Әкімдерді сайлау: Жалпыұлттық һәм мемлекеттік дамуға бағыт алдық...

2020 жылы 1 қыркүйекте ҚР Президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс‑қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекет басшысы маңызды саяси жаңару бағытын ұсынды. Соның бірі – аудан деңгейіндегі қалаларда, ірі мекендерде, ауылдық округтарда әкімдерді тікелей сайлау болатын. Сөйтіп, Қазақстанда тұңғыш рет жергілікті әкімдерді тікелей сайлау арқылы Қазақстанның сайлау тарихында жаңа парақтар ашылды.

1720516177453296.jpg

(Сурет: Егемен Қазақстан гәзетінен алынды)

Бұған дейін ауыл әкімдерін, болашақта облыс әкімдерін сайлау арқылы тағайындау туралы заңға 2013 жылы президент Н.Назарбаев қол қойып, арнайы заң қабылданған. Ондағы мақсат – «жергілікті өзін‑өзі басқару институттарын жетілдіру» деп атап көрсетілген. Сол заң негізінде бірқатар ауыл әкімдері аудандық мәслихаттың сайлауымен тағайындалды да. Алайда, «әкімдерді мәслихатпен сайлау» қоғамда айтарлықтай қызығушылық тудырмады. Себебі, еліміздегі саяси жүйені толық монополизациялаған президенттік «Нұр Отан» партиясы азаматтық қоғамның бас көтеруіне ешбір мүмкіндік қалдырмады.  Сөйтіп, кей аудандарда ғана өткен бұл «сайлаудың» бұрынғы «президенттік тағайындаудан» ешбір айырмасы болмай қалды. Бұрынғы әкімдердің барлығы дерлік орындарын сақтады, ...коррупция жалғасып жатты, экономикалық‑әлеуметтік дамуда еш серпіліс болмады...  Халық ол сайлаудан үмітін үзді...

Енді, ауыл әкімдерін, аудан әкімдерін, шағын қала әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі бірте‑бірте ұлғайып келеді. Биылғы жылдың өзінде еліміздің көптеген елді мекендерінде бұл процесс жүріп жатыр.

Саясаттану ғалымдарының айтуынша, мұндай сайлаулардың жақсы жағымен қатар, жағымсыз жақтары да бар екен. Ғалымдар «жағымды» деп мына факторларды атайды:

Әкімге үміткердің өзін‑өзі  ұсынуы. Өзін‑өзі ұсынған жағдайда үміткер тек жергілікті жердің мәселелерін өзекті етеді, соны алға шығарады. Яғни, ол бұрынғы «партиялық бағдарламаларға» қарағанда әлдеқайда нақтырақ, жергілікті бюджет пен ресурстардың мүмкіндігі ескерілген, жобаны жүзеге асыру тетіктері нақтыланған болып келеді. Бұл, шын мәніснде, жергілікті дамуға үлкен септігін тигізетін бағыт.

Сайлау барысында жергілікті жерде азаматтық белсенділік арта түседі. Бұл – жалпы демократиялық дамудың, азаматтардың құқықтық тұрғдағы белсенділігін және саяси сауаттылығын күшейтеді. Қоғамда жаңа лидерлер пайда болады.

Бұл сайлау еліміздің саяси жүйесін модернизациялаудың бір тетігі болып табылады.

Әкімдердің 4 жылға сайлануы – билік жүйесінің ауыспалылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан, сайланған әкім «өз уақытын» тиімді пайдалануға тырысады. Ол қоғам үшін пайдалы.

Жергілікті сайлауларда бұрыннан кесел боп жабысқан «дауыс ұрлау» анық білінеді. Сондықтан, ондай қылмыстық әрекеттерге жол жабыла бастайды. Халықтың әкімге деген сенімі солай артады.

Әкімшілікке «жергілікті туыстар» ғана емес, қолынан іс келетін, алдына нақты мақсат қойған еліміздің кез келген азаматы өзін ұсына алады. Бұл олардың сайлауалды бағдарламаларын, оған деген талапты  күшейтеді.

Әр жердегі партиялық бастауыш топтардың қызметіне жан кіре бастайды.

Жоғары білім болуын талап ету – «нағыз білімді болу» парадигмасымен ұштасады. Жергілікті кадрлар легі қалыптаса бастайды.

Сонымен қатар, бірқатар әлсіз буындарды атап өтуге болады:

Екі рет сайланғаннан соң қайтадан сайлауға түсу мүмкіндігінің сақталуы;

Мемлекеттік қызметтегі тәжірибенің болуын талап ету – ондай тәжірибесі жоқ, алайда өте мықты менеджерлік қабілеті бар адамдарды, әсіресе жаңа буын өкілдерін сайлаудан шеттетуге мүмкіндік қалдырады.

Уақыт шектеулі болғандықтан, сайланған әкімдерге өздерінің стратегиялық жобаларын жүзеге асыруға қиындықтар туындайды. Бұл, жалпыұлттық және мемлекеттік дамуға оңтайлы емес.

ҰҚК тарапынан әрбір үміткерді «майшаммен» тексеру – жергілікті жердегі жанжалдардың тууына себепкер болып, ол тұтастай әкімшілік жұмыстарына кедергі бола бастайды. Көп адам ҰҚК тексеруінің нәтижесіне қарсы шығады. Осыған байланыстары Сот процестері көбейеді.

Жергілікті сайлаулар қосымша мынадай мәселелерді шешеді:

Бұрынғы «шенді орынды сататын» партиялар ішіндегі корруцияға тосқауыл қоя бастайды, оның тамырын қия бастайды.

ҰҚК арнайы тексеруі барысында жергілікті жердегі коррупция деңгейі мен ауқымы, сипаты мен саны анықтала бастайды. Ол мемлекеттік деңгейдегі коррупциямен күреске өзінің оңтайлы ықпалын тигізеді.

«Өзі сайланған» әкім жергілікті белсенді азаматтармен келісе отырып, жергілікті мәселелердің тез шешімін табуына оңтайлы ықпал етеді.

Осындай оң өзгерістер орын алған сайын, ендігі кезекте облыс әкімдерін сайлау мәселесі көтеріле бастайды. Бірақ, ол үшін халық «жергілікті сайланбалы әкімдермен жұмыс істеу» тәжірибесін жинақтауы керек. Қазір осы мәселе өзекті бола түсті. Себебі, Президент реформалары облыс, кейде аудан әкімдері тарапынан астыртын қарсылыққа тап болуда. Оны біз «әкімдердің біліксіздігінен» деп, сылап‑сипамауымыз қажет. Ол «ескі қазақстан» деп аталған деструктивті к.үштердің әлі де билік жүйесінде отырғанын білдіреді. Олар «өңін айналдырса» да, өткен шақтағы «жұмақты» ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар