Башқұртстан – тағдыры қатпар-қатпар, қилы-қилы, өзі Ресейдің боданы болып отырған алақандай ғана жер. Заңдық тұрғыдан – Ресейдің субьектісі. Әлем жұрты һәм БҰҰ солай деп мойындаған территория. Ал башқұрттар – сол аймақтың байырғы халқы.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Бізге туыс. Гендік жағынан – Сібір мен Орталық Азия халықтарының, онымен қоса Оралды мекендеген тайпалармен, тіпті мажарлармен аралас қан. Башқұрттардың қалыптасуына қыпшақ тайпаларының айтарлықтай ықпал еткен. Татарлармен де араласқан. Ежерден Орал таудың маңайын қоныстанған. Қысқасы, башқұрттар өздерінің шығу тегі, тайпалық құрамы, салт-дәстүрі, өмір салты, мәдениеті жағынан қазақ халқымен туыстас халық.
5 ҒАСЫРЛЫҚ БОДАНДЫҚ...
Әуелде башқұрттар Алтын Орданың құрамында болды. Алтын Орда құлаған соң Қазан, Ноғай және Сібір хандықтарының құрамына кірді. XVI ғасырдан бастап бодандықта. 1556-1557 жылдары Мәскеуде башқұрт елшілері бодандық туралы грамота алды. Қалған башқұрт тайпалары Ресей империясының құрамына XVII-XVIII ғасырларда кірді. Содан бері башқұрттар Ресей империясын сапында көптеген соғыстарға қатысқан. Кейін жүре келе, Кеңестік кезеңде «Башқұрт социалистік республикасы» статусын алды. Ал КСРО ыдырап, тып-типыл жойылғанда Ресей Федерациясының құрамында қалып, Башқұртстан Республикасы болды. Бұл өте-мөте ықшамдап айтқандағы тарихы.
Бүгінде Башқұртстан – жер көлемі жөнінен Ресей субьектілерінің ішінде 27-ші орында. Экономикалық көрсеткіштері жөнінен 15-ші орында. Жан саны 4 миллионнан асады. Қос тілді – орыс және башқұрт тілдері. Орыс тілінде сөйлейтіндер көбейген. Аймақта орыстар башқұрттардан көп (36 пайыз).
УКРАИНАҒА ҚАРСЫ СОҒЫС БАШҚҰРТТАРДЫ ҚЫНАДАЙ ҚЫРДЫ...
Күні кеше шыққан ақпарат – Башқұртстан билігі бұдан былай соғысқа барғаны үшін РФ Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқандарға берілетін төлемдерді қысқартпақ. Есесіне, соңғы екі аптада аймақтан соғысқа мәжбүрлеп жібергендердің қатары көбейген.
2026 жылғы 11 қарашада Башқұртстанның Қаржы министрлігі бюджетке түзету ұсынған. Онда соғысқа келісімшартпен барғандарға төленетін қаржыны 13 млрд рубльден 12 млрд рубльге азайтуды ұсынған. Бұған басты себеп – «Ресей әскерімен ерікті түрде келісімшарт жасасқысы келетіндердің саны азайған».
Башқұртстан – соңғы 3 жылдан бері Украина майданында қаза тапқан сарбаздар саны бойынша Ресейде бірінші орында тұр. Бұл тексерілген, расталған деректер бойынша көрсеткіш. Украина майданында Башқұртстанның 12,7 мыңға жуық адамы қаза тапқан («Медиазона» мен «ВВС-дің орыс қызметі» ұсынған, аты-жөндері анықталған деректер).
Ал өткенде Украина және Беларусь хакерлері қолды қылған ресейлік «Росстаттың» деректерінде: «Башқұртстаннан Украинадағы соғыста қаза тапқандар саны – 15,6 мың адам», - деп көрсетілген.
АҚША ЖОҚ: МӘЖБҮРЛЕУ КӨБЕЙГЕН...
Шындап келгенде, ақшаға келісімшарт ұсынудың орнына ер азаматтарды мәжбүрлеп соғысқа әкету тек Башқұртстанда ғана емес, Ресейдің өзге де өңірлерінде жиілеген.
«ВВС» зерттеушілерінің дерегінше: 2026 жылдың қазан айының соңына дейін Ресейдің 33 өңірі мен аннекцияланған Қырымда соғысқа мәжбүрлеп аттандыру фактілері күрт өскені тіркелген.
Солардың ішінде: Мәскеуде, Бурятияда, Удмуртияда, Орынбор, Ростов, Пенза, Омбы және Томбы облыстарында, Татарстанда, Нижегород пен Челябіде, Мурманскі, Псков облыстарында, Еврей автономиялық облысында, Приморск өлкесінде мәжбүрлеу фактілері тіпті көбірек тіркелген. Бұл өңірлер қазір қоғамдық кеңістікте «қара рекрутингтің» басты орталықтары ретінде танылып отыр.
БАҚ-та жария болған һәм Башқұрт билігі тарапынан ресми мойындалған бірлі-жарым фактілерде: Мәжбүрлеу процессі – алдап-сулау, алкоголь ішкізу, онан соң жалдамалы пәтерлерде ұстап, ұрып-соғу, сотпен қорқыту, Қыздырылған үтікпен және пышақпен қорқыту, соққыға жығу арқылы жүзеге асырылып келген. Бостандығы үшін ақша талап етілген. Сомасы 1,7 млн рубль. Егер аталған сома төленсе босатылған. Төленбеген жағдайда келісімшартқа қол қойдырып, соғысқа жіберілген.
«Мұндай мәжбүрлеу деректері бойынша да Башқұртстан Ресейдің өзге өңірлерінен гөрі алда тұр», - дейді сарапшылар. Тіпті, бұл өңірлерде адамдарды «ұрлауға» жәрдемдесетін арнайы қызметтер пайда болған. Оларға шамамен 50 мың рубль айлық та төленеді. Бұл бағдарламаны Башқұртстан билігі «Рекрут» деп атайды.
«Қара жалдаушылар» — бүгінде РФ Қорғаныс министрлігінің негізгі қорек базасы. Мәжбүрлеп тартуға және ұрлауға ұшыраған мыңдаған адам соғысқа мәжбүрлеп аттандырылған. Мұндай тәсіл 2026 жылдың маусымынан бері көбейген», - дейді зерттеушілер.
Mezgil.kz