Депутат Перуашев: Лудомания деген қасірет көптеген отбасыға таныс!

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «лудоманиямен күрес туралы» Заңға қол қойған болатын.

1720520845446089.jpg

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі», - делінген ресми хабарламада.  

Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.

1720520619940930.jpg

(Сурет: Ақ жол партиясының сайтынан алынды)

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманиямен күрес туралы заңға қол қойды. Бұл мәселе Атыраудағы Құрылтайда өткір әлеуметтік проблемалармен қатар талқыланған тақырыптардың бірі болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында заң жобасын түрлі фракциялардан құрылған депутаттар тобы әзірледі, заң жобасын әзірлеушілердің қатарында «Ақ жол» демпартиясы тарапынан әріптесіміз Қазыбек Иса болды.

Заңның маңызды новелласы ретінде құжаттың тыйым салумен ғана шектелмей, профилактикалық сипатқа да ие екендігін, лудомандарды бос жүрген жандар ретінде ғана емес, психологиялық тәуелділікке, яғни, ауруға душар болғандар ретінде қарастыратындығын атап өту керек. Бұл қасірет көптеген отбасыларға таныс, өкінішке қарай.

Сондықтан, шаралардың бір бөлігі лудомандарды бұл індеттен медициналық және әлеуметтік қалпына келтіруге бағытталған.

Дегенмен, заңның негізгі мазмұны ойынханалардың жұмысын реттеуді қатаңдату болып табылады, оның ішінде, әлеуметтік желі мен қоғамдық нысандарда жарнамалауға тыйым салу, олардың жұмыстарының типтік ережелерін енгізу, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және т.б. секілді бірқатар азаматтар тізімі үшін құмар ойындар ойнауға шектеу қою бар. Сонымен қатар, ойыншылар отбасыларының материалдық жағдайын құртпау үшін мойнында қарызы бар не борышкерлер реестрінде тұрған азаматтарға да мұндай шектеулер қолданылады.

Құжатпен жұмыс барысында жұмыс тобы ұтыстарды есепке алу орталығын (ЦУС) жоюға қол жеткізе алмады. Мұндай түсініксіз жеке «реттеуші» туралы әріптестер пікірлерімен келісемін. Депутаттар мен атқарушы органдар арасында осыған ұқсас «келіспеушіліктер» ара-тұра туындап отырады, бұл күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет туралы қағиданы жүзеге асыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформасын жалғастыру қажеттігін көрсетеді.

Дегенмен, даулы мәселелердің болуы қабылданған заңның қоғамдық саулық үшін тек өзекті екендігін анық көрсетеді. Заңнама – тірі организм, уақыт өте келе, әсіресе ұтыстарды есепке алу жүйесіне қатысты ережелер енгізілген сайын, қоғам оның мақсаттылығы/мақсатсыздығы туралы пікірталасқа қайта оралатынына күмәнім жоқ.

Қалай болғанда да, «Ақ жол» фракциясы заң шығаруда мұндай түйткілдерден талай рет өткен: РОП пен ЦТС жағдайларын мысалға алайық, олардың заңсыздықтары туралы 2017 жылдан бері депутаттық сауалдарда көтеріп келдік, ал, мәселе тек 4-5 жыл өткен соң ғана шешімін тапты.

Мұндай мысалдар жетерлік.

Әріптестерімізді, бүкіл қоғамды осындай маңызды заңға қол қойылуымен құттықтауға толық негіз бар деп есептеймін; оны жүзеге асыру шын мәнінде осы әлеуметтік жараның өткірлігін азайтады деп үміттенеміз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар