«Қарызсыз қоғам»: Астанада сарапшылар қаржылық сауаттылыққа үйретеді

«АMANAT» партиясы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін былтырдан бастап азаматтарға қаржылық білім беру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыра бастады. Аталған жоба аясында Астана қаласы бойынша биыл 9300 азаматты қаржылық сауаттылыққа оқыту жоспарланып отыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

1712132411606715.jpg

Дәл қазіргі таңда оның 1500-ге жуығы семинарларда дәріс алып шықты.

Жалпы, жобаның мақсаты – мемлекеттік орындармен бірлесе отырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ету.

«Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру үшін алты бағыт жасақталған. «Аманат» партиясы Астана қаласы филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Мұхаммед Болысбек жобаның негізгі бағыттарына тоқталды.

«Бірінші бағыт бойынша «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейту үшін ынтымақтастық меморандумы жасалды. Екінші бағыт жобалар командаларын құруға арналды. Үшінші бағыт халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Ал төртінші бағыттың мақсаты азаматтардың банктік қарыздары мен шағын несиелері бойынша проблемалық берешектерін реттеу болып саналады. Сондай-ақ бесінші бағыт жұмыспен қамту және бизнес жүргізу мәселері бойынша кеңестер беруге және алтыншы бағыт заңнаманы жетілдіруге арналған», - деді спикер.

Жоба ұйымдастырушыларының мәліметінше, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған курстар бес күнге созылады әрі тегін оқытылады. Мамандардан құралған топ тек қалаларда ғана емес, сегіз аймаққа шығып, соның ішінде ауылдық жерлерде оқу семинарларын өткізді. Онда азаматтар кірістер мен шығыстарды жоспарлау, несиелерді өтеу мен тәуекелдерді басқару, сондай-ақ жинақ ақшаларын қаржы құралдарына сауатты салу бойынша білім алуға мүмкіндік алады. Мұнда тек кеңес алып қана қоймай, барлық ниет білдірушілер өз ісін ашу үшін өз бизнес-жоспарын түзуге де үйренеді.

«Жоба шеңберінде қатысушылар білікті заңгерлердің ақысыз көмегіне де жүгіне алады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қиын жағдайларға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданғаны белгілі. Ал қарызға белшесінен батқан жан осы санатқа кіре ме, жоқ па, мамандардың көмегімен анықталып, партия, әкімшілік, банк бірлескен топ азаматқа тығырықтан шығудың жолын нұсқауға көмек көрсетеді. Мысалы, бір адамның басында 8 несиесі болуы мүмкін, мұндайда мамандар оған, бірінші кезекте қомақты қаражатты талап ететін несиесін алдымен өтеуге кеңес береді. Іс-тәжірибе нәтижесінде осындай қиындықтан шыққан адамдар бар», - деді Мұхаммед Болысбек.

Айта кетейік, Астана қаласында қаржылық сауаттылыққа үйрететін сарапшылар қызмет етеді. Олар әр аптада жаңа топты оқытып шығаруда.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар