Заманауи армия – ел тәуелсіздігінің кепілі: Әскери реформа не береді?

Әлемдегі геосаяси ахуалдың күрт құбылуы, аймақтық қақтығыстар мен заманауи соғыс тәсілдерінің өзгеруі ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта қарауды талап етіп отыр.

1792666752154292.jpg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Осы орайда, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтіп, елдегі әскери реформаның жаңа жоспары кеңінен байыптала талқыланды. Бұл – жай ғана құжат емес, Қазақстан армиясын заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық күшке айналдыруға бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.

ЗАМАН ТАЛАБЫ ЖӘНЕ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР

Мемлекет басшысы еліміздегі ауқымды саяси-экономикалық өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Төрағаның орынбасары Аида Балаева әскерді жасақтаудың халықаралық тәжірибесін, соңғы жылдардағы ұрыс қимылдарын жүргізудің инновациялық тәсілдерін және отандық әскери мамандардың ұсыныстарын саралай келе, жиналған алқалы топқп Жоспардың негізгі ережелерін таныстырды.

Құжатта мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған терең институционалдық өзгерістер. Атап айтсақ:

Қарулы Күштердің құрылымын қайта қарау – дәстүрлі әскери құрылымдардан ұтқыр, жедел әрекет ететін құрамаларға көшу;

Басқару мен қорғанысты жоспарлауды жетілдіру – цифрлық технологиялар мен цифрлық штабтық жүйелерді енгізу;

Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру – қазіргі соғыстарда айрықша рөл атқаратын дрондық авиация мен роботтандырылған кешендерді жеке әскер түрі ретінде дамыту;

Басқа да негізгі компоненттерді нығайту – материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әуе қорғанысы мен радиоэлектронды күрес (РЭБ) құралдарын модернизациялау көзделіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың ел болашағы үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

МЕРЗІМДІ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ: АЛТЫ АЙ ОҚУ, АЛТЫ АЙ ТӘЖІРИБЕ

Қоғамды ең көп толғандыратын мәселелердің бірі – мерзімді әскери қызметтің ұйымдастырылуы. Жаңа реформа аясында мерзімді қызметтің екі кезеңнен тұратын жаңа үлгісіне көшу жоспарланып отыр. Нақтылай кетер болсақ:

Сарбаздар алғашқы 6 айда  Оқу орталықтарында базалық даярлық және мамандық меңгеруге қол жеткізеді, содан кейінгі 6 айда тікелей әскери бөлімдерде жауынгерлік міндеттерді орындауға көшеді. Індете сөйлер болсақ, алғашқы алты айда әскерге шақырылған жастар мамандандырылған оқу орталықтарында тактикалық, заманауи қару-жарақты меңгеру, алғашқы медициналық көмек және физикалық даярлықтан өтеді. Ал, кейінгі алты айда сарбаздар тікелей әскери бөлімдерге жіберіліп, шынайы жауынгерлік даярлыққа, далалық оқу-жаттығуларға және бөлімшелер құрамында нақты міндеттерді орындауға басымдық береді.

Бұл әскерге шақырылушылардың уақытын тиімді пайдалануға және олардың қысқа мерзімде нақты жауынгерлік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретіні айдан анық жайт.

САРБАЗ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ӘСКЕРИ ТӘРТІП – БАСТЫ НАЗАРДА

Соңғы жылдары армиядағы әскери тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігі мәселесі қоғамда үлкен сілкініс пен дүрлігу тудырғаны жасырын емес. Жаңа реформа бұл түйткілді де айналып өтпегенін Мемлекет басшысының сөзінен айқын аңғарамыз.

Құжатта әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың конституциялық құқықтарын қорғауға ерекше басымдық берілген. Осы мақсатта:

Әскери консультанттар институттары құрылады;

Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институты енгізіледі;

Жарғыға сай келмейтін іс-әрекеттерге (әлімжеттік, психологиялық қысым) мүлдем жол бермеу үшін бейнебақылау мен психологиялық мониторинг жүйелері күшейтіледі. Бұл шаралар түптеп келгенде әскери ортада ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етіп, сарбаздардың амандығына мемлекеттік кепілдікті арттыруды көздейді.

«ЖАС АЙБЫН» ЖӘНЕ ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ

Әскери реформа тек қару-жарақ пен құрылымды өзгертумен шектелмейді, ол ұлттық рух пен патриоттық тәрбиені тереңдетуді де қамтиды. Таныстырылып отырған Жоспар аясында «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту қарастырылған.

Осы орайда:

Мамандандырылған әскери мектептер желісі кеңейтіледі;

Мектептердегі бастапқы әскери даярлық (БӘД) сабақтарының мазмұны заман талабына сай жетілдіріледі;

Жастарды Отанды қорғауға моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындау ісі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.

Түйін: Еліміздің әскери саладағы  сарапшыларының пікірінше, Қазақстан Республикасының әскери реформасы – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Геосаяси сын-қатерлер өршіп тұрған шақта әскердің жауапкершілігі мен дайындығы ел тәуелсіздігінің басты тірегі болып қала береді.

Басталған бұл реформа армияны тек заманауи қару-жарақпен (оның ішінде ұшқышсыз жүйелермен) жарақтандырып қана қоймай, әскердегі адами капиталды, сарбаздың қауіпсіздігін және офицерлік құрамның кәсібилігін арттыруға жол ашуы тиіс. Армия – елдің қорғаны ғана емес, жастарды адалдыққа, патриотизмге және жауапкершілікке баулитын тәрбие мектебіне айналуы қажет.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар