Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында 2-5 желтоқсан аралығында Бакуде Қазақстанның мәдениет күндері өтті.

IMG_0704.jpeg

Екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту және қарым-қатынасты дамыту мақсатында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары барысында өзара мәдениет күндерін өткізу туралы келісім жасалған болатын.


Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел қатысты.


Бұл күндері Аида Балаева бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, оның барысында мәдениетаралық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.


Басты кездесудің бірі Президенттің көмекшісі - Әзербайжан Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің басшысы Хикмет Гаджиевпен болды.


«Президентіміз Әзербайжанмен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұған мемлекет басшыларының өзара сапарлары дәлел бола алады. Серіктестік барлық сала бойынша жоғары деңгейде дамиды. Бұл тілдің, діннің, әдет-ғұрыптың және дәстүрдің ұқсастығына негізделген ортақ мәдени мұра мен туыстық байланыстарға байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының құрылысы аяқталуда. Бұл Әзербайжан халқына достық пен өзара қолдауды білдіретін сыйлық. Оның екі халық арасындағы бауырластық қарым-қатынастың символына айналатынына сенімдімін», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.


Өз кезегінде Хикмет Гаджиев Орталық Азия елдері - Әзербайжан Республикасы үшін жаңа мүмкіндіктер беретінін айтты.

«Қазақстанның кинематографиялық тәжірибесі біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Тарих пен мифологияға қатысты мультфильмдер жақсы дамып келеді», - деді ол.


Сондай-ақ іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әзербайжанның Мәдениет министрі Әділ Кәрімлімен кездесу өткізіп, балаларға арналған анимациялық фильмдер түсіру, әзербайжандық суретшілердің қатысуымен жас суретшілерге шеберлік сабақтарын өткізу, ғылыми жобаларды, жалпы ғылыми туризмді, мәдени волонтерлік қызметті, кітап шығаруды дамыту жұмыстарын бірігіп күшейту қажеттігін атап өтті.


Әділ Кәрімлі болса түркітілдес елдер қатарында Әзербайжан Қожа Насреддин туралы анимациялық фильм түсіру жобасына қатысып жатқанын айтып, Қазақстанда түсірілім жұмыстарын ұйымдастыруға қолдау көрсетуін сұрады.

Одан өзге Аида Балаева әріптесіне архив ісі, ақпараттық, волонтерлік және жастар саясаты сияқты мәдениет салаларын қамтитын екі елдің өзара іс-қимылының Жол картасы жобасын табыс етті.


Аталған құжат аясында тараптар мәдени іс-шараларды, ғылыми археологиялық зерттеулерді ұйымдастыруда тығыз ынтымақтастық орнатып, тарихи-мәдени мұра объектілерін, ғылыми-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасып, ақпараттық материалдарды бөлісуде ортақ алаң құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар халық жазушылары кітаптарының тұсаукесерлері, көркем әдебиетті әзербайжан тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен әзербайжан тіліне аударуға арналған кітаптар тізімімен алмасу, бірлескен медиа жобаларды жүзеге асырып, анимациялық, деректі және көркем контентпен, еріктілердің озық тәжірибелері мен жобалары өтеді. Креативті индустрияда бірқатар іс-шаралар жоспарланған.


Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гаибовпен кездесуде жастар саясаты саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.


Атап айтқанда, қазақстандық тарап креативті индустрия, экологиялық акция, көрмелер бойынша жастар іс-шараларын ұйымдастыру арқылы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруды ұсынды. Бұл тәжірибе мен білім алмасуды жандандыруға, сондай-ақ жастардың шығармашылық әлеуеті мен кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Түстен кейін Гейдар Әлиев атындағы мәдениет орталығында Қазақстанның бейнелеу өнерінің көрмесі ашылып, оған әртүрлі жанрлар мен стильдерде жұмыс істейтін қазақстандық суретшілердің 46 бірегей туындысы қойылды.

Құрметті қонақтар арасында Әзербайжан Республикасының Милли Мәжілісінің төрайымы Сахиба Гафарова, министрлер, депутаттар, елшілер, мәдениет, ғылым және өнер қайраткерлері болды.


«Көрме – екі халықтың мәдени жаңғыруының рухани визуализациясы. Біртұтас тамыры мен өткенін мақтан тұтатын халықтар бүгінді бірге өзгертіп, лайықты болашақты құруда, тек өз елдерінде ғана емес, бүкіл аймақта бейбітшілік пен гүлденуге ұмтылуда. Әрине, өнер адамдарының көзімен сіздерге ұсынылып отырған рухани байлықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны жүрекпен сезіну керек. Сондай-ақ, көрме экспозициясында жас суретшілердің жұмыстары қойылды. Мұнда кескіндеме, графика, кестелеу, сәндік-қолданбалы өнер сияқты дәстүрлі бейнелеу өнері түрлерімен қатар тоғыз отандық автордың инсталляциялары мен көркем бұйымдары ұсынылған. Бұл баға жетпес туынды авторларының энергетикасы қазақ пен әзербайжан жас таланттарына рухани қуат береді. Көрме екі бауырлас халықты рухани жақындастыру миссиясын орындайтынына сенімдімін», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі.


Туындыларды ұсынғандардың қатарында суретші Нұрлан Сатаев та бар. Оның картиналары көшпенділер мен табиғат үндестігінен хабар берсе, Аманжол Сұлтанның туындылары көрерменді қазіргі қазақ отбасының романтикасы мен идилиясына жетелей түседі, ал Жанна Нөгербек мүсіннің жаңа концептуалды түрін ұсынды.

Көрме қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырған Әсел Сабыржанқызының туындылары болса,  Қазақстанда Ассоль есімді танымал жас суретші кілемге сурет салудың ерекше әдісін қолданады. Ол түркі тарихындағы танымал 14 әйелдің бейнесін жасады.


Мәдениет күндері Қазақстан өнер шеберлерінің салтанатты гала-концертімен аяқталды.

Аида Балаева өз құттықтау сөзінде Мәдениет күндері 2023 жылғы маңызды оқиғалардың бірі ғана емес, екі елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық жақындасуының логикалық нәтижесі, сондай-ақ, екі мемлекет басшыларының еркі мен күш-жігерінің арқасында жүзеге асқананын атап өтті.


«Бүгінде Қазақстан мемлекеті үлкен өзгерістер дәуірін бастан кешіруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің экономикасын жан-жақты дамытуға, демократияландыруға, қоғамдық мәдениет деңгейін көтеруге, құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған реформалар кешенін дәйекті түрде жүзеге асыруда.  Әзербайжан – біздің мәдениеттеріміздің миссионерлері мен руханият елшілеріне аудармашылар мен ешқандай делдалдарсыз араласатын жер. Бұл күндері мәдениет пен өнер саласындағы өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор екеніне тағы да көз жеткіздік. Екі ел арасындағы бүгінгі мәдени және шығармашылық диалог өзінің заңды жалғасын табатынына сенімдімін. Біз тамыры мен рухы, философиясы мен құндылықтар жүйесі жақын бауырлас халықпыз. Біз үшін бұл құнды әрі даусыз факт», - деп атап өтті Аида Балаева.


Гала-концертке Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әлішер Кәрімов, Медет Чотабаев, Әйгерім Бекетаева, «IL Canto», «Violas», «T&Y» топтары мен «Ұлытау», «Сазген сазы» және «Салтанат» мемлекеттік би ансамбльдері, сондай-ақ, «Фикрет Амиров атындағы Әзербайжан мемлекеттік ән-би ансамблі» қатысты.


Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда Әзербайжанның мәдениет күндері өтеді.


Mezgil.kz 



Ұқсас тақырыптар