Маңғыстаудың тарихи жерасты мешіттері – Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Тынымбайұлы Карин мәлімдеді.

(Сурет: Е.Қариннің телеграм арнасынан алынды)
Тарихи шешім Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясында қабылданды. Қазақстан үшін бұл – ұлттық тарих пен мәдени мұраны халықаралық деңгейде танытқан маңызды оқиға.
Ерлан Кариннің айтуынша, аталған нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі – жай ғана мәдени жетістік емес, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасының әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы.
«Маңғыстаудың жерасты мешіттері тек құлшылық жасайтын орын емес. Олар өз дәуірінде білім мен ағартудың да өзіндік орталығы болған. Осы қасиетті мекендерде халқымыздың тарихи жады мен ата-бабадан жеткен аманаты сақталған», – деді Ерлан Карин.
Қазақстанның мәдени мұра нысандары ЮНЕСКО тізіміне соңғы рет 2004 жылы енгізілген еді. Сондықтан Маңғыстаудың жерасты мешіттерінің халықаралық деңгейде мойындалуы еліміздің мәдени дипломатиясы үшін де елеулі қадам болып отыр.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асты. Президент 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.
Енді бұл тарихи нысандар әлемдік мәдени мұраның бір бөлігі ретінде халықаралық деңгейде қорғалатын болады. Сонымен қатар олардың ЮНЕСКО тізіміне енуі Маңғыстаудың туристік әлеуетін арттырып, өңірге шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды дамытуға және тарихи орындарды жүйелі түрде жаңғыртуға жаңа серпін беруі мүмкін.
Алайда ЮНЕСКО тізіміне ену – жұмыстың соңы емес, керісінше, үлкен жауапкершіліктің бастауы. Қазақстан енді ұлттық мәдени мұраның өзге де бірегей үлгілерін халықаралық деңгейде танытуға ниетті.
Алдағы уақытта Жаркент мешіті, Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі, Қаратау петроглифтері және Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» секілді тарихи әрі рухани құндылықтарды ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Маңғыстаудың жерасты мешіттерінің ЮНЕСКО мұрасына айналуы – Қазақстанның өткенін әлемге танытқан ғана емес, болашаққа қалдырған рухани аманатын халықаралық деңгейде бекіткен тарихи қадам.
Ерлан Қариннің мәлімдемесі
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен Маңғыстаудың жартасты мешіттері (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында осындай оң шешім қабылданды.
Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені, төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын (2003 жылы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2004 жылы – Таңбалы петроглифтері). Кейінгі жылдары ғана Президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді.
Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жұмыстарын бастауды тапсырды.
ЮНЕСКО тізімінен лайықты орын алу – біз үшін зор мақтаныш. Әрі бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи жетістік.
Комитеттің 48-ші сессиясында сөйлеген сөзімде атап өткенімдей, Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары болды. Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. Осылайша, ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады.
Тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін әкеледі. Әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда, Түркістанда, Қызылордада өткен отырыстарында ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды қосу ісін жан-жақты жандандыруды тапсырған еді. Дәлірек айтсақ, алдымызда таза ағаштан салынған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін, хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу міндеті тұр. Біздің ендігі күш-жігеріміз осыған бағытталады.
Mezgil.kz