Сыртқы саясат: Қазақстанның таңдауы - көпвекторлы теңгерім!

Қазақстанның сыртқы саясаты бүгінде елдің халықаралық беделін нығайтып, әлемдік қауымдастықпен өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге бағытталып келеді. Соңғы жылдары дипломатиялық қарым-қатынастардың ауқымы кеңейіп, экономикалық әріптестік пен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілуде.

1784016515327019.jpg

Бұл бағыттағы өзгерістер еліміздің жаһандық деңгейдегі ұстанымын айқындай түсуде. Осы мәселелер төңірегінде саясаттанушы Жанат Момынқұлов өз бағасын беріп, Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтар мен соңғы жылдардағы оң өзгерістерге тоқталды.

Жанат Момынқұлов:

— Соңғы жылдары Қазақстанның сыртқы саясаты анағұрлым белсенді әрі прагматикалық сипатқа ие болды деуге негіз бар. Астана көпвекторлы бағытты сақтай отырып, батыс пен шығыстан инвестиция тартуға, құрлық ортасында көлік дәліздерін дамытуға және аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық беруде. Осы орайда ішкі саяси үрдістердің реттелуі де сыртқы балансты әрі қарай сақтауға тұрақты негіз салады. 

Алдымен, Қазақстан Орталық Азия елдерімен аймақтық интеграцияны күшейтіп, сыртқы саясаттың ең маңызды бағытына айналдырды. Ең жоғары деңгейдегі сенім мен кездесулер саны артты, тұрақты сарапшылар кездесулері өтіп, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамытуда. Бұл Орталық Азия қауіпсіздігі мен түркі мемлекеттері арасында экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етіп, аймақтың геосаяси маңызы арттырды. 

Еуропалық Одақпен қатынастар жаңа жоғары деңгейге шықты. Оған себеп, 
ЕО біздің стратегиялық минералдарға, жасыл энергетика және Транскаспий халықаралық көлік бағытына қызығушылық білдіріп отыр. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік және сенімді ресурстық серіктес ретінде өз рөлін күшейтті. 

Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығарды. АҚШ елімен инвестициялар, энергетика, маңызды минералдар және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетіп келеді. Экономикалық әріптестік екіжақты қатынастардың негізгі бағытына айналуда.

Қиын геосаяси қысымға қарамастан, Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестікті сақтай алды, тіпті жаңа деңгейге шығарды, әрі барынша тәуелсіз сыртқы саясатын жалғастыруға тырысуда. ЕАЭО аясындағы экономикалық және көлік саласындағы ынтымақтастық сақталғанымен, Астана геосаяси текетіреске тартылмауға ұмтылады. 

Қытай Қазақстанның басты әрі ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, қазақ-қытай қатынасы, Тоқаев пен Си арасындағы химия мен Орта дәлізді дамыту Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік маңызын арттырды. Қытайлық инвесторлар Алатау мега қаласы құрылысына қаржы құюды бастады. 

Таяу Шығыс мен оңтүстік Азия бағытында да Қазақстан аймақ елдерімен инвестициялық, энергетикалық және логистикалық байланыстарды белсенді дамытуда. Сонымен қатар, ел дінаралық диалог пен халықаралық үнқатысу алаңы ретіндегі рөлін сақтап келеді. Түркиямен қорғаныс пен көлік саласында стратегиялық қатынастар жалғасуда. Қазақ елі Ауғанстанмен сауда, гуманитарлық байланыс және аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша прагматикалық саясат жүргізуге көшті. Бұл бағыт Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын дамыту тұрғысынан маңызды.

Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытып, цифрлық дәліз
инфрақұрылымын жаңғырту арқылы Еуразиядағы ірі логистикалық хабқа айналуға жақындап келеді. Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында цифрландыру, жасанды интеллект және заманауи IT-инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда. Бірте бірте жаңашыл ел болып келеміз. 

Саяси тұрғыдан, президент Тоқаевтың соңғы кезеңінде Қазақстан дипломатиясы дәстүрлі көпвекторлы теңгерімнен белсенді экономикалық дипломатияға, ашық та батыл прагматизмге қарай жылжыды десе болады. Бүгінде Астана инвестиция тарту, көлік дәліздерін дамыту және халықаралық экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін геосаяси өзгерістерді тиімді пайдалануға ұмтылатын күрделі ойыншы.  

Сонымен қатар, бұл саясаттың баяндылығы Қазақстанның Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ, Түркия және Таяу Шығыс елдері арасындағы теңгерімді сақтай білуіне тікелей байланысты. Осы көпвекторлы теңгерім Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатының негізгі артықшылығы болып қала береді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар