«Еріктілік» дегеніміз – бұл Ұлттық идея!

Волонтерлік қызмет - бұл еліміздің түрлі бағыттарда дамуына ықпал ететін, сондай-ақ біздің үкімет құруға тырысып жатқан тұрақты және ынтымақты қоғамды құруға көмектесетін маңызды бағыт. Сонымен біз үкіметіміз құруға тырысып жатқан тұрақты және ынтымақты қоғамды құруға көмектесетін маңызды бағыттың өткені мен бүгінін осы мақаламызға тамызық етпекпіз.

1726479556934145.jpg

(Сурет Google іздеу жүйесінен алынды)

КСРО кезіндегі кәмөнестік қызыл идеология салқыны тиген Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты екі томдық мемуалық туындысында малын сабап жатқан адамға қарата айтатын: «патша кезінде жануарлардың құқын қорғайтын қоғам болды. Жануарға тиіссең істі болатын едің»,-деп ескі тәртіпті келекелейтін жолдар бар. Жаңа қоғам құрамыз деген бәлшебектер адамзат қоғамы өмірге әкелген игі құндылықтардың бәрінен бас тартты. Соның бірі – «Еріктілер қоғамы» болды. Оны пионерлер үшін – тимуршылар қозғалысы, комсомолдар үшін - КСРО Осоавиахим Қорғанысқа, авиациялық және химиялық құрылысқа жәрдемдесу қоғамы - 1927-1948 жылдары болған кеңестік қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымы кейін ДОСААФ КСРО (Добровольное общество содействия армии, авиации и флоту СССР) - бүкілодақтық жаппай қорғаныс-патриоттық ұйымдары алмастырды.

Сол себепті, әлемдегі сияқты біздің елімізде де волонтерліктің қарапайым жандарға ешқандай қатысы жоқ, ал өзінің сипаты бойынша филантроптар мен альтруистерге арналған бірлестікке ұқсайды деген пікір әлі де кең таралған. Алайда соңғы жылдары феномен тек Батыста ғана емес, ТМД-да да барған сайын кеңінен өрістей түсуде. Бұл арада біздің айтпағымыз жастар мен түрлі әлеуметтік топтардан шыққандар арасында ерікті болудың сән болуында емес, адамзат біртіндеп әлеуметтік жауапкершілік жүктемесін сезініп, аталған құбылысқа қатысты бұрынғы санада қалыптасқан мәнінің өзгеруінен туындап отырған жайы бар демекпіз. Енді қоғамға көмектесу үшін Барсакелместегі құландарды құтқаруға бүкіл өміріңді арнау міндетті емес - волонтерлік демалыс формасына, қызықты адамдардың арасында уақытыңды мәнді де, сәнді өткізе білудің ең оңтайлы да, тиімді  тәсіліне айналып, жастарымыздың өмір салтына айнала бастады.

Бәрі қалай басталды?

Еріктілер қозғалысының дамуын бағамдау айыип һәм жазып шығудың өзі айтарлықтай қиын – бұрын-соңды тарихта зардап шегушілерге көмек көрсетуге бағытталған барлық әрекеттерді ешкім нақты ресми тіркеген емес. Еріктілер биылғы жылы елімізде орын алған су тасқынынан зардап шеккендерге 1700 тонна гуманитарлық көмек жинады. Жалпы алғанда, 29 мыңнан астам ерікті эвакуацияға қатысып, гуманитарлық көмекті жинап, сұрыптап, халыққа ақпараттық қолдау көрсетті. Сонымен қатар, қоғам мұқтаждықтарына жан аяусыз қызмет ету идеясы адамзаттың саналы тарихында өзінің ізгілікті ісімен тайға басқан таңбадай көзге ұрып тұрады.

Волонтер сөзі француз volontaire сөзінен шыққан, ол өз кезегінде латын voluntarius - «волонтер», «ниет білдіруші» сөзінен бастау алады. XVII-XVIII ғасырлардағы еріктілер деп әскери қызметке өз еркімен баратын адамдарды атаған. Ол кезде онда жалпыға бірдей әскери міндеттілік болмаған, ал соғыс жарияланған кезде еріктілер қызмет етуге бел шеше аттанды.

Еріктіліктің қуатты қозғаушы күші әрдайым дін болып табылады. Олай дейтініміз еріктілер қозғалысының ілкі нышандары ғибадатханаларда пайда болды. Осы орайда еріктіліктің қуатты қозғалысы бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана ұйымдастырылды. Бұл кезде Францияда, Страсбургтің жанында, батыста соғыс қимылдары кезінде қираған фермаларды қалпына келтіру мақсатында алғашқы еріктілер жобасы іске асырыла бастады. Бұл жоба әлемдегі тұңғыш Service Civil International (Халықаралық Азаматтық Көмек) еріктілер қозғалысын өмірге әкелді. Бұл христиан әлеміне тән дәстүрге айналса, бұл ізгілікті үрдістен мұсылман әлемі де ешқашан тыс қалған жоқ.

Мұсылмандық қайырымдылық - көмек көрсету және дамыту жөніндегі халықаралық үкіметтік емес ұйым, оның мақсаты мұқтаж және кембағал топтардың тартқан азабын жеңілдету, сондай-ақ табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға үн қосу болып табылады.

Мұсылмандық қайырымдылық Біріккен Корольдікте 1078488 нөмірімен тіркелген қайырымдылық ұйымы болып саналады. Қайырымдылық ұйымын 1999 жылы  әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның бірі ретінде танылған шейх Мұхаммед Имдад Хусейн Пирзада нәсіліне, дініне немесе жынысына қарамастан бүкіл әлемде кедейлікпен күресу мақсатында құрды.

Сондай-ақ осындай түрдегі көне ұйымдардың бірі Халықаралық Қызыл Крест болып табылады. Қызыл Крест пен SCI-ден кейін British Volunteer Programme (Британдық еріктілер бағдарламасы), US Peace Corps (Бейбітшілік корпусы), Deutsche Entwiklungsdienst сияқты халықаралық еріктілер бірлестіктері пайда болды.

Біз боданында болған Ресейде волонтерлікті дамыту жалпыеуропалық жолмен жүрді. Орыс православ шіркеуінің Ресей қоғамына ықпалы әрқашан айтарлықтай сезілді. Татар көпестері Осман империясы құрамындағы араб елдеріне көмектесу үшін қорлар құрғаны тарихтан белгілі. Осылайша альтруистік сана мұсылман және христиан дінінің ажырамас бөлігі болып табылатыны белгілі. Қазіргі ТМД мемлекеттерінде ежелден осы күнге дейін дініне берік еріктілер ғибадатханада және мешітте Құдайдың құрметіне жұмыс істеу дәстүрі бар.

Революцияға дейінгі Ресейде ұйымдастырылған волонтерлік бастамалардың жарқын мысалы - жас ресейлік зиялы қауымның ағарту және шаруа қожалықтарын революциялық үгіттеу мақсатындағы танымал «халыққа баруы» болып табылады.

Біздің ТМД-лық тарихымыздың кеңестік кезеңі экологиялық еріктіліктің көтерілуімен ерекшеленеді. КСРО-да бірінші жастар табиғатты қорғау ұйымы - В.Н. Тихомиров атындағы табиғатты қорғау жасағы 1960 жылы 13 желтоқсанда құрылды. Жастар қозғалысы өз қызметін аңшылық және балық аулау браконьерлігімен күрес бойынша жедел рейдтерден бастады.

Ерікті бастамалар - Қазақстан үшін өте өзекті тақырып десек артық айтпаймыз. Қазіргі уақытта елімізде волонтерлік қызмет дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазақстандықтарға, әсіресе жас ұрпаққа қоғам игілігі үшін ерікті еңбек әркімге қажет және бүкіл елдің табысты өмірінің бір үзігі болып табылатыны туралы түсінік қалыптаса бастады.

Бүгінгі күні волонтерлік қызмет танымалдылықтың ұшар шыңына көтерліп, белсенді азаматтар бастамашыл топтарға бірігіп немесе жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне атсалысып, қандай да бір көмекке мұқтаж балалар үйлеріне, мамандандырылған медициналық мекемелерге және панасыз бүлдіршіндерге ерікті және өтеусіз көмек көрсетіп келеді.

Волонтерлік күш-жігер әлі күнге дейін үзік-созық сипатта және жүйелі тәсіл, сондай-ақ мемлекеттік реттеу мен ынталандыру тетіктері болмағанына қарамастан, Қазақстан азаматтары елдің қайырымдылық және әлеуметтік өміріне белсене атсалысып, үн қосуда. Бұған спорттық жарыстарды, қайырымдылық марафондарын, ауыр науқасқа шалдыққан балаларды қолдау бағдарламаларын, балалар үйлері мен онкологиялық бөлімшелерде іске асырылатын жобаларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысатын еріктілердің қатары арта түскендігі дәлел. Бәлкім, бұл асардан бастау алған қазақи менталитеттің ерекшеліктеріне байланысты шығар деген ойға қаласың. «Komanda SOS» Еріктілер Үйлестіру Орталығының талдамалық деректеріне ден қояр болсақ, еріктілердің негізгі уәжі әрдайым көмек қолды созуға дайын болуғап деген әдеттегі ізгі ниет болып табылатындығын көрсетіп, әр 10 адамның 9-ы сын сағатта ерікті бола алады.

Бірнеше жыл бұрын қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жастардың волонтерлік ұйымдарын құруды және мемлекеттің белсенді қолдауын көздейді. Қазақстанда еріктілер қозғалысын дамыту бойынша 5 орталық жұмыс істейді.

Билік партиясы «Аманат» жастар қанатының «Жас Отан» өкілдері еріктілер мәртебесін арттыру үшін жақын арада еріктілер туралы заң әзірлеу қажеттігі туралы кезінде мәлімдеген болатын, олардың басым бөлігі - жас қазақстандықтар. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстан халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды, олардың 5,4% -ы жастар ұйымдарының қызметінде тұрақты жұмыс істейді.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар