Алматының беделді халықаралық рейтингтерде жоғары орындардан көрінуі – кездейсоқтық емес.

(Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды)
Алматының әр көшесінде тарихтың ізі, әр төбесінде дәуірдің табы, әр буынында ұлттың тағдыры жатыр. Мыңжылдықтар қойнауынан тамыр тартқан бұл шаһар талай өркениеттің керуенін көрді, талай заманның үнін естіді. Бір кездері Ұлы Жібек жолының бойында Шығыс пен Батысты жалғаған қала болса, кейін қазақтың руханияты мен ғылымының, әдебиеті мен өнерінің өрісін кеңейткен мәдени ортаға айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Алматы – егемендігіміздің алтын бесігі. Сонымен бірге, еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы» деген сөзі – қаланың тарихтағы маңызын ғана емес, оның ел болашағындағы орнын да айқындайды. Алматы бүгінде жаңа дәуірдің табалдырығында тұр.
Әлем өзгеріп жатыр. Экономиканың табиғаты, технологияның қарқыны, адамдардың өмір сүру салты, қалалардың бір-бірімен бәсекелесу тәсілі түбегейлі жаңарды. XXI ғасырды қалалар ғасыры деп атайды. Бүгінде елдердің ғана емес, қалалардың да бәсекеге қабілеттілігі олардың экономикалық қуатымен, адами капиталымен, технологиялық дамуымен және өмір сүру сапасымен өлшенеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Алматы XXI ғасырда Орталық Азиядағы жетекші қалалардың бірі ғана емес, өңірдегі қалалар арасындағы көшбасшылық позициясын нығайтып келе жатқан, басқа қалаларға үлгі болатын мегаполис. Олай болса, Алматының алдында тұрған міндет те айқындала түседі. Бізге жәй ғана өсіп келе жатқан мегаполис емес, өзгерістерді қалыптастыра алатын қала керек. Бізге инвестиция тартатын ғана емес, инвестицияға жаңа мүмкіндік жасайтын; технологияны тұтынатын ғана емес, оны өндіретін; талантты сырттан іздейтін ғана емес, таланттың өзіне жол ашатын Алматы қажет. Осының өзі қаланы басқарудың да, дамытудың да бұрынғы өлшемдеріне қайта қарауды талап етеді. Нағыз даму – қаланың көлемін емес, оның өмір сүру сапасын арттыру.
Сондықтан бүгін Алматы алдында тұрған ең басты сұрақ – «қаланы қалай үлкейтеміз?» деген сұрақ емес, «Келешек ұрпаққа қандай қала қалдырамыз?» деген сауал. Бұл сауалдың салмағы ауыр. Өйткені, Алматының экономикалық қуаты, ғылыми әлеуеті, мәдени ықпалы, туристік тартымдылығы мен технологиялық мүмкіндігі тұтас Қазақстанның даму бағытына әсер етеді. Сондықтан біздің ұстанымымыз қарапайым: біз Алматының мәселелерін жақсы білеміз. Көлік кептелісін де, инженерлік желілердің тозуын да, ауа сапасына қатысты мәселелерді де, мектеп пен балабақшаға деген сұраныстың артып келе жатқанын да, қоғамдық кеңістіктерге түсетін жүктемені де көріп отырмыз. Ең маңыздысы – бұл мәселелердің әрқайсысы бойынша нақты шешімдер іске асырылып жатыр. Біздің міндет – проблеманы жүйелі түрде шешу.
Қазір әлем қалалары сапалық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты. Қай шаһар адамға мүмкіндік бере алады? Қай жерде жаңа идеяға орын бар? Қай жерде кәсіпкер өз ісін еркін дамыта алады? Қай жерде бала сапалы білім алып, қарт адам қауіпсіз өмір сүре алады? Осындай сұрақтарға жауап бере алған қалалар ғана жаңа дәуірдің көшін бастайды. Бұл ретте инвестиция мен адам капиталының жолы да бір-бірімен тоғысады. Ал талант пен капитал тоғысқан жерде жаңа экономика, жаңа кәсіп, жаңа технология, жаңа мәдениет қалыптасады. Демек, қаланың ең басты капиталы – оның адамдары.
Алматының беделді халықаралық рейтингтерде жоғары орындардан көрінуі – кездейсоқтық емес. Оның артында қаланың экономикалық қуаты, адам капиталы, іскерлік ортасы, инвестициялық тартымдылығы мен өмір сүру әлеуеті секілді өзара сабақтас көптеген фактор бар.
Бүгінде экономикасының көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын Алматы – Қазақстанның ең қуатты экономикалық орталығы. Қалада мыңдаған шетелдік компания мен әлемдік ірі корпорациялардың өңірлік кеңселері орналасқан. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы шаһарға тиесілі. Бұл – жәй ғана статистика емес.
Бұл – Алматыға деген халықаралық бизнестің сенімі. Қала еліміздегі жалпы өнімнің төрттен біріне жуығын өндірсе, мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірі Алматының экономикалық белсенділігі есебінен қалыптасады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштердің арта түсуіне мүмкіндік мол. Ол үшін инвестицияға қолайлы орта қалыптастыру, жаңа өндірістер мен жоғары технологиялық секторларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Алматының экономикалық әлеуетін түсінудің тағы бір маңызды өлшемі – жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің 30 мың АҚШ долларынан асуы. Бұл көрсеткіш қаланың тек өндірістік немесе қаржылық орталық қана емес, ауқымды тұтыну нарығы қалыптасқан мегаполис екенін де аңғартады. Тұрғындардың сатып алу қабілетінің жоғарылығы, белсенді бизнес орта және халықаралық стандарттарға сұраныс Алматыны әлемдік брендтер үшін де тартымды нарыққа айналдырып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әр қаланың даму моделі оның табиғи, экономикалық және адами артықшылықтарына негізделеді. Лондон қаржы орталығы, Сингапур логистика мен технологияның, Дубай туризм мен халықаралық бизнестің жаһандық хабы ретінде танылса, Алматы да экономика, білім, ғылым, мәдениет пен туризм тоғысқан Орталық Азиядағы ірі мегаполис ретінде өзінің бірегей даму моделін қалыптастырып келеді. Бұл – Алматының өңірдегі бәсекелік артықшылығын нығайтатын маңызды негіз.
Бірақ экономикалық қуаттың екінші қыры бар. Қала байыған сайын оның алдындағы жауапкершілік те арта түседі. Өйткені, Алматының экономикалық өсімі оның көшелеріндегі қозғалыстан, тұрғын үй нарығынан, инженерлік желілерден, ауа сапасынан, қоғамдық кеңістіктерден, адамның күнделікті өмірінен көрінуі керек. Бұл жағынан алғанда, қаламыз әлемнің ірі мегаполистеріне ортақ күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Урбанизацияның қарқыны тұрғын үйге деген сұранысты арттырды. Көлік жүйесіне түсетін салмақ көбейді. Инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігіне қойылатын талап күшейді. Қала халқы өскен сайын мектепке, балабақшаға, медицинаға, қоғамдық көлікке, саябақ пен демалыс орындарына деген қажеттілік те арта түсті. Яғни қаланың экономикасы инфрақұрылымынан жылдам өссе, оның игілігі тұрғынның өміріне толық жете қоймайды. Бұл – Алматы үшін ғана емес, әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан барлық мегаполиске ортақ сын. Қазір қалада қолға алынып жатқан жүйелі жобалардың негізгі мақсаты да осында.
Инфрақұрылымды жаңарту, көлік жүйесін жаңғырту, тұрғын үй мәселесін реттеу, инженерлік желілердің қуатын арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту, қауіпсіздікті күшейту, осының бәрі экономикалық өсімнің сапасын арттыруға бағытталған. Демек, оның нәтижесі адамның тұрмысынан көрінуі керек. «Байлық – қолға ұстағаның емес, елге тигізген пайдаң» деген қазақтың халық даналығы осы жерде ерекше мәнге ие.
Қала – адам қолымен жасалған жасанды экожүйе. Бірақ Алматының табиғаты бұл қағиданы өз заңдылығымен толықтырып тұрғандай. Өйткені, бұл шаһардың қайталанбас болмысы тек сәулеті мен экономикасында емес, табиғат пен урбанистиканың сирек үйлесімінде жатыр. Әлемде тауы мен қаласы осыншалық жақын орналасқан, табиғи ландшафты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған мегаполистер көп емес.
Бұл – оның стратегиялық капиталы. Өңірде Алматыға тең келетін отандық немесе шетелдік мегаполис-бәсекелестің болмауы қаланың Орталық Азиядағы ірі көлік және транзиттік хабтардың біріне айналуына мүмкіндік береді. Демек, ежелгі керуен жолының географиясы қазіргі заманның логистикасымен қайта үндесуі қажет.
Алматының оңтүстігіндегі тау бөктерлері әзірге толық ашылмаған әлеуетке ие. Егер тау кластерінің мүмкіндігі толық әрі ұқыпты пайдаланылса, Алматы әлемдегі төрт маусымдық тау туризмінің ірі орталықтарының біріне айнала алады. Бұл бағыттағы ең ауқымды жобалардың бірі – Алматы тау кластерін дамыту. Оның аясында Шымбұлақ, Кимасар және Бутаковканы, ал болашақта «Пионер», Oi-Qaragai және басқа да туристік нысандарды біріктіретін біртұтас тау жүйесін қалыптастыру жоспарлануда. Кластер жыл бойы жұмыс істейтін болады: қыста – тау шаңғысы трассалары мен қысқы демалыстың басқа да түрлері, жазда – жаяу және велосипед бағыттары, серуендеу аймақтары, отбасылық және белсенді демалыс ұсынылады. Басқаша айтқанда, тау туризмі маусымдық форматтан арылып, жыл бойы жұмыс істейтін экономикалық экожүйеге айналуға тиіс.
Алматыға келетін туристер санының өзі бұл әлеуеттің ауқымын аңғартады. 2025 жылы қалаға шамамен, 2,5 миллион турист келіп, оның 750 мыңнан астамын шетелдік қонақтар құрады. Бірақ бұл – Алматының мүмкіндігінің шегі емес. Алдағы міндет – турист санын жәй көбейту емес, Алматыда қалатын уақытын, алатын әсерін және экономикаға қосатын үлесін арттыру. Жоспарланған жобалар жүзеге асқан жағдайда, 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 миллионға, ал 2050 жылға қарай 4 миллионға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл туристік ағынның артуымен бірге қала экономикасына түсетін салық түсімдерін де ұлғайтып, жыл сайын бюджетке түсетін қаражат көлемін ширек триллион теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Алматының туристік әлеуеті тек оның заманауи келбеті, инфрақұрылымы мен ауқымды болашақ жобаларымен ғана айқындалмайды. Қаланың тартымдылығын арттыратын маңызды құндылықтардың бірі – тамыры терең тарихымен сабақтасып жатқан өңірдің мұрасы.
Әйгілі Сақ қорғандары – соның үнсіз куәсі. Қала іргесіндегі Боралдай қорымы, Есік өңіріндегі Сақ қорғандары – Ұлы дала өркениетінің осы кеңістікте терең тамыр жайғанын көрсететін тарихи мұра. Бұл ескерткіштерді тек археологиялық нысан деп қабылдау жеткіліксіз. Олар – бүгінгі Алматының ежелгі тарихымен жалғасатын көпірі. Өйткені, тарих кейде кітаптарда ғана сақталмайды. Кейде жер астында жатады, кейде қаланың өз көшелерімен бірге өмір сүреді. Бүгін әлемде туристер бір-біріне ұқсас қалаларды емес, өзінің қайталанбас тарихы мен мінезі бар мекендерді іздейді.
Сондықтан алғашқы қадамдардың бірі ретінде «Сақ қорғандары» аумағында рекреациялық парк құру көзделіп отыр. Алайда, Алматы тарихының туристік әлеуеті мұнымен шектелмеуге тиіс. Боралдайдан Есікке дейінгі көне қорғандар, Жібек жолының ізі, тарихи сәулет нысандары мен қаланың әр дәуірден жеткен мәдени қабаттарын өзара байланыстыратын тұтас тарихи-туристік кеңістік қалыптастыруға болады.
Алматы халқының қарқынды өсуі алдымызға жаңа әрі күрделі міндеттер қойып отыр. Қала кеңейіп, жаңа тұрғын үйлер бой көтерген сайын қоғамдық кеңістіктерге түсетін салмақ та артып келеді. Кезінде жеке үйлер мен шағын коттеджді қалашықтар орналасқан аумақтардың орнына көпқабатты тұрғын үйлердің келуі – урбанизацияның заңды үдерісі. Бірақ жаңарудың өз заңы болуы керек.
Реновация – ескі ғимараттардың орнына жаңа ғимараттар тұрғызу ғана емес, ол қаланың тарихи жадын, сәулеттік ерекшелігін, табиғи ортасын және адамның өмір сүру сапасын қатар сақтайтын күрделі процесс. Сондықтан Алматының Бас жоспарын іске асыру аясында Placemaking, яғни «Қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру» қағидатына негізделген кешенді даму тәсіліне басымдық берілуде. Бұл тәсілдің мәні қарапайым болғанымен, мағынасы терең: тұрғын үйді ғана емес, адам өмір сүретін ортаны тұтас жобалау. Жаңа аудан бой көтерсе, оның жанында кеңсе де, дүкен де, мектеп пен балабақша да, емхана мен саябақ та қатар қарастырылуы керек. Қоғамдық көлік, инженерлік желілер, жаяу жүргінші жолдары мен демалыс орындары бір-бірінен бөлек емес, біртұтас қалалық жүйе ретінде жоспарлануға тиіс. Өйткені, адамға үйдің өзі ғана жеткіліксіз. Оған үйінен жұмысына, баласының мектебіне, саябаққа, дүкенге, емханаға қауіпсіз әрі ыңғайлы жететін орта қажет.
Жақсы қала – адамның күнделікті уақытын үнемдейтін қала. Осы қағида көшелерді жаңғырту жұмыстарына да енгізілуде. Алматы біртіндеп жөндеудің «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидатына көшіп келеді. Яғни көшенің тек жолын жөндеп қоюмен шектелмей, оның тротуары, жарықтандырылуы, көгалдандырылуы, ғимарат қасбеттері мен шағын сәулет нысандары да біртұтас жоба аясында жаңартылады. Мұның мақсаты – көшені сырттай көріктендіру ғана емес. Бұл – адамға кедергісіз, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Көшенің әрбір элементі бір-бірімен үйлескенде ғана қала кеңістігі өзінің тұтастығын табады.
Ал Алматының келешек келбетін инженерлік инфрақұрылымның өзі де айқындайды. Кезең-кезеңімен инженерлік желілерді жер астына көшіру – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Электр желілері, газ құбырлары мен өзге де коммуникациялардың жер астына орналасуы қаланың көркін ғана емес, инженерлік жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін де арттырады. Көзге көрінбейтін инфрақұрылым – қаланың көрінетін сапасының негізі.
Бұл ретте «Ашық кеңістік» тұжырымдамасы аясындағы шешімдер Алматының заманауи қалалық ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қала кеңістігі неғұрлым жинақы, қауіпсіз әрі реттелген болған сайын, оның тұрғынға берер жайлылығы да арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, Сайран көлін жаңғырту мен Республика алаңының солтүстік бөлігін қайта жаңарту жобалары қоғамдық кеңістікті жаңа сапаға көтерудің маңызды үлгілеріне айнала алады. Шынында да, қазіргі урбанистикада жасыл аумаққа деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Саябақ пен бақ енді жәй ғана демалатын орын емес. Ол – қаланың табиғи тепе-теңдігін сақтайтын тірі жүйе.
Алматы үшін судың да орны ерекше. Таудан аққан мөлдір бұлақтар мен арықтар жүйесі шаһардың тарихи болмысының бір бөлігі. Ендігі міндет – жауын-шашын мен қар суын да тиімді пайдаланып, оны қаланың экологиялық жүйесіне қайта қосу. Осы мақсатта «Қала-Сорғыш» тұжырымдамасы маңызды мүмкіндік береді. Оның тұжырымдамасын қытайлық ландшафт сәулетшісі Конгцзянь Юэ дамытуымен әлемге кеңінен танылды. Қытай мен Еуропаның бірқатар қалаларында қолданылып жүрген бұл тәсіл жауын-шашын мен еріген қар суын табиғи жолмен басқаруға негізделеді. Бұл – климат жаһандық деңгейде өзгеріп, су ресурстарының маңызы артып келе жатқан кезеңде аса маңызды ұстаным. Алатау ауданындағы Бент көлдері аумағында келешекте жүзеге асырылатын пилоттық жоба осы тәсілдің алғашқы қадамдарының бірі болмақ. Тәжірибе нәтижелі болса, мұндай шешімді қаланың басқа бөліктеріне де кеңейтуге мүмкіндік бар.
Қазіргі Алматы ұзақ уақыт бойы бір орталыққа тартылған қала ретінде қалыптасты. Қаланың негізгі іскерлік, әкімшілік, мәдени және әлеуметтік өмірі орталыққа шоғырланып, тұрғындардың күнделікті қозғалысының басым бөлігі де осы бағытқа тәуелді болды. Бірақ мегаполис өскен сайын мұндай модельдің мүмкіндігі де шектеле түседі. Қала үлкейген сайын бір орталыққа түсетін салмақ артады, ал онымен бірге жолдағы уақыт, көлік кептелісі, инфрақұрылымға түсетін жүктеме де көбейеді. Сондықтан Алматының келесі даму кезеңі бір орталықтан бірнеше мүмкіндікке көшу кезеңі болуға тиіс.
Біз қаланы өзара байланысқан бірнеше полицентрден тұратын кемелді мегаполиске айналдыруымыз керек. Әрбір негізгі орталықтың өз жұмыс орындары, университеттері, медициналық және мәдени нысандары, бизнес орталықтары, сауда және демалыс орындары қалыптасуы қажет. Сонда тұрғын үшін қаланың барлық мүмкіндігі бір ғана нүктеде шоғырланбайды. Адам өз үйіне жақын жерде жұмыс істеп, білім алып, ем қабылдап, демалып, қажетті қызметтерін пайдалана алады. Бұл – көлік кептелісін азайтудың ғана жолы емес, қаланың экономикалық қуатын кеңістікте теңгерудің тәсілі.
Полицентрлік модель қаланың әр бөлігін өзіндік экономикалық және қоғамдық өмірі бар дербес орталыққа айналдырады. Бір жерде жаңа өндірістер пайда болса, екінші жерде білім мен ғылым шоғырланады, үшінші аумақта мәдениет пен шығармашылық индустрия дамиды. Ал олардың барлығы бірыңғай көлік және инженерлік жүйе арқылы өзара байланысады. 2030 жылға дейін «Шығыс қақпасы» және Сайран көлінің шығыс бөлігіндегі Almaty Downtown полицентрлерін қалыптастыру жоспарланған. Кейін бұл жүйеге Алматының «Батыс қақпасы», Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлері қосылады.
Мұндай өзгеріс тарихи орталықтың маңызын төмендетпейді. Керісінше, қаланың жаңа орталықтары пайда болған сайын, қазіргі орталық өзінің тарихи келбетін, мәдени салмағын және Алматының рухани өзегі ретіндегі бірегей рөлін сақтап қалуға мүмкіндік алады. Өйткені, тарихи орталықты шексіз кеңейту емес, оның құндылығын сақтау – өркениетті қаланың белгісі. Бұл модельдің басты ерекшелігі – әрбір полицентрдің Mixed-Use қағидаты бойынша дамуы. Бұл тұжырымдаманы француз-колумбиялық урбанист, профессор Карлос Морено ғылыми және практикалық тұрғыдан кеңінен дамытты.
Бұл дегеніңіз, тұрғын үй, жұмыс орны, қоғамдық кеңістік, сауда және қызмет көрсету нысандары, мектеп, балабақша, медицина, мәдениет пен демалыс орындары бір-бірінен алшақ орналаспайтынын білдіреді. Осының бәрін «15 минуттық қала» қағидаты біріктіреді. Адам күнделікті қажетінің басым бөлігін үйінен он бес минуттық жаяу жүріп жететін аумақтан таба алуы керек. Бұл жерде мәселе тек қашықтық туралы емес. Он бес минуттық қала – адамның уақытын өзіне қайтару туралы идея. Егер тұрғын жұмысқа, мектепке, емханаға немесе саябаққа жету үшін күн сайын ұзақ жол жүрмесе, оның өмірінде отбасына, баласына, денсаулығына, шығармашылығына және өз дамуына көбірек уақыт қалады.
Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – қоғамдық көліктің жаңа түрлерін, атап айтқанда, метро, ЛРТ және Sky Train жүйелерін кешенді түрде дамыту.
Бүгінде метро желісін батыс және шығыс бағыттарда дамыту жұмыстары жүргізілуде. Болашақта желіні «Барлық» көлік торабына дейін 5,3 шақырымға ұзарту және үш жаңа станция салу жоспарлануда. Ал шығыс бағытта «Жібек жолы» желісін әуежайға дейін жалғастыру көзделген. Бұл учаскенің ұзындығы шамамен, 14 шақырым болып, сегіз станцияны қамтиды.
ЛРТ – рельсті қоғамдық көліктің заманауи түрі. Оның алғашқы желісі ұзындығы 18,3 шақырымды құрап, Индустриялық аймақты Алматы-2 вокзалымен байланыстырады. Желіде шамамен, 34 аялдама қарастырылған. Болашақта ЛРТ жүйесін «Барлық» және «Шығыс» көлік тораптарымен байланыстыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Алматыда алғаш рет Sky Train – эстакада үстімен жүретін қоғамдық көлік жүйесін іске асыру жобасы қарастырылуда. Жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі желіде 20 станция орналасады. Sky Train жүйесінің басты ерекшелігі – оның жол қозғалысына тәуелсіз, арнайы салынған эстакада бойымен қатынауы. Бұл көлік кептелістері мен бағдаршамдарға тәуелділікті азайтып, жолаушылардың жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Алматының болашағы үшін стратегиялық маңызы бар мәселелердің бірі – тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету. Климаттың өзгеруі мен табиғи су қорларына түсетін салмақтың артуы бұл мәселені бүгіннен бастап шешуді талап етеді. Сарапшылар алдағы кезеңде өңірдегі су тапшылығының күрделене түсуі мүмкін екенін айтып келеді. Тіпті, қаланың негізгі су қорларының бірі саналатын таулы аймақтағы мұздықтардың едәуір бөлігінің еру қаупі туралы болжамдар бар.
Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын мәселе. Су – жәй ғана коммуналдық ресурс емес, қаланың болашағын айқындайтын стратегиялық капитал. Сондықтан су инфрақұрылымын жаңғырту кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Осы бағытта «Ақсай», «Нұрлы Тау» және «Барлық» су тарту нысандарын іске қосу, сондай-ақ Талғар жерасты су көзінен тартылатын магистральдық су құбырларын жаңғырту маңызды қадам болмақ.
Алайда мәселе жаңа су көздерін табумен ғана шектелмеуі керек. Болашақ Алматы суды көп пайдаланатын емес, суды ұқыпты пайдаланатын қалаға айналуы қажет. Бұл үшін ауыз суды өндірістік және шаруашылық мақсатта орынсыз пайдалануды шектеу, суды тазарту және қайта пайдалану жүйелерін кеңінен енгізу қажет. Қаланың әр тамшы судың құнын түсінетін жаңа мәдениетке көшуі – уақыт талабы.
Жылу жүйесі де осындай жаңаруды қажет етеді. Жылу желілерін кезең-кезеңімен ашық жүйеден жабық жүйеге көшіру энергияны тиімді пайдалануға, жылу шығынын азайтуға және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жыл бойы күн сәулесі мол түсетін шаһар өз аумағындағы күн энергетикасының әлеуетін барынша пайдалануы керек.
Болашақта ғимараттардың шатырлары, автотұрақтар мен ашық алаңдар тек бос кеңістік болып қалмай, энергия өндіретін инфрақұрылымға айнала алады. Айтары жоқ, қала тұтынатын энергияның бір бөлігін өзі өндіретін жүйеге біртіндеп көшуі қажет. Мұндай инженерлік жаңғырту экологиялық саясатпен қатар жүруге тиіс. Алматы үшін бұл міндеттің ең өткір тұстарының бірі – ауа сапасы. Таза ауа мәселесі қала дамуының барлық кезеңінде басты назарда болуы керек.
Осы ретте ауаның ластануын қысқа мерзімде азайта алған әлемдік қалалардың тәжірибесін зерделеп, Алматы жағдайына бейімдеу маңызды. Баламалы энергия көздерін дамыту, электр көлігін кеңінен енгізу және оған қажетті зарядтау инфрақұрылымын қалыптастыру да – осы өзгерістің бір бөлігі. Электромобильдің өзі жеткіліксіз, оған қолайлы қоғамдық орта, қуаттандыру желісі және тұтас экожүйе қажет. Сондықтан Алматының инженерлік инфрақұрылымын жаңарту – қаланың табиғи ресурстармен қарым-қатынасын өзгерту, энергияны тұтыну мәдениетін жаңарту және экологиялық жауапкершілікті күшейту.
Таудың етегінде орналасқан мегаполис табиғи және техногендік қауіптердің алдын ала болжауы әрі күтпеген түрлеріне де дайын болуы керек. Сондықтан болашақ Алматы «Заң мен Тәртіп» қағидатына сүйенген, қауіпсіздігі жоғары әлемдік қалалардың біріне айналуға ұмтылуы тиіс. Бүгінде қаламыз қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа моделіне көшіп келеді. Оның өзегінде заманауи мониторинг жүйелері, жедел хабарлау технологиялары және төтенше жағдайларға ерте ден қою тетіктері тұр. Қауіптің алдын алу қатер болғаннан кейін әрекет етуден әлдеқайда тиімді.
Бұл қағида, әсіресе, құрылыс саласында шешуші мәнге ие. Құрылыс жобаларына қойылатын талаптар күшейтіліп, ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне қатысты жаңа шешімдер енгізілуде. Құрылыс нормаларының сақталуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Өйткені, Алматы үшін сейсмикалық қауіп – қаланың даму стратегиясында ескерілетін нақты фактор.
Дегенмен, атқарылар жұмыс әлі де ауқымды. Алдағы жылдары қаладағы барлық нысандарды кезең-кезеңімен тексеру, олардың техникалық және сейсмикалық жай-күйін бағалау, қажет болған жағдайда жаңғыртып, сейсмикалық тұрғыдан күшейту – негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстың ғылыми негізін күшейту де маңызды. Алматыда ашылған Қазақстан - Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығы соның айқын мысалы.
Мұнда екі елдің ғалымдары сейсмикалық үдерістерді бірлесіп зерттеп, жер сілкінісін бақылау, болжау және ерте ескерту технологияларын дамытуға күш салады. Ғылым мен технологияның міндеті – табиғи құбылысты тоқтату емес, оның адамға келтіретін залалын барынша азайту.
«Дамыған ел дегеніміз – ең алдымен дені сау, білімді және бақуатты жұрт» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бұл сөздің астарында мемлекеттің де, қаланың да даму өлшемін айқындайтын маңызды қағида жатыр. Экономикалық өсімнің түпкі мәні – адамның өмір сапасын арттыру, оның өмірін ұзарту. Сондықтан Алматының ұзақ мерзімді тұрақты дамуы қаланы тұрғындары ұзақ қауіпсіз әрі жайлы өмір сүре алатын қалалық ортаны қалыптастыру міндетімен тікелей байланысты.
Бүгінде Алматының денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме жоғары. Қалалық медициналық ұйымдарға жүгінетін әрбір төртінші пациент – Алматы тұрғыны емес. Бұл бір жағынан, шаһардың республикалық деңгейдегі медициналық орталық ретіндегі маңызын көрсетсе, екінші жағынан, денсаулық сақтау инфрақұрылымын тұрақты түрде кеңейтудің қажеттігін аңғартады. Сондықтан 2030 жылға дейін 32 жаңа медициналық нысан салып, қолданыстағы 14 медициналық мекемені жаңғырту арқылы саланың инфрақұрылымын кеңейту және жаңарту жұмыстары жалғаса береді.
Болашақ Алматыда профилактикалық медицина, ерте диагностика, цифрлық денсаулық сақтау, қолжетімді медициналық қызмет және салауатты өмір салты біртұтас жүйеге айналуы тиіс. Өйткені, нағыз өркениетті қала – адамға сапалы әрі толыққанды өмір сүруге жағдай жасайтын қала. Осы тұрғыдан алғанда, спорттық инфрақұрылымның халыққа қолжетімді болуы және бұқаралық спорттың жүйелі дамуы – Алматының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі.
Қазір Алматыда аулаларда, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде орналасқан
2,4 мыңға жуық ашық спорт алаңы жұмыс істейді. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жаңа желісі қалыптасып, қолданыстағы спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл қатарда қаланың символына айналған әлемге әйгілі «Медеу» спорт кешенінің де орны ерекше. Болашақта спорт инфрақұрылымы кәсіби спортшыларға ғана емес, әр жастағы қала тұрғынына қолжетімді болуы керек. Бала ауласынан спорт алаңын табуы, жасөспірімнің спорт секциясына еркін баруы, ересек адамның саябақта жүгіріп немесе велосипед тебуі салауатты қаланың күнделікті қалыпты көрінісіне айналуы қажет. Алматыда көп жылдан бері заманауи футбол стадионының қажеттілігі сезіліп келді. Енді бұл олқылықтың орны толмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Шығыс қақпасы» полицентрінің аумағында 45 мың көрерменге арналған, UEFA Category 4 талаптарына толық сай келетін жаңа стадион бой көтереді. Бұл нысан тек футбол матчтарын өткізетін алаң болып қалмауы тиіс. Ол халықаралық спорт жарыстарын, ірі мәдени іс-шараларды және ауқымды қоғамдық іс-шараларды қабылдайтын жаңа қалалық орталықтардың біріне айналмақ.
Алматының спорттық әлеуетін халықаралық жарыстар да жаңа деңгейге көтереді. 2029 жылы қала екінші мәрте Қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Мұндай ауқымды дода Қазақстанның халықаралық беделін арттырумен бірге, спортты бұқара арасында кеңінен насихаттауға, жастарды белсенді өмір салтына тартуға және қаланың спорттық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға серпін береді. Сондықтан халықаралық жарыстардың тиімділігін тек билет сатылымы, туристер саны немесе экономикалық табыспен өлшеу жеткіліксіз. Олардың ең үлкен мұрасы – жарыс аяқталғаннан кейін қала тұрғындарының өмірінде қалуы. Халықаралық жарыстың шынайы құндылығы осындай ұзақ мерзімді әсерінен көрінеді.
Қаланың болашағын бүгінгі ғимараттарынан емес, ертеңгі ұрпағының білімі, ой-өрісі мен зияткерлік деңгейіне қарап бағалауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, Алматының ең үлкен артықшылықтарының бірі – оның білім мен ғылымның ірі орталығы болуы. Бүгінде қалада 36 жоғары оқу орны, еліміздегі ғылыми ұйымдардың үштен бірі және Қазақстан ғалымдарының 40 пайызы шоғырланған. Алматының QS Best Student Cities рейтингі бойынша әлемдегі студенттер үшін ең үздік 100 қаланың қатарына енуі де осы әлеуеттің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден ондаған мың жас сапалы білім алу үшін Алматыға келеді. Бұл – қала үшін үлкен мүмкіндік қана емес, жоғары жауапкершілік.
Алайда, демографиялық өсім мен ішкі көші-қон білім беру жүйесіне түсетін жүктемені жылдан-жылға арттырып келеді. Оқу орындарының тапшылығын азайту мақсатында биыл 8 жаңа мектеп іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 2 мектептің ашылуы жоспарланған. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін тағы 69 жаңа мектеп салу көзделген. Бірақ білім сапасын тек жаңа ғимараттардың санымен өлшеуге болмайды. Жаңа мектеп салу – мәселенің бір бөлігі.
Ең маңыздысы – сол мектептің ішінде қандай білім берілетіні. Сондықтан Алматының барлық білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық базаға да, педагогикалық құрамға да бірыңғай жоғары талап қоятын «Алматы мектебі» моделі енгізілуде. Бұл бастама білім беру сапасындағы айырмашылықтарды азайтып, мектептер арасындағы жүктеменің теңгерімсіздігін шешуге мүмкіндік береді. Білімдегі әділеттілік мүмкіндіктің теңдігінен басталады.
Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы да Алматының білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге маңызды серпін беріп отыр. Бүгінде қалада «Келешек мектептері» жобасы аясында 34 800 орынға арналған 21 мектеп іске қосылды.
Алматы өзінің бар болмысымен ұлттық мәдени жадының сақтаушысына айналды. Бүгінде «мәдениет қаласы» ұғымын жаңа мазмұнмен толықтыру маңызды. Заманауи мәдени қала – тарихи мұраны сақтап қана қоймай, жаңа идеялар туып, шығармашылық таланттар ашылып, өнер, технологияның тоғысуына жол ашатын орта.
Алматының мәдени мұрасын сақтау – өткенге құрмет қана емес, болашаққа салынған инвестиция. Соңғы жылдары «Целинный» мен Almaty Museum of Arts сияқты заманауи мәдени жобалар қаланың жаңа мәдени ортасын қалыптастырып, шығармашылыққа жаңа серпін беруде. Мұндай нысандар қаланың мәдени инфрақұрылымын байытып қана қоймай, жаңа аудиторияны қалыптастырады, шығармашылық ортаға жаңа серпін береді. Қаланың дәстүрлі мәдени ошақтары да жаңғыру кезеңін бастан өткеруде.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталья Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «Райымбек батыр» мемориалдық музей кешені жаңғыртылуда. Ал жақын арада Орталық Азиядағы тұңғыш халықаралық деңгейдегі балаларға арналған интерактивті ғылыми музей – Almaty Children's Science Museum есігін айқара ашпақ.
Қуатты қала – болашақтың жаңа мәдениетін жасай алатын қала. Алматының басты міндеті де осы: өзінің тарихи жадын жоғалтпай, шығармашылық қуатын еселеп, мәдениетті қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды күшіне айналдыру. Дизайн, сән индустриясы, геймдев, музыка, кино өндірісі және басқа да шығармашылық салалар бүгінде әлемдік экономиканың маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді.
Алматының бұл бағыттағы әлеуеті де айрықша. Қазір креативті салаларда 144 мыңға жуық алматылық маман еңбек етеді. Ал осы секторда 46 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісінің жұмыс істеуі шығармашылықтың қала экономикасындағы нақты күшке айналып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, бұл әлеуеттің ауқымы әзірге толық ашылған жоқ. Креативті индустрияның Алматының жалпы өңірлік өніміндегі үлесі небәрі 2 пайызды құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Лондонда бұл көрсеткіш шамамен, 12 пайызға жетеді. Бұл айырмашылық – біздің әлсіздігімізден бұрын, әлі игерілмеген мүмкіндігіміздің көлемін көрсететін көрсеткіш.
Алматыда таланттар та, идеялар да, нарық та бар. Біздің міндет – осы үш күшті бір экожүйеге біріктіру. Бұл міндет жастар саясатымен де тікелей сабақтас. Өйткені, креативті экономиканың негізгі қозғаушы күші – жаңа идеялардан қорықпайтын, технологияны тез меңгеретін және жаңа трендтер мен жаһандық үрдістерді еркін меңгеретін, жаңа трендтер мен жаһандық үрдістерді еркін игеретін жас буын. Бүгін қалада «Жастар қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылып келеді. Оның аясында жастар қаланы дамытуға қатысты өз жобаларын ұсынып, оларды жүзеге асыру үшін 500 мыңнан 5 млн. теңгеге дейін қаржылай қолдау ала алады. Бүгінгі еңбек нарығы адамнан теориялық біліммен қатар, нақты тәжірибені, технологиялық сауаттылықты және үнемі үйренуге дайын болуды талап етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, техникалық және кәсіптік білімнің маңызы артып келеді. Қалада телекоммуникация және машина жасау колледжінің жаңа оқу корпустары мен жатақханасы іске қосылды. Колледжде дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға жағдай жасалған. Бұл – білім мен еңбек нарығының арасындағы алшақтықты қысқартудың тиімді жолы.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы Алматының креативті орталық ретіндегі әлеуетіне тың өріс ашып отыр. Бұл – қаланың экономикалық және интеллектуалдық болмысын жаңаша қалыптастыруға мүмкіндік беретін тарихи кезең.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, алдымызға нақты міндеттер қойды. Еліміздің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған бұл саясатты жүзеге асыруда Алматының рөлі ерекше. Өйткені, цифрлық экономикаға қажетті білім, ғылым, технология, талант және креативті ой секілді негізгі ресурстардың басым бөлігі дәл осы қалада тоғысқан.
Бұған мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Қазақстандағы алғашқы «стартап-юникорн» – Higgsfield AI компаниясы дәл Алматыда 2023 жылы құрылды. 2026 жылдың қаңтарында компанияның нарықтық құны 1,3 миллиард АҚШ долларына бағаланса, бүгінде оның 5 миллиард долларлық бағалаумен жаңа инвестициялық кезеңге шығуға дайындалып жатқаны айтылып отыр. Мұндай жетістік – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – талантты тәрбиелейтін, жаңа идеяға мүмкіндік беретін және әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды адамдарды тартуға қабілетті қалалық ортаның жемісі. Алматыда қазірдің өзінде жасанды интеллект пен жаңа технологияларды қалалық өмірге енгізу үдерісі жүріп жатыр. Алдағы онжылдықтарда ол қала басқаруының көп саласына енуі тиіс. Оның ең ауқымды көріністерінің бірі – Алматының цифрлық егізін (Digital Twin) қалыптастыру. Бұл технология қаланың цифрлық моделін жасап, оның болашақтағы дамуын әртүрлі сценарий бойынша алдын ала модельдеуге мүмкіндік береді.
Технологияның түпкі мақсаты – қаланы цифрландырудың өзі емес. Түпкі мақсат – адамның өмірін жеңілдету. Мемлекет басшысы ғылыми қауымдастықпен кездесуде: «Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуы тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет» деп атап көрсетті.
Бұл – Қазақстанның технологиялық болашағына қойылған биік меже. Бұл жерде Алматының жетекшілік рөлі де, жауапкершілігі де жоғары. Олай болса, біз тек жаңа технологияларды тұтынушы қала болмауымыз керек. Алматы технологияны қолданатын ғана емес, технология жасайтын қалаға айналуы тиіс. Ол үшін жасанды интеллект зертханалары, технологиялық стартаптар, ғылыми орталықтар, креативті хабтар мен венчурлық экожүйе бір-бірін толықтыратын орта қалыптастыруы қажет. Сонда университетте туған идея бизнеске, бизнестегі технология қала қызметіне, ал қаладағы тәжірибе жаңа ғылыми ізденіске айналып отырады.
Міне, нағыз инновациялық экожүйе осылай қалыптасады. Алматының білім, ғылым, мәдениет және өнердегі тарихи жетекші орнын жаңа технологиялармен ұштастыру қаланың жаңа экономикалық моделіне жол ашады. 2040 жылға қарай Алматының негізгі экспорттық тауары шикізат емес, білімге, технологияға және креативке негізделген өнімдер болуы тиіс. Оның ішінде жасанды интеллект шешімдері, цифрлық өнімдер, ойын индустриясы, кино және медиа контент, дизайн, музыка және басқа да креативті индустрия өнімдері әлемдік нарыққа шығуы керек. Бұл – Алматының әлемдік қалалар арасындағы орнын өзгертетін жаңа өркениеттік бағдар.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба. Ауа бассейнін сауықтыру мақсатында өнеркәсіп кәсіпорындары мен техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар күшейтіліп, қатты отынды пайдалануды кезең-кезеңімен шектеу, қоғамдық көлікті экологиялық стандарттарға көшіру және қоршаған ортаны қорғаудың жаңа тетіктерін енгізу жұмыстары жалғасуда. Алдағы жылдары ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-тің газға көшуі жылу көздерінен бөлінетін зиянды шығарындыларды 90 пайыздан астам қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл – ауа сапасын жақсартудағы маңызды қадам. Бірақ Алматының ауасын тек жылу энергетикасын жаңғырту арқылы тазарта алмаймыз. Өйткені, атмосфераға түсетін салмақтың едәуір бөлігі автокөлікке тиесілі. Сондықтан Алматыда LEZ жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазір жоба қаланың орталық бөлігінде пилоттық режимде сынақтан өтіп, кейін ақылы жүйемен бірге кеңейтілуі көзделуде. Экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктердің санын азайтуға бағытталған бұл тәсіл әлемнің бірқатар қалаларында өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Алматы үшін де оның мәні – көлік қозғалысын шектеу ғана емес, қаланың ауа сапасына келетін зиянды әсерді азайту.
Сонымен қатар, экологиялық саясаттың тиімділігі тек технология мен инфрақұрылымға байланысты емес. Ең озық технологияның өзі экологиялық мәдениеті қалыптаспаған қоғамның орнын баса алмайды. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, қала тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру да аса маңызды. Экологиялық жауапкершілікті орнықтырудағы маңызды қадамдардың бірі – қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу. Бұған дейінгі талпыныстар қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігінен толық нәтиже бере қойған жоқ. Енді бұл мәселеге жүйелі әрі жан-жақты дайындықпен келу қажет. Қалдықты сұрыптау үшін алдымен тиісті контейнерлер мен логистика, одан кейін оны өңдейтін өндіріс, ең бастысы – тұрғынның сенімі мен тұрақты әдеті қажет. Бөлек жинау – бір контейнер қоюдан басталып, тұтас экологиялық мәдениет қалыптастыруға дейін жалғасатын процесс. Егер осы тізбектің әр буыны жұмыс істесе, қоқыс қалдық емес, қайта пайдаланылатын ресурсқа айналады. Ал қаланың өзі таза әрі тиімді бола түседі.
Алматы әлемдік мегаполистермен бәсекелесетін ғана емес, өзінің бірегей бағыты мен артықшылығын қалыптастыратын қала болуы керек. Алдағы жылдары жасанды интеллект, биотехнология, роботтандыру, финтех, цифрлық медицина және креативті индустрия Алматы экономикасының жаңа негізгі драйверлеріне айналады деп күтілуде. Лондон әлемдік қаржы орталығы ретінде, ал Кремний алқабы технологиялық инновациялардың жүрегі ретінде танылса, Алматы да білім, ғылым, технология және креативті индустриялардың әлеуетіне сүйене отырып, жаңа экономикадағы өз орнын айқындауға тиіс.
Бұл – жәй ғана экономикалық модельді өзгерту емес, қаланың интеллектуалдық бейнесін жаңарту. Сонда Алматының жалпы өңірлік өнімінің құрылымы да біртіндеп өзгереді. Өндіріс пен сауданың бүгінгі үлесі қысқарып, оның орнын жоғары интеллектуалдық секторлар – технология, ғылым, цифрлық өнімдер, креативті индустриялар мен инновациялық кәсіпкерлік баса бастайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Алматының қазіргі даму бағытын тек инфрақұрылымдық жаңғыру деп қабылдау жеткіліксіз. Бұл – қаланың тарихи миссиясын жаңа дәуірдің талаптарына сай қайта пайымдау әрекеті. Бұл – қаланың экономикалық әлеуетіне, адам капиталына, географиялық артықшылықтарына, табиғи және мәдени ресурстарына, сондай-ақ бүгінгі өзгерістердің логикасына негізделген мақсат. Өмір сүру сапасы жоғары, қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптасқан, жасанды интеллект пен жаңа технологияларға кең жол ашылған, жасампаз жаңа буынды баурай алатын, полицентрлі әрі экологиялық орнықты шаһардың арманы да соған сай биік болуы керек.
Бір сөзбен айтқанда, Алматы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның инвестициялық қақпасына, туризм мен транзиттің қуатты хабына, білім мен ғылымның, технология мен шығармашылықтың аймақтық орталығына айналуға тиіс.
Тұрғындары ұзақ әрі сапалы өмір сүретін, «Заң мен Тәртіп» берік орныққан, экономикасы серпінді, ауасы таза, табиғаты қорғалған, қауіп-қатердің алдын алу мен қаланы басқару жаңа технологияларға сүйенген, әрбір тұрғыны өзін қауіпсіз әрі еркін сезінетін Алматы Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында сипатталған ізгі қоғам идеалының заманауи үлгісіне айнала алады.
Өйткені өркениетті қаланың басты өлшемі – оның ғимараттарының биіктігі емес, адами құндылықтарының тереңдігі. Ежелгі өркениеттердің ізін сақтаған Алматы енді заманауи қалалардың көшбасшысына айналуға ұмтылуы заңды. Біз бұл жолды бастап кеттік. Ендігі міндет – басталған істі жүйелі түрде жалғастыру, әр жобаны ортақ стратегиямен ұштастыру және бүгінгі шешімдердің ертеңгі ұрпаққа қызмет етуін қамтамасыз ету. Алматының болашағы – біздің бүгінгі таңдауымыздан жасалатын келешек. Сондықтан Алматыны өзгерту дегеніміз – тек қаланы жаңарту емес. Бұл – адамның өмірін өзгерту. Оның уақытын үнемдеу. Мүмкіндігін кеңейту. Арманын жақындату.
Бізге жәй ғана үлкен Алматы емес, мүмкіндігі зор Алматы керек. Бізге биік ғимараттар ғана емес, биік адами құндылықтар керек. Бұл – Алматының болашағына апарар ең тура жол. Осы мақсатқа жетуде барша алматылықтардың ауызбіршілігі мен өзара татулығы айрықша маңызды. Өйткені, береке – тек тыныштық пен тұрмыс әл-ауқаты емес. Береке – ортақ іске әркімнің өз үлесін қосуы, бір-біріне қолдау көрсетуі және қала алдындағы жауапкершілікті бірге сезінуі.
Алматы – өткеннің мұрасын сақтап, бүгіннің мәселесін шешіп, ертеңнің мүмкіндігін қалыптастырып отырған қала. XXI ғасырдағы Алматының басты капиталы – оның жері де, ғимараты да емес, адамдары, білімі, мәдениеті, технологиясы және өз болашағына деген сенімі.
Алматы – Әділетті Қазақстанның қуатты, жасампаз әрі жауапты күші, заманауи қалалық ортаның үлгісі, өңірдегі жаңа мүмкіндіктердің орталығы.
Mezgil.kz