Бүгін Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған «Шабыт берген Алматы!» республикалық поэзиялық шығармалар байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

(Суреттер: Алматы қаласы әкімдігінен алынды)
Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мәдениет және өнер саласының мамандары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ақындар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Байқау Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен өтті. Өтінім 15 шілде мен 29 тамыз аралығында қабылданып, еліміздің әр өңірінен барлығы 269 шығарма келіп түсті. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 7,5 млн теңге.
Іс-шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов байқаудың маңыздылығына тоқталып, оның Алматы қаласы әкімінің бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Алматы әрдайым мәдениет пен өнердің ордасы болып қала береді. Ақындардың шығармаларында қаланың сұлулығына, тыныс-тіршілігі мен ерекше атмосферасына деген айрықша сүйіспеншілік көрініс тапқан. Сондай-ақ ол байқауға қатысқан барлық ақынға алғыс білдіріп, қала тұрғындары мен қонақтарын Қала күнімен құттықтады.
Қазылар алқасы шығармаларды көркемдік деңгейі, мазмұны, авторлық идеясы, тілдік шеберлігі және композициялық ерекшеліктері бойынша бағалады. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Иранбек Оразбаевтың «Алматы – бұ дүние жәннаты (шаһар-нама)» шығармасына берілді.
Екінші орынды Елена Әбдіхалықованың «Жас едім көкірегімде тасыған ән…» шығармасы иеленді. Үшінші орын Ғани Қарлығаштың «Алматы: үш ұрпақ, бір махаббат» және Ақсұңқар Ақынбабақызының «Алматының рухы» шығармаларына берілді.
Сонымен қатар Алмас Ахметбекұлы «Төлеби 59», Әділғазы Қайырбеков «Алматым – азаттықтың астанасы!», Мұрат Шаймаран «Алматы. Сұр ғимарат», Ерғали Бақаш «Жас ақынның Алматыға келуі» және Олжас Отар «Алматы монологы» шығармалары үшін ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Айта кетейік, байқауға ұсынылған шығармаларда Алматының тарихи, мәдени және рухани маңызы, табиғи сұлулығы, бай мәдени мұрасы мен қаланың заманауи келбеті әр автордың өзіндік поэтикалық көзқарасы арқылы көрініс тапқан.
Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерінің шығармалары «Шабыт берген Алматы!» жинағына жарияланады.
Mezgil.kz