Тәуелсіздік туы желбіреген 30 жылдам астам уақыттың ішінде біздің басты байлығымыз – отбасылық құндылықтар болып табылатындығы айқын дәлелдене түсті.
Еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстарды ортақ шаңырақтың маңына топтастыру үшін қазақтың ғасырлар бойы жинақталған бабалар даналығы мен ана сүтімен сіңген әдет-ғұрыптары осы орайда өзінің зор ықпалын тигізетіні айдан анық екенін өмірдің өзі делелдеп бере алды.
Соның арқасында елімізде ұлтаралық келісім өзінің буынын бекітіп, түрлі дәстүрлер мен салттардың өзара сабақтастығында қазақтың отбасылық құндылықтары өзінің өміршеңдігін әм жолбасшылығын таныта білді.
Тек отбасы ғана шынайы рухани-имандылық пен дәстүрлі құндылықтардың бастау көзі ретінде мемлекеттің шынайы тіреуі бола алатындығын біз әңгімеге тартқан ұстаз-педагогтардың ұлағатты сөздері нақтылай түсті.
МЕМЛЕКЕТТІК ОТБАСЫЛЫҚ САЯСАТСЫЗ БІРЛІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ЕШ МҮМКІН ЕМЕС!
Мейрамгүл Балабайқызы Атаева, Абай облысы, Бородулиха аудандық мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры:
- Отбасы қай дәуірде болмасын баланың жеке тұлға болып қалыптасуына орасан зор ықпал етеді. Тап осы отбасында ол алғаш рет өзінің мінез-құлығын һәм имандылық қадір-қасиетін жүрегінің түпкіріне ұялатып, ұлтының барша асыл сипаттарын өз бойына сіңіріп өседі.
Міне, отбасылық құндылықтардың маңызын бәрінен жоғары қойған Қазақстан Үкіметі 2013 жылдан бері қыркүйек айында «Отбасы күнін» ерекше жалпыхалықтық мереке ретінде кеңінен атап өтіп келеді. Жәнеде «Мерейлі отбасы» атты байқау халықтың аса зор ыстық ықыласына ие болды. Міне, мен тек санамалап қана өткен осы факторлардың өзі қазақтың барша асыл қасиетін отбасы тәрбиесіне қатысты жарқырата ашып көрсетеді десем, әсте артық айтқандығым емес.
Сондықтан дәстүрлі қалыптасқан, сан ғасырлық тәжірибесі бар отбасылық құндылықтардың әлеуметтік институтының бір тамырының кем соғуының өзі алаш өркениетіне орны толмас қауіп-қатер төндіретіні айтпаса да белгілі жайт. Осыған байланысты отбасын бәрінен жоғары қою халықаралық нормативтік актілерде айшықталған мемлекеттік идеологияға айналып отыр. Оның түп негізінде қоғам тарапынан отбасы институтын бекемдеу мен қорғаудың мемлекеттік әм ұлттық саясатының бастау көзі жатыр.
Отбасы институтын бекемдеу мен қорғаудың мемлекеттік әм ұлттық саясаты өзіне бағдар етіп, жаһандық әлеуметтік өзгерістерді, мәдени ауыс-күйістердің кереғар тұстарының қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыпы мен мәдениетіне тигізер кері ықпалының алдын алуды басты орынға қойып отырған жайы бар. Әлемде бел алған ұлтсыздану үрдісінің қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылықтарына тигізер ықпалын жоққа шығару жолында мемлекет тарапынан қыруар жұмыстар атқарылып келеді.
Бұл орайда посткеңестік елдердегі кеңестік отбасылық құндылықтардан арылып, оны заманауи ұлттық отбасылық құндылықтармен ауыстыру жолындағы 30 жылдық тәжірибелер де осы салада еңбек етіп жүрген мамандар тарапынан ескерілсе, жоғалған жоғымыз түгенделеді. Отбасылық құндылықтар бәрімізге ортақ, оның қазіргі жағдайда өркендеуіне үлес қосудан қазақ елінің ешбір азаматы тыс қала алмайды.
Осылайша, қазіргі қазақ қоғамының талабына жауап беретін мықты мемлекеттік отбасылық саясатсыз береке-бірлікке қол жеткізуіміз еш мүмкін емес.
ОТБАСЫ – РУХАНИ БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫ БҮГІНГІ БУЫНҒА АМАНАТТАЙТЫН АЛТЫН КӨПІР!
Эльмира Мұратбекқызы Наметова, Алматы облысы, Қарасай ауданы, мектеп мұғалімі:
- Қазіргі қазақ қоғамында отбасы ұрпақ жалғастығын байланыстырушы һәм рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды бүгінгі буынға аманаттайтын алтын көпір болып табылады. Тап осы отбасында ғана кез келген адам өз басына түскен кез келген қиындықты еңсеріп, өмірге асқақ сезіммен бойын тіктеп қарауды бойына сіңіреді.
Қанша жерден есейіп, ес жинадық десек те, бәрімізде басымыздан балалық бал дәуренді кешірдік. Сондықтан отбасылық құндылықтарды ту етіп көтерген әр отбасы баланың бойына өмірге келе салған күннен бастап, нағыз азамат болып қалыптасуы үшін ата-баба дәстүрі және елі мен жеріне деген патриотизм рухын сіңіруді басты орынға қоюы керек. Ел өміріндегі шуақты мерекелердің бірі – жыл сайын қыркүйек айының екінші жексембісінде аталынып өтілетін «Мерейлі отбасы» байқауы. Оған қатысушы түрлі жастағы отандастарымыз салт-дәстүрге негізделген отбасылық тәрбиенің асыл қасиеттерін паш етіп, жеке бастық тәлім-тәрбие берудегі тәжірибелерімен бөлісіп, жас отбасыларына үлгі-өнеге болуды өмір салтына айналдырды.
Қанша жерден мектеп осы салада жақсы тәлім беруге барынша күш салмасын, егерде ол отбасында өз жалғастығын таппаса құр бекер тәрбие берушілікке айналады. Мектеп пен отбасы жұдырықтай жұмыла бірлесе тәлім-тәрбие берген шақта нағыз берекелі де, мерейлі қазақ елінің болашағын алға бастырушы ұрпақты білім ошақтары қабырғасынан қалыптастырамыз. Осылайша, мемлекетіміз алға қойған отбасылық саясатқа әр ұстаз, әр отбасы өз үлесін қоса алады.
Бұл арада ерек атап өтерлігі отбасылық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға еш уақытта кәсіп пен мамандық таңдауда қателеспейді. Өмірден өз орын тауып, қазақ қоғамының кетігіне кірпіш болып қалана алады. Міне, бұның барлығын мектеп пен отбасында берілген саналы да, өнегелі тәрбиенің өз жемісін беруі деп санауымызға болады.
ОТБАСЫ ҚАШАНДА РУХАНИ ТІРЕК!
Гүлжанат Бадешқызы Сейфоллина (Қуанышева), Ақмола облысы, Қосшы қаласы, мектеп мұғалімі:
- Біздің халқымыз үшін отбасы қашанда рухани тірек, адами құндылықтардың қазынасы, мәдени әм тарихи ұрпақ жалғастығының асыл діңі болып табылады. Бабалармыз кезінде «Дәулет (мемлекет) дегеніміз – үлкен әулет, ал үлкен әулет – мейір-шапағатқа бөленген шағын дәулет» деп тегін айтпаған. Міне, тап осы шағын ортада адам баласы әке мен шешесінің ыстық махаббатына бөленіп өсіп, өмірілік буыны мен азаматтық бұғанасын бекемдейді.
Қазір мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясат аясында халыққа жасалынып жатқан барша қолдауларда басты орында қазақтың ұлттық өзіне тән бірегейлігі тұрады. Өз жерінде Кеңестік дәуірде ұлттық азшылыққа айналған қазақ енді сол зәрлі де, кәрлі кезеңді артқа тастап, ел халқының 70 пайыздан астамын құрап отыр. Біз, ұстаздар қауымы, осы қалыптасқан жағдайға орай және жаһандану дәуіріндегі сандық технологияның кері тәрбие беруінің алдын алуда мемлекеттің отбасылық-демографиялық саясатының қозғаушы күшіне айналып, ұлттық отбасылық асыл дәстүрімізді ата-аналармен бірлесе өскелең ұрпақ бойына сіңіруге өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Және тәлім-тәрбие беру процесінде отбасының ұлттың генетикалық кодының егесі екенін еш естен шығармағанымыз жөн.
Өзім еңбек ететін білім ошағында біздің ұстаздар қашанда баланың бойындағы жастық қуатын халықтың сан ғасырлық даналығымен ұштастыруды басты орынға қояды. Осы екі бағытты дамытқан тәжірибелі педагогтарымыз түрлі жобалар мен байқауларға қатысып, ел тарихында жаңа заманмен үндескен бабалар даналығының рухын кеңінен танытып келеді.
Кезінде данышпан бабаларымыз «Тексіз – жан, тамырсыз – ағаш» деген болатын. Міне, осы әулеттік тамыр отбасылық тәрбиеде қолға алынып, баланың сана-сезімін қалыптастырудың рухани азығы болады. Онсыз берілген барша жақсы тәрбие мың жерден құнды болып көрінсе де, ақыр аяғында құмға құйған судай еш нәтиже бермейді. Оның бәрін тамыр тегінен айырылған орыс тілді отбасылардың әулеттік тірлігінен күнделікті өмірде көріп жүрміз. Тіпті бай қазақ отбасылары өз ата-анасын қарттар үйін паналатуы ешкімге таңсық болмай қалды. Бұның бәрі – ұлттық отбасылық алтын діңнен ажырағандықтың көрінісі.
Қазір ұстаз ретінде жұрт аузынан жиі еститін сөзім: «немерелеріміз шетел киносын, мультфильмін көреді, олардың музыкасын тыңдайды». Бұған жол бермеу үшін ең әуелі отбасында ұлттық рух пен мемлекеттік рәміздер, ұлттық дәстүрге деген патриоттық сезімді қалыптастыру керек. Әрқайсымыз бала тәрибесін мектепке, ұстазға ғана жүктей салмай, жауапкершілкті тікелей өз мойнымызға алғанымыз жөн. Сол кезде өзім жоғарыда айтқан сөздерді құлағымыз еш естімейтін боламыз. Баланың бойына адамгершілік жауапкершілік өз отбасынан дәстүрлі ұлттық құндылықтар арқылы сіңеді көбіне осыны естен шығарып алатынымыз өкінішті...
ҚАЗАҚ ЕЛІ ҰЛТТЫҚ ҚАЙЫРА ТҮЛЕУ ПРОЦЕСІН БАСТАН КЕШІП ЖАТЫР!
Перизат Тілеуханқызы Мұхаметжанова, Абай облысы, Бородулиха ауданы, педагог-психолог:
- Бала тәрибесі әр азаматтың жеке бастық жауапкершілігі екендігі еш дау тудырмайды. Сол себепті оны балабақшаның, мектептің, университеттің мойына арта салуға еш болмайды дер едім. Барша рухани және имандылық асыл қасиеттердің нәрін балабақша, мектеп, университет емес, тек отбасы ғана сіңіреді. Оны басқаларға жүктей салушылық өз балаңның болашағына балта шабушылық болып табылады.
Заманалық тәуелсіз Қазақ елі ұлттық қайыра түлеу процесін бастан кешіп жатыр. Басқада посткеңестік елдермен бірге біздің мемлекетіміз де ұлттық мәдениетінің асыл тегіне қызығушылық танытып, әлемдік өркениеттің құрамдас бір бөлшегіне айналуды мақсат етуде. Осы бағытта істелетін жұмыстарда, шараларда жоғалғанымызды тауып, өшкенімізді жандыру үшін отбасылық құндылықтардың орны ерекше. Кеңестік дәуірде ұлтымыздың өткеніне топырақ шашылып, қазақтың сан ғасырлық асыл даналығы мен құндылықтары «есікіліктің сарқыншағы» деп уағыздалып келді. Дәл қазір қазақ мемлекетті осыдан арылуды отбасылық құндылықтарға арқа сүйеу арқылы қолға алып отыр.
Мектептегі тәлім-тәрбие беруде осының бәрі ескерілуге тиіс. Бұрынғы кеңестік дәуірде шәкірттер санасы тұншықтырлып келсе, енді қазақ баласының этникалық дербестігін, ұлттық сана-сезімін оятудың түрлі педагогикалық амал-тәсілдері қолға алынып, өзінің оң нәтижесін бере бастады.
Білім ошақтардағы дінге деген оң көзқараста басқа діни ағымның соңына түсуден талай шәкіртті құтқарып қала алды. Тұтастай алғанда заманауи қазақ отбасының тірлігі қазақ төңкерісіне дейінгі қазақ отбасылық дәстүрінен ерекшеленеді. Сондықтан халқымыздың бізге қалдырған асыл мұраларының тек өміршеңдерін ғана бүгінгі отбасылық тәрбиеде кеңінен қолдануды жолға қоюға тиіспіз.
САНАЛЫ ОТБАСЫ ҒАНА ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ НАҒЫЗ ҰЛАНЫН ТӘРБИЕЛЕМЕК!
Шырын Әбілсерік, Абай облысы, Бородулиха ауданы, бастауыш сынып мұғалімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде отбасылық құндылықтарға көңіл бөлгеніміз жөн деп айтқан болатын. Өйткені, отбасы арқылы мемлекет бекемделіп дами түседі. Отбасының баққуаттылығы – кез келген елдің дамуы мен қарыштауының өлшемі болып табылады.
Біздің республикада жоспарланған отбасының әлеуметтік мәртебесін көтеру саясаты үздіксіз жүргізіліп келеді. Отбасын, ана мен баланы қорғау – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі болып табылады десем артық айтқаным емес. Егер осы міндеттер өзінің оң шешімін табатын болса, онда еліміздің демографиялық әлеуеті артып, отбасылық құндылықтардың өресі кеңи түседі.
Өзім білім беретін мектепте бүгінгі жас ұрпақ ана тілінен ажырамай, халқымыздың асыл қасиеттерін отбасындағы тәрбие арқылы бойына сіңіріп келуі мені жас маман ретінде қатты қуантады. Қазақтың отбасылық құндылықтарының осылайша кеңінен өркен жаюы тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болып отыр деп білемін.
Тек саналы отбасы ғана қазақ елінің нағыз ұланын тәрбиелеп, өмірге азаматтық жолдама бере алады. Отбасылық құндылықтарымыз арқылы халқымыздың баққуаттылығы артады.
Mezgil.kz