Қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызды жобаларға жұмсалады. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Сұхбат барысында Премьер-Министрдің орынбасары заңсыз иемделінген активтерді қайтару жолдарын атады. Заңсыз иемденілген активтер мемлекетке ерікті немесе мәжбүрлі түрде қайтарылуы мүмкін. Ерікті қайтару тиісті келісімдер жасау арқылы активтерді мемлекетке өтеусіз беруді көздейді. Ал мәжбүрлеп қайтару сот шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Заңсыз иемденілген активтер қаражат, мүлік немесе актив түрлерінде қайтарылуы мүмкін.
«Заңның негізгі мақсаты – заңсыз иемделінген активтерді сырттан елге қайтарып, елге жұмыс істеткізіп, Қазақстанда жұмыс орындарын ашып, заңды түрде салықтарын төлетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға барынша жағдай жасау», – дейді Ерұлан Жамаубаев.
Вице-премьер қаражат түрінде қайтарылған активтердің қайда жиналып, қайда жұмсалатынына да тоқталды. Оның айтуынша, қаражат түрінде қайтатын активтерді арнайы есепшотқа аударады. Қандай да бір актив түрінде қайтарылған заңсыз иемделінген активтерді арнайы қор басқаратын болады. Ал елге қайтарылған актив нарықта сатылатын болса, онда қаражат арнайы есепшотқа түседі. Әрі қарай жинақталған қаражат ел үшін маңызды жобаларды іске асыруға бағытталады.
«Сол қордан біз қаражатты елімізге қажетті үлкен-үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобаларға жұмсайтын боламыз. Бұл – мектептер салу, ауруханалар салу, басқа да әлеуметтік нысандарды салу, сонымен қатар зауыттар мен фабрикаларға жұмыс орнын беретін, салық түсетін, өңірлерді дамытуға мүмкіндік беретін жобалардың бәріне жұмсап отырмыз», – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, бүгінде Бас прокуратураның құрылымында уәкілетті орган болып табылатын Активтерді қайтару комитеті құрылған және Заң талаптарына сәйкес келетін субъектілер енгізілген Тізілім жасалған.
Mezgil.kz