«Арман Алматы» - мүмкіндігі шектеулі балаларға қалай көмектесуде?

Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қоғамға бейімдеуге, сонымен қатар педагогикалық-психологиялық жәрдем беруге баса мән беріледі. Бірақ байқағанымыз ерекше жандарды оңалту және оларға көмек көрсетумен айналысатын орталықтардың жұмысы көпшіліктің назарынан тыс қалып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Mezgil.kz тілшісі Алматы қаласында орналасқан «Арман Алматы» балаларды оңалту орталығына арнайы барып, жұмысымен танысып қайтты. Ондағы ерекше жандармен жұмыс істейтін арнайы мамандармен тілдесті.

1721839813575798.jpg

(Коллаж суреттері: Mezgil.kz / 34travel.me)

Аядай ғана орталықтың ішіне енгенімізде қыз-қыз қайнаған тіршілік бірден байқалды. Бізді «Арман Алматы» балаларды оңалту орталығының директоры Руслан Нұрғалиев жылы шыраймен қарсы алып, орталықтың жұмысымен таныстырды.

«Арман Алматы» орталығын ашудағы мақсатым сал ауруына ұшыраған балаларға көмектесу. Олардың өмірге бейімделуіне кішкентай болса да үлес қосу. Орталықтың ашылғанына  биыл 5 жыл толады.  Осы жылдар аралығында 200 ден астам балаға көмек көрсетілді. Кейбірі сауғып, балабақшаға орналасып жатады. Бұл да оңалту жұмысының әсері деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз бен көздегеніміз балалардың қоғамға бейімделіп, қоғамның бір бөлшегі болуы. Мамандығым педагог. Бірақ мақсатым ерекше балаларға көмектесу», — деді Руслан Нұрғалиев.

Орталық директорының әлеуметтік жұмыс бойынша орынбасары Динара Сүпеева оңалту орталығы жайында былай деді: «Біздің орталық 2019 жылдың қазан айында ашылды. Қазіргі таңда  орталық церебральді сал ауруына шалдыққан 35 балаға көмек көрсетеді. Олар бізге күнделікті келіп реабилитациядан өтеді. Яғни олар қаңтар айында құжат өткізіп жыл соңына дейін  бізге келіп тегін көмек алады. Орталық 2-18 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Біз қоғамдық қормыз. Орталық мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Ғимаратты жалға алудан бөлек мемлекет тарапынан жұмыскерлердің айлығы, келушілердің тамағы, балаларды жеткізу қызметі, сонымен қатар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу жағы төленеді. Біз қаламыздағы поликлиникалармен тығыз жұмыс істейміз. Оңалтуды қажет ететін балалардың тізімін поликлиника жолдайды. Бізде орталықта логопед, психолог, дефектолог, ЛФК маманы, массаж маманы, арттерапия, музыка терапия мамандары жұмыс істейді».

Динара Сүпееваның айтуынша орталықтағы әр маман өз ісінің маманы. Оларды ерекше балаларға көмектессек деген бір ғана ой біріктіреді.

Орталыққа келетін балалар әр маманның жіті қадағалауынан өтеді. Біз логопед маманның бөлмесіне бас сұққанымызда орталықтың логопед маманы Айнұр Берікқызы келушісімен жұмыс жасап жатты. Оңтайлы сәтті пайдаланып, біз де маманды аз-кем әңгімеге тарттық.

Айнұр Берікқызының айтуынша, церебральді сал ауруымен ауыратын баласы бар ата-аналар бұл диагноздан қорықпауы керек.

«Атан-аналарға айтарым, диагноз анықталғанда қорықпау керек. Психологиялық тұрғыдан дұрыс қабылдау керек. Сондықтан ертерек оңалту жұмыстарын бастауы керее дегенді йтар етер едім. Баланы неғұрлым тиісті мамандарға ертерек әкелсе, нәтижесі де жақсы болады. Баламен тұрақты жұмыс жасалса, жақсы нәтижеге жетуге болады», - деді.

Арман балаларды оңалту орталығы күн сайын 35 балаға реабилитациялық көмек көрсетеді. Мұндағы балалардың, олардың ата-аналарының көздерінен ертеңгі күнге деген үміт оты байқалады. Ерекше балаларды қолдауға арналаған орталықтардың барлығы қуантады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар