Қазақстан Еуразиядағы сенімді логистикалық хабқа айналды!

Әлемдік сауда жолдары қайта қалыптасып жатқан кезеңде мемлекеттердің күші тек табиғи ресурстарымен емес, географиялық артықшылығын қаншалықты тиімді пайдалана алуымен де өлшенеді.

1784118642623621.jpg

(Сурет: ea-monitor.kz)

Соңғы жылдары геосаяси текетірестер, санкциялар мен дәстүрлі бағыттардың тұрақсыздығы Еуропа мен Азия арасындағы жаңа әрі сенімді көлік дәліздеріне сұранысты күрт арттырды. Осындай жағдайда Қазақстан жай ғана транзиттік аумақ емес, құрлықтарды жалғайтын стратегиялық көпірге айналуға ұмтылып отыр. Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы ең маңызды бағыттардың бірі.

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері бейбітшілікке, өзара тиімді серіктестікке және көпвекторлы сыртқы саясатқа басымдық беріп келеді. Бүгінде осы саясаттың экономикалық жалғасы ретінде көлік-логистика саласын дамыту алдыңғы қатарға шықты. Себебі әлем картасына қарасақ, Қазақстан Еуропа мен Азияның дәл тоғысқан тұсында орналасқан. Бұл артықшылықты тиімді пайдалану – тек экономикалық емес, саяси маңызы зор міндет.

Соңғы жылдары ресми Астана Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамытуға ерекше мән беруде. Бұл бағыт Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропаға шығады. Бұрын халықаралық жүк тасымалының басым бөлігі солтүстік бағытпен жүзеге асса, қазіргі геосаяси өзгерістер Орта дәліздің маңызын бірнеше есе арттырды. Сондықтан Қазақстан бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысып жатыр.

Осы ұстаным еліміздің халықаралық серіктестерімен жүргізіп отырған келіссөздерден де анық байқалады. Жақында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словенияның Инфрақұрылым министрлігінің Авиация және теңіз көлігі дирекциясының бас директоры Томаж Печникпен кездесіп, көлік, логистика және транзит саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. Әңгіме барысында Қазақстанның теміржол, автомобиль, порт және авиация инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалары таныстырылып, Адриатикадағы маңызды логистикалық орталықтардың бірі – Копер портымен әріптестікті күшейту мәселесі көтерілді. Бұл Қазақстанның Еуропамен логистикалық байланысын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. 

Орта дәліздің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның халықаралық сипатында. Бұл бағыт бірнеше мемлекеттің үйлесімді жұмысын талап етеді. Сондықтан Қазақстан тек инфрақұрылым салып қана қоймай, кеден рәсімдерін жеңілдету, цифрлық логистика жүйесін енгізу, құжат айналымын жеделдету бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен халықаралық кездесуде дәліз бойындағы мемлекеттер жүк тасымалының көлемін қазіргі 4,5 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жөнінде ортақ мақсат қойғаны да осының дәлелі. 

Қазақстан бүгінде өзін тек шикізат экспорттаушы мемлекет ретінде емес, Еуразия кеңістігін байланыстыратын сенімді логистикалық серіктес ретінде танытуға ұмтылып отыр. География – табиғаттың берген сыйы болса, оны тиімді пайдалану – мемлекеттің саяси көрегендігіне байланысты. Орта дәліздің болашағы да дәл осы ұстанымға тәуелді. Егер қолға алынған жобалар толық жүзеге асса, Қазақстан алдағы жылдары тек аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі маңызды көлік-логистикалық орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар