Қазақстанның экологиялық күн тәртібін қалыптастыру бағытындағы халықаралық бастамалары нақты нәтижеге айналуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан ұсынған «Планетаны халықаралық көгалдандыру күні» туралы қарарды қабылдап, 22 сәуірді Планетаны халықаралық көгалдандыру күні ретінде белгіледі.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы жалпы пікірталас барысында көтерген болатын. Араға уақыт салып, ұсыныстың халықаралық деңгейде қолдау табуы Қазақстанның жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған саясатының маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Қарарды қабылдауға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет авторлас ретінде қосылды. Бұл халықаралық қауымдастықтың қоршаған ортаны қорғау, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және жасыл желекті кеңейту мәселелеріне деген қызығушылығы жоғары екенін аңғартады. Сонымен қатар жаңа халықаралық күннің белгіленуі экологиялық мәселелердің жекелеген мемлекеттердің ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ жауапкершілігі екенін көрсетеді.
Планетаны көгалдандыру күнінің басты мақсаты – қоғамның табиғи экожүйелерді сақтау мен қалпына келтірудің маңызы туралы хабардарлығын арттыру. Бұл күн мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғам институттарын және басқа да мүдделі тараптарды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар өткізуге ынталандыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін бұл бастаманың мәні ерекше. Себебі елде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған жұмыстар соңғы жылдары кең көлемде жүргізіліп келеді. Соның бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы. Оның аясында елді-мекендерді тазарту, көгалдандыру, аумақтарды абаттандыру және халықтың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Осы тұрғыдан алғанда, 22 сәуірдің Планетаны халықаралық көгалдандыру күні ретінде белгіленуі Қазақстанның ішкі экологиялық бастамалары мен халықаралық күн тәртібінің өзара сабақтастығын айқын көрсетеді. Көгалдандыру тек эстетикалық немесе санитарлық шара емес, климаттың өзгеруіне бейімделу, биоалуантүрлілікті сақтау және өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып отыр.
Қазақстанның бастамасының БҰҰ деңгейінде қабылдануы елдің халықаралық экологиялық саясаттағы ұстанымдарының сұранысқа ие екенін де білдіреді. Бұл – тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге, мемлекеттер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және табиғи ресурстарды келешек ұрпақ үшін сақтауға бағытталған жұмыстың бір бөлігі.
Mezgil.kz