Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік екенін және тату көршілік пен өзара сенім рухында сенімді дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасына алынды)
«Менің жақын досым, өте сыйлы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның жеке көңіл бөлуі мен сенімді қолдауының арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Жаңа «алтын отызжылдықтағы» қазақ-қытай өзара іс-қимылы барлық басты салалар бойынша ауқымды сипатқа ие болды. Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы рекордтық көрсеткіш – 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Қытай Халық Республикасы Қазақстан экономикасына жалпы сомасы 29 миллиард доллардан астам қаржы құйған ең ірі инвесторлардың бірі саналады. Елімізде қытайлық капиталдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр – бұл Қазақстанда тіркелген шетелдік компаниялардың шамамен әрбір жетіншісі», – деді Тоқаев жұма күні.
Президент өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалаларды» дамыту, спутниктік технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты салалардағы серіктестік ізбе-із нығайып келе жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің ратификациялануы екіжақты ынтымақтастықты арттырудың маңызды құқықтық негізіне айналды.
«Екі ел арасында енгізілген визасыз режим де іскерлік байланыстарды кеңейтуге едәуір үлес қосуда. Қазіргі уақытта Қазақстанда ауқымды инвестициялар тартуға және ірі жобаларды жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады. Осы жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Конституцияның негізгі ережелері елдің инвестициялық әлеуетін нығайтудың қуатты құқықтық іргетасы болып табылады», – деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың терең трансформациясы жағдайында Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтыққа және ұзақ мерзімді мүдделердің ортақтығына негізделген заманауи әрі тиімді жасампаз ынтымақтастық моделін ұсына алады деп есептейді.
Осыған сүйене отырып, сөйлеген сөзінде екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытудың басым бағыттары белгіленді. Президент ең алдымен көлік және логистика саласына тоқталды.
«Халықаралық серіктестермен бірге біз теміржол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтіп жатырмыз, жүк авиациясы мен шекара маңындағы инфрақұрылымды дамытудамыз. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық хабтар желісі қалыптасты. Чэнду қаласындағы қазақ-қытай терминалы логистикалық желінің жаңа маңызды буынына айналады, онда Қазақстанның Бас консулдығын ашу жоспарланған. Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысының заманауи конфигурациясын қалыптастыратын Орталық дәлізді (Средний коридор) дамытуды басым міндет деп санаймыз», – деді Президент.
Тоқаев бүгінгі форумға транзиттік айлақтардың өткізу қабілетін кеңейту жұмыстарына белсенді қатысып жатқан компаниялардың жиналғанын атап өтті.
Ол болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздардың саны 3 мыңға дейін өсетінін хабарлады. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық тізбектегі ең маңызды көлік хабтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтады.
«Бірқатар бірлескен бастамалар нақты сипатқа ие болуда. Осы жылдың тамыз айында мен Арал – Каспий автомагистралының құрылысына бастау бердім. Жаңа бағыт «Шығыс – Батыс» бағытының өткізу қабілетін бірнеше есе арттырады. Таяу арада Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз теміржол желілерінің ауқымды құрылысы аяқталады. Жүк тасымалының ашықтығы «Ақылды шекара» пилоттық жобасы шеңберінде цифрлық технологияларды бірлесіп енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Қытайдың Minmetals Logistics корпорациясымен серіктестікте пилотсыз көлік технологиялары мен цифрлық шешімдері бар логистикалық дәліз құрылуда. Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Мультимодальды тасымалдарды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Alatau Air Cargo ұлттық әуе жүк тасымалдаушысы жұмысын бастады. Қазақстандық нарыққа әлемдік ірі жүк әуе компаниялары, соның ішінде Cathay Pacific Cargo және басқалары шығуда. Азаматтық авиация да маңызды рөл атқарады. Осы жылы Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімжі рейстері ашылды. Осы аптада алғашқы тікелей жолаушылар бағыты Алматы мен Чунцин қалаларын байланыстырды», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды
Президент өнеркәсіптік өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Ол қазіргі уақытта бұл салада жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 ірі бірлескен жобадан тұратын портфель қалыптасқанын хабарлады.
«Қытайлық кәсіпорындардың қатысуымен Алматыда автомобиль кластері дамып келеді, Қарағанды облысында кремний өндірісі құрылуда, металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия сақтау жүйелерінде жобалар жүзеге асырылуда. Өнімділігі төмен мұнай ұңғымаларын оңтайландыру және қалпына келтіру бойынша алғашқы жобалар іске қосылуда. Ақтөбе облысында қытайлық Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп пилоттық режимде халықаралық стандарттарға сай келетін арнайы индустриялық аймақ құрылуда. Агроөнеркәсіп кешеніндегі уағдаластықтарымыз да нақты мазмұнға ие болуда. Атап айтқанда, Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының тігінен интеграцияланған мақта-тоқыма кластерін құру, жүгері мен астықты терең өңдеу жөніндегі зәкірлі жобаларын ерекше атап өтемін. Бұл – серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге, оған сәйкес жекелеген инвестициялық жобаларды іске асырудан Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығатын толыққанды өндірістік экожүйелерді қалыптастыруға көшуге жақсы негіз. Осыған байланысты Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірлесіп келешегі бар жобалар пулын қалыптастыруы және оларды іске асыруға жедел кірісуі қажет», – деп тапсырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы келесі басымдық ретінде тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастықты белгіледі. Оның айтуынша, Қазақстан уранның, мыстың, алтынның, көмірдің, критикалық минералдардың және сирек кездесетін металдардың айтарлықтай қорына ие.
Сөзде цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Қазақстан әлемнің барлық жетекші технологиялық орталықтарымен өзара іс-қимыл жасауға ашық екенін баса айтты.
«Осы жылы Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның құрылтайшыларының қатарына кіріп, технологиялық өзара іс-қимылдың жаңа халықаралық платформасының қатысушысы болды. Бұл бастама ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге тиесілі. Қазақстан технологиялар трансфертіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделі. Біз жаңа формациядағы кадрларды даярлауға үлкен көңіл бөлеміз. Елордамызда алғашқы Қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Alatau City біздің жемісті технологиялық серіктестігіміздің жарқын көрінісіне айналады. Бұл ауқымды жоба Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы іскерлік белсенділіктің қуатты полюсі болуға арналған», – деп жалғастырды Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер тобының тікелей өзара іс-қимылының тұрақты алаңына айналуы тиіс.
Президент мұндай бастамаларды жүзеге асыру тиісті қаржылық архитектураны талап ететініне назар аударды.
Ол форум қатысушыларына Қазақстанда көптеген жылдар бойы «Астана» халықаралық қаржы орталығы табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
«АХҚО-ның әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының бірі – Гонконгпен өзара іс-қимылын дамытуда үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Осы жылдың қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия мен ШҰҰ елдері эмитенттерінің ішінде бірінші болып Қытайдың банкаралық нарығына шығып, 3 миллиард юаньнан астам (450 миллион доллар) сомаға панда-облигациялар шығарды. Қазақстан бүкіл инвестициялық циклды барынша қысқа, ашық әрі технологиялық етуге ниетті. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания (Kazakh Invest) жанынан Қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою – бұл бағыттағы кезекті маңызды қадам», – деп есептейді Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскерлік топтарының тікелей өзара іс-қимыл жасайтын тұрақты алаңына айналуы тиіс.
«Оны жыл сайын қыркүйек айында «Қазақстан – Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен өткізуді ұсынамын. Бүгін бірқатар нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл уағдаластықтар тек Қазақстан мен Қытайдың ғана емес, бүкіл еуразиялық құрлықтың орнықты дамуының игілігіне қызмет ететініне сенімдімін», – деп ұсынды Президент.
Тоқаев Қазақстан Қытаймен мәңгілік достықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
«Біздің ел үшін бұл сыртқы саясаттың ең маңызды мақсаттарының бірі болып табылады. Ортақ тарихымызға көз жүгіртсек, қытай халқы біздің халыққа ешқашан зиян тигізген емес. Көптеген жылдар бойы екі халық өзара құрметті сақтап, қолдау көрсете отырып, шынайы жарасымдылықта қатар өмір сүрді. Қазіргі тұрақсыз әрі белгісіз уақытта Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде көптеген сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру үшін иық тіресе бірге әрекет етуі тиіс. Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар: 人心齐,泰山移 – «Жұмылған жұдырық тауды да жылжытады» (мағынасы: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»). Қазақстан мен Қытай екі дос әрі көрші мемлекет ретінде кез келген істі бірлесіп табысты жүзеге асыра алатынына сенімдімін», – деп түйіндеді сөзін Президент.
Mezgil.kz