Балаларға арналған сапалы контент – ұлттың болашағына салынған инвестиция. Соңғы жылдары бұл бағытқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, балалар телеарналарының жұмысы жанданып келеді.

(Сурет: Qazcontent-тен алынды)
Шетелдік мультфильмдер қазақ тіліне дубляждалып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін төл туындылардың саны артуда. Әсіресе, батырлар жыры, қазақ әдебиеті мен мәдениеті негізінде әзірленген жобалар арқылы жас ұрпақтың танымын кеңейтуге басымдық беріліп отыр.
Осы орайда біз «Айгөлек» балалар журналының авторы, ақын Қымбат Әбілдәқызынан бүгінгі қазақ балалары қандай контент көріп жүргені, «Балапан» телеарнасының бала тәрбиесіндегі рөлі, балалар контентінің қазіргі даму деңгейі және оны одан әрі жетілдіру жолдары туралы пікірін сұрадық.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек» деді. Осы сөзден кейін әкімдерден бастап түрлі мекемелерге дейін кітап оқу челлендждерін ұйымдастырып, бір-біріне кітап ұсынған жасанды әрекеттер көбейді. Соған қарап еріксіз күлесің. Өйткені қолына өмірінде кітап ұстамағандай көрінетін кейбір адамдардың аяқ астынан кітапсүйер болып шыға келуі шынайы көрінбейді. Бізде осындай көзбояушылық көп.
Абай айтқандай, күн сайын болмаса да, аптасына не айына бір рет өзімізге есеп беруіміз керек. «Мен қалай өсіп келемін? Уақытым қалай өтіп жатыр? Қарным ғана тоқ па, әлде көкірегімде қандай рухани қазына бар?» деген сұрақтарды әркім өзіне қойса, ештеңе оқымайтын адам өзіне «екі» қояр еді.
Қазір өзіне есеп бере алатын адамдардың бір бөлігі ғана кітап оқып жүр. Оған бағыт-бағдар беріп жүрген жақсы азаматтар да бар. Бірақ адамның оқуға деген тәбеті бір күнде қалыптаспайды.Ол бала кезден қалыптасатын дүние . Баланың жақсы мен жаманды ажырата бастаған шағынан-ақ кітапқа қызығушылық ояту керек. Сонда ғана ол қанағатшыл, адамгершілігі мол тұлға болып өседі.
Өкінішке қарай, бала өздігінен кітап оқымайды. Үлкендер оқымайды, ата-аналар кітап сатып алмайды, балалар журналына жазылдырмайды. Ақша жоқтықтан емес, кітаптың құндылығын түсіну жетіспегендіктен. Ал оқу бір күнде нәтиже бермейді. Ол жылдар бойы жиналып, адамның рухани байлығына айналады.
Мен «Айгөлек» журналында 20 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бүгінде жазылушы өте аз. Ай сайын балаларға қызықты, көркем безендірілген, танымдық материалдар дайындаймыз. Бірақ ата-аналар баласына жаздырып беруге асықпайды.
Өкінішке қарай, мұғалімдердің де көбі қосымша кітап пен журнал пайдаланбайды. «Мына журналда қызықты тапсырмалар бар екен, бірге талқылайық» деп балалардың қызығушылығын оятатын ұстаздар аз. Мұғалімнің үстелінен кітап не журнал тұрғанын көрмеген бала оқуға қалай қызықсын?
Салалық министрліктер де, депутаттар да балаларды кітап оқуға баулитын жүйелі жұмыстарды жеткілікті деңгейде жүргізіп отырған жоқ. Ал балалар журналында табиғат та, жануарлар әлемі де, тұлғалар өмірі де, ұлттық құндылықтар да, логикалық тапсырмалар да, шығармашылық байқаулар да бар. Біз балаларды ойлануға, ізденуге, әлемді тануға шақырып келеміз. Бірақ осы еңбекті зиялы қауымның өзі бағалап, өз баласына жаздырып бермейді.
Мен мектеп жасындағы балалармен жиі сөйлесемін. Біреуі маған: «Балапан» арнасын көрмеймін, өйткені шетелдік мультфильмдерде оқиға тез ауысады, қызық болады», – деді. Бұл – баланың өз пікірі. Мен мұны айтып, арнаны сынап отырған жоқпын. Тек баланың қызығушылығы қай жаққа ауып бара жатқанын жеткізіп отырмын.
Жазғы демалыста балаларға «Айгөлек» журналын тегін ұсынып, «мына ертегілерді оқыңдар, байқауларға қатысыңдар» деп қызықтырамын. Бірақ бұрынғыдай «беріңізші, оқиын» деген ықыласты көзден көрмеймін. Бұл – балалардың оқудан алыстап кеткенінің белгісі. Бұл – бүкіл қоғам болып ойланатын мәселе.
Сондықтан бүгінгі балалар контентінің жағдайы өте қиын. Баланы көтермелемей, шығармашылығын бағаламай, оның кішкентай жетістігін қолдамай үлкен нәтиже күту мүмкін емес. Отбасында да, қоғамда да қолдау болмағандықтан, балалардың көбі рухани тәрбиеден, оқу арқылы білім мен тәрбие алудан алыстап кетті.
Бұл мәселені ұранмен де, науқанмен де шеше алмаймыз. Баланың тәрбиесіне ең әсерлі құрал – қолына ұстап оқитын кітап пен журнал. Біз сондай журналды жанымызды салып шығарып отырмыз. Бірақ оны оқитын бала аз. Өйткені ата-аналар оған ақша жұмсауға да, уақыт бөлуге де құлық танытпай отыр.
Mezgil.kz