Конституциялық соттың шешімі және реформалардың сабақтастығы

Мемлекеттік институттарды нығайту, реформалардың сабақтастығын сақтау және елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету – Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық және саяси жаңғырудың негізгі басымдықтарының бірі.

1783437084737014.jpeg

(Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды)

Осы бағыттағы құқықтық айқындықты қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Сот жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бұрынғы қызмет мерзімдері есепке алынбайтыны жөнінде ресми түсіндірме берді. Бұл шешімнің саяси және құқықтық маңызы туралы саясаттанушы Бауыржан Ысқақпен сұхбатта талқыладық.

- Конституциялық Соттың түсіндіруі бойынша жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бұрынғы қызмет мерзімдері есепке алынбайтынын нақтылады. Бұл шешімнің негізгі мақсаты мемлекеттік реформалардың сабақтастығын қамтамасыз ету деп айтуға бола ма?

- Бұл шешімді бірнеше қырынан қарастыруға болады. Құқықтық тұрғыдан Конституциялық соттың негізгі міндеті – Конституция нормаларының мазмұнын түсіндіру және құқықтық айқындықты қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай түсіндіру мемлекеттік институттардың қалай жұмыс істейтініне қатысты белгісіздікті азайтады.

Институционалдық экономикада маңызды қағида бар – ережелердің анықтығы мен болжамдылығы. Егер негізгі конституциялық нормаларға қатысты түсініксіздік болса, бұл мемлекеттік шешім қабылдау жүйесіне, инвестициялық ахуалға және ұзақ мерзімді жоспарлауға әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл шешімді мемлекеттік басқаруда құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған қадам ретінде бағалауға болады. Ал реформалардың сабақтастығына ықпалы дәл осы құқықтық тұрақтылық арқылы көрінеді. 

- Соңғы жылдары саяси жаңғыру, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, мемлекеттік басқару, сот жүйесі, экономика және әлеуметтік салада ауқымды реформалар басталды. Осындай жағдайда реформалардың ортасында саяси сабақтастықтың сақталуы қаншалықты маңызды?

- Халықаралық тәжірибеде реформалардың табысты болуы көбіне олардың институционалдық сабақтастығына байланысты. Мысалы, Сингапур бірнеше ондаған жыл бойы мемлекеттік басқару мен экономикалық саясаттың негізгі бағытын сақтай отырып, жоғары табыс деңгейіне қол жеткізді.

Яғни экономика үшін ең маңыздысы – болжамдылық. Егер мемлекеттік саясат жиі өзгерсе, бизнес ұзақ мерзімді инвестициялық шешімдерді кейінге қалдыруы мүмкін. Сондықтан реформалардың логикасы мен негізгі бағыттарының тұрақты болуы экономикалық белсенділікке оң әсер етеді. 

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған өзгерістердің едәуір бөлігі ұзақ мерзімді институционалдық реформаларға негізделген. Мұндай реформалар толық нәтиже беруі үшін оларды соңына дейін жеткізудің маңызы қандай?

- Институционалдық реформалардың нәтижесі бірден байқала бермейді. Әдетте мұндай реформалар бірнеше кезеңнен өтеді: заңнамалық өзгерістер қабылданады, жаңа институттар қалыптасады, мемлекеттік органдардың жұмыс тәжірибесі өзгереді, қоғам мен бизнес жаңа ережелерге бейімделеді, содан кейін ғана нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелер қалыптаса бастайды. Мысалы, сот жүйесін жаңғырту немесе мемлекеттік қызмет реформасының нәтижесі алғашқы жылдары емес, бес-он жылдан кейін толық көрінуі мүмкін. Сондықтан реформалардың толық аяқталуы олардың тиімділігін бағалаудың негізгі шарты болып саналады. 

- Кейбір сарапшылар «реформаларды бастап, оларды аяқтамай тоқтату мемлекет үшін қосымша тәуекелдер тудыруы мүмкін» деген пікір айтады. Сіз осы көзқараспен келісесіз бе? Оның саяси және экономикалық салдары қандай болуы мүмкін?

- Көптеген халықаралық зерттеулер аяқталмаған реформалардың бірнеше тәуекелін көрсетеді. Олар – мемлекеттік саясатқа деген сенімнің төмендеуі, бизнес үшін белгісіздіктің артуы, инвестициялық шешімдердің кейінге қалдырылуы, бюджет шығындарының тиімділігінің төмендеуі және басталған өзгерістердің толық нәтиже бермеуі. Сонымен қатар кез келген реформаны жалғастырудың өзі оның нәтижелілігін автоматты түрде қамтамасыз етпейді. Табысты болу үшін реформаларды тұрақты бағалау, қажет болған жағдайда түзету енгізу және қоғаммен тиімді коммуникация орнату да маңызды.

- Конституциялық Соттың түсіндіруі құқықтық тұрғыдан мемлекеттік институттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған деп айтуға бола ма? Бұл шешім реформалардың үздіксіз жалғасуына қандай мүмкіндік береді?

-  Конституциялық соттың негізгі функцияларының бірі – құқықтық нормаларды түсіндіру арқылы құқық қолдану тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай түсіндіру құқықтық белгісіздікті азайтады, мемлекеттік институттардың жұмысын түсініктірек етеді және ұзақ мерзімді жоспарлауға қолайлы құқықтық орта қалыптастырады. Құқықтық тұрақтылық – экономикалық тұрақтылықтың да маңызды алғышарттарының бірі.

- «Әділетті Қазақстанды» құру бірнеше жылда аяқталатын процесс емес екені белгілі. Президент бастамашылық еткен өзгерістердің толық іске асуы үшін қандай кезеңдер әлі алда деп ойлайсыз?

- Жалпы, кез келген кешенді жаңғыру бірнеше ұзақ мерзімді бағытты қамтиды. Олар – мемлекеттік басқаруды цифрландыруды тереңдету, сот және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту, экономиканы әртараптандыру және шағын әрі орта бизнестің үлесін ұлғайту. Сонымен қатар білім мен ғылымның сапасын көтеру, жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту, адами капиталға салынатын инвестицияны арттыру да маңызды бағыттардың қатарында.

- Қоғам бүгінде тек реформалардың басталуын емес, нақты нәтижесін күтеді. Осы тұрғыдан алғанда, басталған саяси және экономикалық жаңғырту бағдарламаларын толық аяқтау елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін қаншалықты маңызды?

- Жалпы, кез келген реформаның түпкі бағасы қабылданған заңдармен емес, азаматтардың өмір сапасындағы нақты өзгерістермен өлшенеді. Ұзақ мерзімді нәтижені бағалауға мүмкіндік беретін негізгі көрсеткіштер – тұрақты экономикалық өсім, еңбек өнімділігінің артуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы, сапалы жұмыс орындарының көбеюі, халық табысының өсуі, әділ әрі тиімді мемлекеттік институттардың қалыптасуы және сот жүйесі мен мемлекеттік басқаруға деген қоғамдық сенімнің артуы. Сондықтан реформалардың басталуы маңызды болғанымен, олардың нақты нәтижеге жетуі және тиімді іске асырылуы ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму үшін шешуші мәнге ие. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, табысты мемлекеттер реформаларды бірізді жүзеге асырып, олардың орындалуын тұрақты бағалап, қажет болған жағдайда дер кезінде түзетіп отырады.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар