Ресейдегі жанармай тапшылығы ауқымды мәселеге айналды. Украина күн сайын ресейлік энергия көздеріне соққы жасауда. Жанармай таситын көліктер, МӨЗ-дер, танкерлер, мұнай жөнелту станциялары, мұнай қоймалары соққыға ұшырауда. Бұл жанармай құю бекеттері маңындағы ұзын-сонар кезекті туындатты. Бекет маңында жүйкесі жұқарған жұрт жаға жыртысуда. Neue Zürcher Zeitung басылымы 1917 жылы Ресей империясында нанға кезек болып, оның соңы империяның күйреуіне әкелгенін жазды. Басылым Ресейдегі жанармай кезегі Путин билігіне қалай қауіп төндіретіні жайлы жазды.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Басылым Ресейдегі қазіргі жағдайды 1917 жылғы Ресей империясындағы жағдаймен бірдей деу қателік дейді. Алайда өзара ұқсас тұстары да бар. Ресей империясы даму деңгейі бойынша Еуропадағы ең артта қалған монархия болды. Дегенмен, қазіргі Ресеймен салыстырғанда, 1917 жылдары Ресей империясында айтарлықтай сөз бостандығы сақталды.
1917 жылы Ресей империясында жағдай өте ауыр болды. Империя бірінші дүниежүзілік соғыстан қалжырап шықты. Мемлекеттің қазынасы бос қалды. Халықта ішерге ас, киерге киім болмады. Миллиондаған халық бір бөлке нан үшін сағаттап кезекте тұрды. 1917 жылдың ақпанында жағдай апаттық деңгейге жетіп, Петроградта нан кезегінде тұрған халық жаппай наразылыққа шықты. Дүкендердің терезесін сындырып, алаңдарға мыңдаған адам жиналды. Полиция және әскермен қала көшелерінде қақтығыстар болып жатты. Бұл империяның күйреуіне әкелген оқиғаның бірі болды. Себебі наразылық акциялары тізбекті түрде жалғасып, ішкі күштердің қайшылығы үдей түсті.
Ресей империясындағы Мемлекеттік Думада түрлі күштер сөзталасқа түсіп жатты. Оппозициялық либералды партиялар жасақталды. Марксистер де аз емес еді. Консерваторлар да болды. Қала халқы патшаның қателіктерін талқылап жатқанда, ұлтшыл-патриоттар төңкеріс жайлы жиі сырласатын. Тіпті билік басындағылардың кейбірі патшаны ашық сынға алатын. Қазіргі Ресей билігі мұндай еркін ойға және пікірге жол бермеуде. Путин билігі Ресейде интернетті баяулатып, әлеуметтік желілерді шектеп, кей қосымшаларға тыйым салып, түрлі саяси күштерді қудалап, биліктің бағытын қолдамайтындарды соттауда. «Кремль патшалық Ресейдің қателігінен сабақ алды» дейді сарапшылар.
Ресей империясындағы құпия полицияда 2 мыңға жуық офицер және қоғамның ішінен ақпарат жинайтын 25 мыңға жуық «тыңшы» болды. Ал бүгінгі Ресейде Путиннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдарда, қоғамдағы наразылық көңіл-күйін анықтайтын салаларда жарты миллионға жуық адам жұмыс істейді. Олар рейтингті анықтаудан бастап азаматтардың ұялы телефондарын тексеруге дейінгі әрекеттерді жүзеге асыруда. Ал қоғамдағы әрекетті бақылау мақсатында Ресейде 14 млнға жуық камера қойылған. Дәл осы камераларды да бақылау әлгі қызметтердің міндеті саналады.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа Ресей империясынан 8 млн адам қатысты. Ал бүгінгі күні Украина аумағында 700 мыңнан астам ресейлік сарбаз бар. Бірінші дүниежүзілік соғыста газеттер майдан даласы жайлы жиі жазатын. Ірі қалаларда әскери гарнизондар орналасты. Майданнан оралған сарбаздар соғыстың сұмдығы жайлы баяндайтын. Ұрыс даласындағы орасан шығын жайлы да шындықтар айтылатын. Ал бүгінгі Ресейде билік соғыстағы сәтсіздіктер жайлы мүлде айтпайды, БАҚ өкілдері де бұл тақырыпты айналып өтуде.
Сарапшы Рейц Ханк былай дейді: «Ресей билігі соғысты 4 жылдан астам уақыт бойы Ресей қоғамынан әлдеқайда алыста деп сендірді. Ресейдің сәтсіздіктері жайлы мүлде айтпады. Тіпті Украина Курскке басып кірген сәтте де, ол туралы аз айтты. Путин Курск облысына барған жоқ. Украина Ресейдің әр өңірінде стратегиялық ұшақтарды жойып жатқан сәтте де Кремль байқамағандай сыңай танытты. Соғыс алыста, біз жеңіп жатырмыз, Киев әне-міне құлайды, шығынымыз аз дегенді айтумен келеді. Алайда енді соғыс ресейлік әр жанұяға соққы жасауда. Қалтасын қағып, жүйкесін жұқартып жатыр. Майдан даласынан 7 мың шақырымда жатқан Қиыр Шығыста да жанармай тапшы. Халық таң атпастан жанармай бекеттерінде кезекте тұр. Ресейге Украинадан жүз мыңдап табыттар ағылған сәтте де Ресей қоғамы қазіргідей соғыс тақырыбын талқылаған емес. Енді соғыс тақырыбын әр екінші адам талқылауда. Олар соғысты тоқтатуды талап етуде. Путиннің мығым күшіне көпшілік күмәндана бастады. Путин үшін бұл ең қауіпті сценарийдің бірі еді», - дейді.
Сарапшылар Ресей империясын нан кезегіндегі наразылық шайқалтқанын айта отырып, Путин билігін жанармай кезегіндегі жұрт шошыта бастағанын жазуда.
Mezgil.kz