Бішкек пен Мәскеу арасындағы энергетикалық ынтымақтастық та дағдарысқа тап келгендей. Екі ел арасында үлкен шиеленіс басталды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ресейлік «Газпромға» қатаң ескерту жасады. Ал бұл компания Қырғызстан нарығында монополияға ие. Қырғыз лидері елдің газ инфрақұрылымын мемлекет меншігіне қайтарып алуы мүмкін екенін ашық ескертті. Бұған себеп — Ресей тарапының өз мойнына алған газдандыру жөніндегі міндеттемелерін мүлдем орындамай, арқаны кеңге салып келуі болған.
Садыр Жапаров Талас облысының Айтматов және Манас аудандарының тұрғындарымен кездесуі кезінде ресейлік «Газпромға» қатты шүйлікті. Бұған себеп — орындалмаған уәде! Ресейлік компания өзіне міндеттелген елдімекендерді газдандыру жұмысын кешеуілдеткен.
«КҰМТӨР ОҚИҒАСЫ» ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?
Жапаровтың айтуынша, келісім бойынша «Газпром» бүкіл елді газдандыруға қаржы бөлуі тиіс еді, бірақ бұл уәде әлі күнге дейін ащы ішекше созылып келеді:
«Менің білуімше, 2039 жылға дейін 1 долларға сатып жіберген. 2013 жылы: «Бізге «Қырғызгаз» емес, бізге газ керек», - деді де, сатып жіберді. Сондықтан Қырғызстан территориясында газға қатысты мәселелерді тек солармен ғана шеше аламыз. Әзірге осылай.
Дегенмен, келісімде «Газпром» бүкіл елді газдандыруға қаражат бөлуі тиіс деген тармақтар бар. Бірақ бұл тармақтар әлі күнге дейін орындалған жоқ. Мен бұл мәселені екі-үш жылдан бері көтеріп келемін. «Газпромға»: «Егер жұмыс істемесеңіздер, «Құмтөр» сияқты қайтарып алып, өзім жасаймын», - деп айтып жатырмын. Алайда, газ әлі біздің иелігімізге өтпегендіктен, мен сіздерге құрғақ уәде бере алмаймын», — деп кесіп айтты Қырғызстан басшысы.
1 ДОЛЛАРҒА САТЫЛҒАН «ҚЫРҒЫЗГАЗ»
Ресей мен Қырғызстан арасындағы үкіметаралық келісімге 2013 жылдың шілдесінде қол қойылып, 2014 жылы газ жүйесі толықтай «Газпромға» өткен екен. Ресейлік тарап «Қырғызгазпромды» (кейін «Газпром Қырғызстан») бар-жоғы 1 долларға сатып алған болатын.
Оның орнына «Газпром» кәсіпорынның кемінде 40 млн доллар қарызын жабуға және 5 жыл ішінде инфрақұрылымға 20 млрд рубль инвестиция салуға міндеттеме алған. Өз кезегінде Қырғызстан «Газпромға» газ импорттауға монополия беріп, инвестицияларды қорғауға кепілдік білдірген еді.
САЯСИ АМБИЦИЯ МЕН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК
Садыр Жапаровтың «Құмтөр» кейсін мысалға келтіруі — тегін емес. Қырғыз билігі кезінде шетелдік инвестор басқарған «Құмтөр» алтын кенішін мемлекетке қайтарып алып, оны өз саяси ұпайына айналдырған болатын. Енді дәл осы тактиканы Жапаров «Газпромға» қатысты қолдана ала ма? Әлде бұл, 2027 жылдың қаңтарда өтетін кезекті президенттік сайлау алдындағы саяси ұпай жинау үшін айтылған жалаң-жұтаң әңгіме ме?
Осы ретте айта кетерлігі – Батыс санкциялары мен Украинадағы соғыс ықпалынан «Газпромның» шетелдік жобаларға, соның ішінде Орталық Азиядағы инфрақұрылымдарға бөлетін капиталы азайғаны байқалады.
Mezgil.kz