«Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану», - деп айтқан болатын Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі жолдауында.
Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – ел дамуының негізі екені анық. Осы орайда Respublica партиясының фракциясы Мәжіліс қабырғасында осы саланың жай-күйін Үкімет басшысына депутаттық сауал ретінде жолдаған болатын.
Онда 25 жыл ішінде ҚТЖ экономикалық жоспарлауға, болжауға, стратегияға, табыс көзін ұлғайтуға бағытталған тиімді тетіктерді пайдалануды үйренбегенін айттық. Миллиардтаған шығынға батқан ҚТЖ бүгінде инфрақұрылым мәселелерін шешіп қана қоймай, елді бос вагон-цистерналармен қамтамасыз ете алмады.
Депутаттар компания өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіп, вагондарды сатып алу және жөндеу, мұнай цистерналарының тапшылығы, жолаушылар тасымалдарын дамыту, «жылдам пойыздарды» іске қосу, теміржол жүк тасымалдарына тариф белгілеу мәселелері, Ақтау Құрық теңіз портының әлеуетін пайдалану, компанияның топ-менеджерлерінің жалақысы сияқты мәселелер талқыланды және тығырықтан шығу жолдары қарастырылды. Ол жұмыс әлі де жалғасады.
Енді санды сөйлетсек. 2025 жылға қарай 1300 шақырымнан астам жаңа теміржол желілерін салу және сол арқылы транзиттік теміржол тасымалының көлемін 35 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Жүк тасымалының жалпы көлемі биыл 895 млн тоннаны құрады. Автожол құрылысы бойынша 3 маңызды жоба аяқталып, 16 жоба жүзеге асырылуда. Транзиттік тасымалдау көлемі 29,3 млн тоннаны құрады. Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 6,5 млн тоннаны құрады. Қуаттылықты арттыру мақсатында 2023 жылы теңіз инфрақұрылымы саласында бірқатар жобалар іске қосылды және әуе кемелерінің паркі 9 ұшаққа толықтырылды деп жоспарлануда.
Руслан Берденов,
ҚР Мәжілісі депутаты
Mezgil.kz