Білім саласында өзгеріс көп, бірақ шешімін күткен мәселе де аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясындағы баяндамасы осының бірнешеуін нақты көрсетіп берді. Мұғалімнің жүктемесі, кадр тапшылығы, ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығы, жасанды интеллектіні енгізу және бала қауіпсіздігі – қоғам назарындағы өзекті тақырыптар.

(Суреттер: Ақорданың телеграм арнасынан және oq.gov.kz сайтынан алынды)
Мемлекет басшысы нақты міндеттер қойды. Ендігі сұрақ – бұл бастамалар білім беру жүйесіне қандай өзгеріс әкеледі? Осы мәселеге қатысты қоғам қайраткерінің пікірін білдік.
Омарәлі Әділбекұлы, қоғам қайраткері:
– Президенттің 2026 жылғы 26 тамыздағы Тамыз конференциясында көтерген мәселелерінің ішінен мұғалім кадрлары мен педагогтердің кәсіби сапасы және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне дұрыс енгізу өзара тығыз байланысты екі негізгі мәселе деп санаймын. Президенттің өзі елге әлі де 5 мыңнан астам мұғалім қажет екенін, ал педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру керектігін атап өтті. Сонымен бірге білім саласында «реформа үшін реформа» жасамау қажеттігін ескертті.
Қазір білім саласы үшін ең өзекті мәселе – мұғалімнің сапасы мен мәртебесі.
Себебі кез келген технология, оның ішінде жасанды интеллект те, мұғалімді толық алмастыра алмайды. Оқушыға ақпарат беру бір бөлек, ал оның ойлау қабілетін қалыптастыру, дұрыс бағыт көрсету, тәрбие беру, жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын сіңіру – мұғалімнің негізгі міндеті.
Бүгінгі таңда білім жүйесіне бір мезгілде үш міндет жүктеліп отыр:
1. мұғалім тапшылығын жою;
2. педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру;
3. мұғалімді артық әкімшілік жұмыстан босатып, негізгі кәсібіне – бала оқытуға мүмкіндік беру.
Президенттің білім саласындағы реформаларды асығыс жүргізбеу туралы ескертуі де өте орынды. Білім беру – эксперимент жасайтын емес, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған сала.
Менің ойымша, мұғалімнің сапасы көтерілмей, білім сапасын түбегейлі көтеру қиын.
Жасанды интеллект мектептерге енгізілсе, білім сапасы арта ма? Иә, дұрыс қолданылса – білім сапасын айтарлықтай арттыра алады. Бірақ оны мақсат емес, құрал ретінде қарау керек.
Жасанды интеллекттің бірнеше үлкен мүмкіндігі бар. Мысалы, ол оқушының деңгейіне қарай тапсырмаларды бейімдеуге, мұғалімнің уақытын үнемдеуге, оқу материалын жекелендіруге және біліміндегі олқылықтарды анықтауға көмектесе алады. Қазақстанның 2026–2029 жылдарға арналған жоспарында да оқытуды оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімдеу, педагогтердің цифрлық құзыретін арттыру және дербес деректерді қорғау шаралары қарастырылған.
Әсіресе ауыл мектептері үшін оның мүмкіндігі зор. Шағын мектептерде барлық пән бойынша жоғары деңгейдегі маман табу қиын болуы мүмкін. Сондықтан цифрлық технологиялар мұғалімнің мүмкіндігін кеңейтетін қосымша ресурсқа айнала алады.
Бірақ мұнда бірнеше қауіп бар.
Біріншіден – дайын жауапқа тәуелділік. Егер оқушы тапсырманың жауабын үнемі жасанды интеллектке орындатып отырса, оның өздігінен ойлау, талдау және іздену қабілеті әлсіреуі мүмкін.
Екіншіден – академиялық адалдық мәселесі. Оқушының өз білімін емес, жасанды интеллект жасаған мәтінді пайдалану қаупі бар. Сондықтан бағалау жүйесінің өзі өзгеруі қажет: дайын жауаптан гөрі оқушының ойлау процесін, дәлелдеуін, практикалық жұмысын бағалау маңызды.
Үшіншіден – ақпараттың дұрыстығы. Жасанды интеллект кейде қате немесе толық емес ақпарат бере алады. Сондықтан оқушыға «AI айтты – демек, бұл дұрыс» деген түсінік қалыптастыруға болмайды.
Төртіншіден – цифрлық теңсіздік. Қала мен ауыл, әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасылар арасында технологияға қолжетімділік бірдей болмаса, жасанды интеллект білімдегі алшақтықты азайтудың орнына оны ұлғайтуы мүмкін.
Сондықтан Президенттің балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілеу қажеттігі туралы тапсырмасы өте маңызды. Сонымен бірге Үкіметке орта білім мен кәсіптік-техникалық білім жүйесіне AI қолданудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық стандарттарын енгізу міндеті қойылды.
Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмауы керек, мұғалімнің мүмкіндігін күшейтуі керек.
Болашақ мектептің моделі «мұғалім + оқулық» жүйесімен шектелмейді. Ол «мұғалім + оқушы + цифрлық технология + жасанды интеллект» жүйесіне айналады.
Бірақ оның ең маңызды шарты – адамды технологияға емес, технологияны адамға қызмет еткізу.
Сондықтан бүгінгі Қазақстан білімінің басты мақсаты тек балаларға AI қолдануды үйрету емес. AI көмегімен өз бетінше ойлай алатын, ақпаратты тексеретін, шығармашылықпен жұмыс істейтін, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу болуы тиіс.
Бұл тұрғыдан алғанда, Президенттің «жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс» деген ұстанымы да маңызды. Яғни мектеп оқушыны тек цифрлық тұтынушы емес, болашақта технологияны пайдаланып жаңа өнім мен жаңа құндылық жасай алатын маман ретінде дайындауы қажет.
Томирис Маратқызы
Mezgil.kz