Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде – Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейетінін айтты.
«Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек.
Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат.
Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді», - деді Мемлекет басшысы.
Онан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді», - деп шегелеп айтты.
«Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз.
Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр.
Елімізде сан алуан цифрлық платформалар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады.
Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген. Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек», - деді Президент.
Mezgil.kz