«Қырғыз жеңдіге» қызара бөрткен Бішкек Түркі бірлігіне сына қаққысы келе ме?

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ақырғы айқай-шуына қарап, дәл осындай ой түюге тура кеп тұр...

1788774826536085.jpg

(Суреттер. SM паблигінен, president.kg сайтынан алынды)

Бұл спорттық бәсеке 31 тамыз бен 6 қыркүйек арасында Қырғызстанда өтті. Биыл рекордттық деңгейге қатысушы келді деп қуандық, бәріміз. 100-дан аса мемлекеттен (106) 3 мыңға тарта спортшы келіп, 43 түрлі жарыста жүлдеге таласты. Бұл да көшпенділер мәдениетін әлемге дәріптеу ісінің жемісті көрсеткіштерінің бірі екені даусыз...

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Әуелде, бұл идеяның түпкі мақсаты – көшпенділер мәдениетін әлемге насихаттау, спорт пен мәдениеттің басын бір арнаға тоғыстыра отырып, ұлттық спортты, ұлттық мәдениетті, ұлттық құндылықтарды, ұлттық мұраларды қорғау, қорғап қана қоймай, оны әлемге паш ету еді ғой.

«Дәстүр – әлемдік қозғалысқа айналатын орын», - деп басқа-басқа Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми сайтында жазылып тұрған жоқ па?

ДАУДЫҢ БАСЫ – ҚЫРҒЫЗДЫҢ КӨПЕ-КӨРНЕУ БҰРМАЛАУЫНАН БАСТАЛДЫ!

Ендеше осындай ұлы мұрат, ұлы миссияны арқалаған бұл жарыстың соңы неге у-шуға айналды? Оны осындай бейбереткетке айналдырған кім? Гәп осы жерден басталады. Қараңыз:

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Жарыс барысында Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп келді. Ең соңғы күнге дейін, тіпті жарыстар өз мәресіне жеткеннен кейін де жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші орында тұрса, ал екінші орында Қырғызстан құрамасы болған.

Жарыстар толық аяқталғаннан кейін ҚР Туризм және спорт министрлігі қорытынды есеп жариялады. Ол бойынша – Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алды, оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.

Ал Қырғызстан – 30 алтынмен екінші орында, 7 алтыны бар Ресей – үшінші орында тұғын.

Қазақстанның қоржынына ең соңғы алтындар тоғызқұмалақ пен мангаладан келді: Жарыстың соңғы күнінде Қазақстан құрамасы ел қоржынына кезекті жүлделерін салып, алтын медаль санын 32-ге жеткізді. Атап айтқанда - тоғызқұмалақтан 4 алтын, 2 күміс, ал мангаладан 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алдық.

Рас, көкпар мен көк бөріден Қырғызстан құрамасы басым түсті. Айқын жеңіске жетті. Бірақ, жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші орынға табан тіреді. Бұл – соқыр көріп, керең еститіндей айқын есеп.

Алайда, Қырғызстандағы ұйымдастыру комитеті жоқ жерден жанжалға басты. Әуелі, Қырғызстанның 30 алтынын қалдырып, Қазақстанның алтын санын 29-ға дейін азайтып, «жалпы есепте Қырғызстан бірінші орында» деп жариялады. Онан соң, айқын нәтижені ебедейсіз бұрмалағаны үшін жұрт шулағаннан соң, «әлеуметтік желілердегі және ресми сайттағы медальдар есебін өшірді». Онан соң, «сасқан үйрек артымен жүзедінің» керін келтіріп: «Қорытынды медальдер есебі – хатшылықтан соңғы ақпарат келіп түскеннен кейін ғана ресми жарияланады, оған дейін жиынтық кесте жарияланбайды», - деп шықты.

ҚЫРҒЫЗДЫҢ ҚОС ҚАТЕСІ: ҚОРТЫҚ ЕЛГЕ ТӘН ШАМШЫЛДЫҚ...

Қырғыз тарабы бұл жолы екі өрескел қателік жасады. Бұл қателіктер – керек десеңіз, Түркі бірлігіне сына қағатын, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының әуелгі игі миссиясын терістейтін, әдемі басталған шараның аяғын лаңдайтын қателіктер!

Бірінші қателігі – қорытынды нәтижені көпе-көрнеу бұрмалауы. Ұйымдастырушы тарап осы тоғызқұмалақ пен мангала секілді интеллектуалды ойындардан алынған жүлделерді жалпы командалық есепке қоспауды көздеп отыр. Ал бұл – барып тұрған әділетсіздік!

Бұл ойындар ресми бағдарламаға кіргізілген, финалдар өткізілген, медальдар тапсырылған. Ендеше, оны қорытынды есепке енгізбеудің жөні бар ма? Жоқ! Бұл «Қырғызстан жеңді» деген сөз үшін жалған намыстың жыртысын жырту!

Тоғызқұмалақ – халықаралық деңгейде мойындалған ойын. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне 2020 жылы қосылған. Қазір әлемнің 50-ден астам елінде ойналатын интеллектуалды ойын түрі. 2010 жылдан бері бұл спорт түрінен Әлем және Еуропа чемпионаттары өткізіліп келеді. Ал Қырғыз тарабының көкпардан өзгені көзге ілмей, ашықтан-ашық жүлде ұрлауына– ең әуелі сауатсыздықтың белгісі, онан соң, ергежейлі елдерге тән – «шағын халықтардың шамшылдығы» деген сипат бермеске шара жоқ!

Екінші қателік – көкпар мен көк бөріден соңғы тәртіпсіздік. Әлеуметтік желілерде «қазақ жанкүйерлері алаңға басып кірді» деген ауандағы «жаптым – дала, жақтым – күйе» әңгімелер қаптады.

Анығы – трибунадағы бейберекетсіздікті бастаған да Қырғыз тарабы еді. Алайда, Бішкектегі айыр қалпақ ағайындар өздерінің былықтарына – Қазақстанды айыптауды құп көріпті. Бұл да болса, Қырғыз жұртының қандай деңгейде екенін аңғартары сөзсіз.

Әйтпесе, 6 қыркүйекте Шолпан-Атадағы ипподромға көкпар мен көк бөріні көру үшін билеттер сатылған еді. Жанкүйерлердің қарасы қалың болған соң, барлығын тегін кіргізуге тікелей пәрмен берген – Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың өзі емес пе? Онан соң, Қырғыз азаматтарының Шолпан-Ата көшелеріне лап қойғанын да Қырғыз БАҚ-тары өздері таратқан жоқ па еді?

Ендеше, өздерінің жасаған былығына қазақтарды кінәлаудағы мақсат не? Мақсат біреу – «Қырғыз жеңді» деген жоғарыдағы жеңісті ұрлауды ақтап алу ғана.

Түйін: Қалай десек те, бұл болған жағдайлар Қырғызстанға абырой әкелмейтіні анық. Керек болса, бұл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихыға қара дақ болып жазылып қалатыны сөзсіз. Ең сорақысы – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бауырлас халықтардың мәдени-спорттық ынтымақтастығын арттырудың орнына қазақ пен қырғыздың арасына, сол арқылы жалпы Түркі бірлігіне сына қағуы әбден мүмкін. Алайда, «Қырғыз жеңдіге» қызара бөрткен Қырғыз тарабы мұны ойламаса керек?!

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар