Алматы: Гендерлік саясат-қоғамның маңызды тетігі!

Біздің елімізде отбасылық гендерлік саясат мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Басты ерекшелік ерлер мен әйелдердің құқығын тең сақтау, әйелдердің құқықтарын таптатпау, әйелдерді құрметтеу сонымен қатар зорлық-зомбылыққа жол бермеу.

1721646165484253.jpeg

(Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды)

Тәуелсіздік алғалы бері еліміз тең құқықтық пен гендерлік саясат жүйесі бойынша  алдыңғы орында тұр. Отбасылық гендерлік саясаттың елімізде қалай жүзеге асып жатқаны жайында Mezgil.kz тілшісіне Алматы қаласы Алатау ауданы «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Ақмарал Бәсірова айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде отбасылық гендерлік саясат мәселесі бір ізге қойылған. Саясатта болсын басқа да салаларда болсын іскер әйелдердің рөлі артып келеді екен. Ол: «Бүгінде елімізде белсенді әйелдердің қатары көбейіп келеді. Әсіресе кәсіпкерлік саласында белгілі бір жетістіктерге жеткен нәзік жандылардың қатары күн санап артып келеді. Елімізде гендерлік саясаттың болуы –  демократияның да ашық көрінісі деуге келеді. Ал демократия  – ойымызды, арман-мақсатымызды ашық жеткізу, ер не әйел деп бөлмей, шағым-талаптарын халықтың құзырлы органдарға ашық білдіре алуы.  Мен бүгінде әйелдердің білім алып, кәсібін ашып, белсенді жұмыс істеп, еліміздің дамуына титтей де болса үлес қосып отырғандарын мақтанышпен айта аламын. Әсіресе белсенді көп балалы аналардың қатары көп. Олар да өз арман -мақаттарын жүзеге асырғысы келеді. Жалпы қоғамымызда әйелдерге деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Олар да өз белсенділіктерімен әйел адам әлсіз деген стереотипті жойды», - деді.

Бүгінде еліміздегі отбасылық гендерлік саясатты ҚР Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес қадағалайды. Сонымен қатар гендерлік теңдікті жүргізуге арналған стратегиялар бекітіліп, сол бойынша жұмыс жалғасып келеді. Қазір мемлекеттік басқаруда да әйелдердің рөлі артып отыр.

Ақмарал Бәсірова гендерлік саясаттың негізгі мәнін әрі қарай былай деп тарқатты: «Қазақ қоғамында ер азаматтар қашан да әйелден бір саты жоғары тұрады. Бұл қалыптасқан ұғым. Ол әбден санамызға сіңген десе де болады. Ал гендерлік саясаттың мәні әйелдерді төбеге шығаруда емес, оларды құрметтеуде. Біз осыны нақты түсінуіміз керек. Отбасы тыныштығы деп- ер мен әйелдің өзара түсіністікпен өмір кешуін айтар едім. Қазір отбасын асырауда ер де, әйел де жауапты. Екі жақ тан жұмыс істеп, табыс тауып бірлесіп армандарына қарай алға жылғу бар. Қазіргі қоғам екі жақтап табыс табуды көздетеді. Себебі отбасының болашағына екеуі де жауапты. Әйелдер де өз алдына дамып, жұмыс істеп белсенді қызмет еткісі келеді. Заман талабына сай тең дәрежеде алға қарай жылжу бар», - деді Ақмарал Бәсірова.

Бүгінде еліміздегі әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық жетекші салаларында ер- азаматтармен тең дәрежеде еңбектеніп, қабілет қарымымен, іскерлігімен, белсенділігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Халықаралық ареналарда да әйелдердің саяси көшбасшылығы байқалуда. Саясатта да белсенді нәзік жандылар көбейіп келеді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар