Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған күтіп алды. Қазақстан Президентінің келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Онан соң Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысының келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтте Президент кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, зеңбіректен 21 дүркін оқ атылды. Екі елдің көшбасшылары Құрмет қарауылы алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Түркия президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Өз кезегінде Режеп Тайып Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.
Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша назар аударылды.
Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Онан кейін Президенттердің келіссөзі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен одан әрі жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің Республика күні қарсаңындағы жүздесу терең символдық мәнге ие екеніне назар аударып, Түркия президенті мен барша түрік халқын ұлық мерекемен құттықтады.
– Сіздің парасатты басшылығыңыздың әрі көреген саясатыңыздың арқасында Түркия ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Еліңіз саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Түркияның абырой-беделі жылдан жылға арта түсуде. Біз Өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз. Сіздің ашық әрі батыл ұстанымыңыз, бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігеріңіз жаһандық деңгейде мойындалып отыр. Түрік халқының мәртебесі алдағы уақытта да асқақтай береді деп сенемін. Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
– Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Режеп Тайип Ердоғанның биыл мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапары жемісті болып, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Сапар аясында екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы ұйымдастырылды. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда ауқымды жобалар табысты жүзеге асырылуда.
Ең бастысы, қарым-қатынас мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
– Серіктестігімізді одан әрі дамыту бәріміздің мүддемізге сай келеді. Ертең Өзіңізбен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысамыз. Жақын арада Анталияда СОР31 климаттық форумы өтеді. Мен осы беделді басқосуға қатысуды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі екіжақты және көпжақты байланысымызды дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Түркия Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және бауырлас қазақ халқын Республика күнімен құттықтады. Режеп Тайып Ердоған жақында Анкарада қазақ мемлекеттілігінің тарихына арналған «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өткенін айтты.
Бұдан бөлек, «Наурыз – түркі әлемінің ортақ мұрасы» кітабы қазақ тіліне аударылды.
– Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз, – деді Түрік елінің басшысы.
Келіссөз барысында екі ел басшылары көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Mezgil.kz