АЭС құрылысы: Әркімнің пікірі маңызды!

АЭС жайлы тек сол саланың мамандары айтсын деген пікірді мен де құптаймын. Сол үшін бұған дейін осы сала жайлы тек оқығандарым мен шешімдер жайлы ғана жаздым.

1727350257206335.jpeg

(Сурет mtrk.kz сайтынан алынды)

Ал желіде отырып «АЭС-тен мынандай зиян бар, салсақ осындай болады» дейтін АЭС-ке қарсы тараптың да пікірін оқып жүрміз.

Олардың да өз ойлары, ұстанымдары бар, зайырлы елде тұрамыз. Алайда сол кісілерге қарсы уәж айта қалсаң, менің де өз пікірімді айтуға құқығым бар деп қызылкеңірдек болады. Әрине, бар. Бірақ осы деймін де, қоғам ел бостандығын қалайды, сөз бостандығын қалайды, ал энергия бостандығына келгенде ат-тондарын ала қашатыны қызық.

Тек Қызылорда облысында соңғы екі жылда электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады екен. Өңірде ондаған тұрғын үй, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар пайдалануға берілді. Бұл желідегі ток қуатының 23% төмендеуіне әкеліп соқты.

Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен салыстырғанда әлдеқайда артықшылығы бар атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біз айқын пікірді қабылдағымыз келмейді ғой. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып, сыңарезуленеді. Жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұрғанын бұған дейін де жаздым.

Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, «жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды» деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздеріңіз емес пе?! Ал, сол Францияда 56 АЭС бар.

АЭС қоршаған ортаны, еліміздің экологиясын құртады. Сөйтіп, халықтың денсаулығына зиян келеді дейді. Ұйып тұрған, еш экологиялық мәселесі жоқ еліміздің сәнін тек АЭС қана құртқалы тұр екен-мыс. Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келеді. Бұл жағын қарастырдыңыздар ма?

Ержан Жаубай

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар