біздің ең негізгі экспорттық серіктесіміз болса, бүгінде ең ірі инвестициялық серіктесімізге айналды.

Одан бөлек, негізгі инвестициялық ағым Оңтүстік-Шығыс Азия және шығыс көршіміз Қытайдан келіп жатыр. Бұндай инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал еткен, менің ойымша, жақында қабылданған конституциямыз. Ол жерде арнайы конституцияға бағытталған заңнамалар қарастырылған. Инвестордың құқығы, заң үстемдігі және транспаренттілік, тіпті инвестициялық жобаларды ағылшын заңымен Астана қаржы қорының аясында төрелік ету мәселелері де қамтылған.

Сол себепті бұл жоба тек тактикалық немесе бір прагматикалық қысқа бағыттағы жоба емес, ұзақ мерзімді стратегиялық мәні бар жоба деп ойлаймын. Себебі Орталық Азияда соңғы кездері Өзбекстанның инвестициялық тартымдылығы да артып, бәсекелестік күшейгендей көрінді.

Сондықтан жалпы Солтүстік көршіміздегі және Таяу Шығыс аймағындағы геосаяси қақтығыстар күшейген тұста, сол аймақтағы инвесторлар өздерінің капиталын енгізу үшін баламалы бағыттар іздеп жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстан сәтті регион, аймақ ретінде өзін таныта білді деп ойлаймын.

Бірақ инвесторларды тарту бір бөлек, ал оларды ұзақ мерзімді жүйелі жобалар арқылы ұстап қалу — екінші мәселе. Сондықтан алдағы бағыттарда тек қана қысқа мерзімді фактілермен шектеліп қоймай, осындай инвестициялық жобаларды экономиканың күре тамырына айналдыра білу — осы күзде жұмысына кірісетін Үкіметтің негізгі жұмыстарының бірі деп ойлаймын, - деді спикер.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар