АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Венгрияның бұрынғы премьер-министрі Виктор Орбанды БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы лауазымына басты үміткер ретінде қарастырып жатыр. Бұл туралы «The Wall Street Journal» жазды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Басылымының мәліметінше, Вашингтон оның кандидатурасын Ресей және Қытаймен бірлесе отырып ұсыну мүмкіндігін талқылауда. Орбанның өзі бұл ұсынысқа қызығушылық танытқанымен, әлі соңғы шешімін қабылдамаған.
Мәселенің егжей-тегжейіне үңілсек: БҰҰ басшысы лауазымына бақ сынауды Орбанға американдық тарап ұсынған. Вашингтон Орбанның кандидатурасын Мәскеу мен Бейжің де қолдауы мүмкін деп есептейді. Тіпті, бұл мәселе бойынша алдын ала келіссөздер де өткен. Онда Ресей мен Қытайдың бұл нұсқаға қызығушылық білдірген.
АҚШ тарабының айтуынша – Орбан қазір БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің едәуір бөлігінің қолдауына ие бола алады. Нақтылап айтқанда – Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесінің кем дегенде 8 дауысына, ал жағдай оң шешілер болса — 10 дауысына үміт артып отыр.
«АҚШ, Ресей және Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бірдей нәрсені қаласа, олар әдетте өз дегеніне жетеді», - дейді Ақ үйге жақын саясаткерлер.
Басылым ақпаратынша – Орбан сайлауға қатысу мүмкіндігін жоққа шығармайды, бірақ жеткілікті қолдауға ие бола алатынына әлі де күмәнмен қарайды. Дональд Трамп пен АҚШ вице-президенті Жей Ди Вэнс оған 3 қарашадағы аралық сайлаудан кейін ашық қолдау білдіруі мүмкін екені айтылады.
ВАШИНГТОН НЕГЕ ОРБАНДЫ ТАҢДАДЫ?
«WSJ» басылымының жазуынша – Венгрияның бұрынғы премьерінің кандидатурасы американдық шенеуніктер арасында бірнеше рет талқыланған. Мемлекеттік департамент өкілдерінің бірі оны «MAGA консерваторлары үшін арман кандидаты» деп атады.
Орбан миграция мәселелеріндегі қатаң ұстанымымен, либералдық үкіметтік емес ұйымдарды сынауымен және еуропалық институттармен келіспеушіліктерімен, Украина мәселесінде ресейшіл позиция ұстанғанымен танымал. Трамп әкімшілігі «оның саяси көзқарастары американдық консервативті қозғалысқа жақын» деп есептейді.
РЕСЕЙ, АҚШ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ОРТАҚ КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕ АЛА МА?
Анығын айтқанда – үш державаның бірлескен қолдауының өзі Орбанға бұл лауазымды толық қамтамасыз ете алмайды. Бас хатшыны сайлау үшін алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы қажет, содан кейін шешімді Бас Ассамблея қабылдайды.
Негізгі рөлді Ұлыбритания мен Франция атқаруы мүмкін. Бұл екі ел де Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері саналады және вето қою құқығына ие.
«WSJ» ақпараты бойынша, Вашингтон Лондон мен Париж Кеңестің көпшілік мүшесі және басқа үш тұрақты держава қолдаған үміткерге бөгет жасамауы мүмкін деп топшылайды. Дегенмен, Орбанның ықтимал кандидатурасына қатысты британ және француз билігінің ресми ұстанымы әлі жоқ.
ТАҒЫ КІМДЕР ҮМІТКЕР?
БҰҰ-ның жаңа бас хатшысын сайлау 2026 жылы өтеді. Ұйымның қазіргі басшысы Антониу Гутерриш бұл лауазымды 2017 жылдан бері атқарып келеді, ал оның екінші өкілеттік мерзімі 31 желтоқсанда аяқталады. Бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесіндегі бірнеше алдын ала дауыс беру кезеңінен кейін айқын фаворит анықталмаған. Талқыланып жатқан үміткерлердің арасында Лана Нуссейбе, Сигрид Кааг және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған болатын. Бұл ретте БАҚ-та шығып жатқан есімдердің барлығы бірдей ресми түрде ұсынылған кандидатураны білдірмейді. БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы өз жұмысына 2027 жылғы 1 қаңтарда кіріседі деп күтілуде.
Mezgil.kz